
Балетте кейбір партиялардың ұрпақтан ұрпаққа берілуі қимыл-қозғалысты үйретумен ғана шектелмейді. Жас әртіс хореографиямен бірге аға буынның сахналық тәжірибесін де бойына сіңіреді. Кідірістің мәнін, көз тастаудың сырын, кейіпкердің жан күйін, кейде тіпті партитураға түсіру мүмкін емес, әрең аңғарылатын ишараның астарын ұғынады.
Адольф Аданның «Жизель» балеті – дәл осындай қойылым.
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың өнер жолында бұл партияның орны ерекше. Ол Жизельді Мариин театрында, Корольдік балет сахнасында және әлемнің өзге де сахналарында сомдаған. Енді жинаған тәжірибесін балериналардың жаңа буынымен бөлісіп жүр.
Қазан айында Шұғыла Әдепхан мен Алина Зырянова романтикалық балет репертуарындағы ең күрделі партиялардың бірін орындауға дайындалды. Екеуі үшін де бұл – жаңа белес. Бір кештің ішінде балерина әуелі опасыздыққа алғаш ұшыраған жас қызды сомдап, кейін өлгеннен соң да сүйе білетін, кешіре алатын тәнсіз елестің кейпіне енуге тиіс.
«Жизельді» неге бір рет үйреніп қою мүмкін емес? Классикалық рөлді сомдағанда өзіндік мәнеріңді қалай табуға болады? Неліктен бұл балетте техникалық шеберлікпен ғана шектелуге болмайды? Бұл сауалдарға Алтынай Асылмұратова мен «Астана Опера» әртістері жауап береді.
– Алтынай Әбдуахимқызы, сіз Жизель партиясын талай рет орындадыңыз. Бұл рөлдің сіз үшін орны неге ерекше?
– «Жизель» – ең ұлы балеттердің бірі. Бәлкім, тұтас бітімі ең келіскен балеттердің бірі де осы шығар. Онда артық ештеңе жоқ. Бұл – романтикалық әрі драмалық балеттің нағыз үлгісі.
Жизель – менің ең сүйікті партияларымның бірі. Мұндай рөлді әр балерина армандайды. Өйткені оны әрдайым өзіңше пайымдап, жаңаша ашуға мүмкіндік бар. Әр әртіс бұл партия арқылы өз үнін таныта алады.
Бірінші бөлімде алдымыздан махаббатқа шын сенетін, жаны таза, аңғал қыз шығады. Ол бар жүрегімен сүйеді, өзін біреу алдап, опасыздық жасауы мүмкін екеніне сенгісі де келмейді. Сондықтан да бірінші бөлім оның есінен адасатын көрінісімен аяқталады.
Екінші бөлімде мүлде басқа Жизельді көреміз. Ол елес қызға – вилисаға айналады. Бірақ өзгелер секілді өзін сатып кеткен адамнан кек алуға ұмтылмайды. Альбертті әлі де сүйеді әрі қорғайды. Оны өлімнен кейін де жетелейтін – махаббат.
Бұл партияға қайта-қайта оралып, өмір бойы шыңдала беруге болады.
– Енді осы рөлді жас балериналарға үйретіп жүрсіз. Мұнда ұстаздық тәжірибе қаншалықты маңызды?
– Өзімнің ұстаздан жолым болды. Ольга Моисеева маған өте көп нәрсе үйретті. Сондықтан қазір жинаған тәжірибемді жас әртістерге бергім келеді.
Мен үшін олардың партияның техникалық жағын меңгерумен ғана шектелмегені маңызды. Осы жұмыстан өздері де ләззат алып, рөлді түсініп, сол сезімді көрерменге жеткізе білсе деймін.
Әр адамның болмысы бөлек. Сондықтан мақсат – жас балеринаға біреудің Жизелін қайталату емес. Осы ұлы хореографияны өзінше сезініп, өз мәнерін табуына көмектесу маңызды.
– Шұғыла, осы рөлді алғаш сомдауға дайындалғанда ең қиыны не болды?
– Жизель – әлемдік хореографиядағы мазмұны терең, сан қырлы әрі драмалық тұрғыдан аса күрделі рөлдердің бірі. Мұнда орындау техникасын жақсы меңгеру жеткіліксіз. Сахнада тұтас бір адам тағдырын бастан кешу керек.
Мен үшін бірінші бөлімдегі ең қиыны – кейіпкердің жан күйіндегі өзгерісті жеткізу.
Әуелде Жизель – жүрегін махаббатқа риясыз ашатын, жаны таза, ақжарқын, аңғал қыз. Кейін оның бар әлемі күйрейді. Әртіс кейіпкерімен бірге терең қасіретті бастан өткеріп, оның есінен адасуына дейінгі өзгерісті нанымды жеткізуге тиіс.
Оның үстіне бұл өзгерісті бір сәтте, күрт көрсетуге болмайды. Кейіпкердің ішкі күйі біртіндеп қалай өзгеретінін көрермен сезінуі керек.
– Ал екінші бөлімде сахнада мүлде басқа күйге ену қажет пе?
– Иә, рөлдің тағы бір қиындығы да осында.
Жизель енді адам емес, ол вилисаға айналған. Көрермен оны тәнсіз елестей қабылдауы керек. Ол үшін қимыл-қозғалыстың сипатын да өзгерту қажет. Сөйте тұра, оның алғашқы бөлімдегі болмысымен байланысы үзілмеуге тиіс.
Оның жүрегіндегі махаббат сөнбеген.
Енді бұл – бәрін кешіретін, сүйгенін аман алып қалатын махаббат. Сондықтан бейненің тылсым болмысын да, Жизель жоғалтпаған адами сезімді де нәзік үйлестіре білу маңызды.
– Осы рөлді өзі сомдаған Алтынай Асылмұратовамен тікелей жұмыс істеудің сіз үшін маңызы қандай?
– Бұл – мен үшін кәсіби тұрғыдан да, тұлға ретінде де бұйырған ерекше сый.
Алтынай Әбдуахимқызы көз тастаудың, қимылдың, кейіпкердің жан күйінің әрбір нәзік иірімін сезінуді үйретеді. Сыртқы қимылдың астарында міндетті түрде ой жатуға тиіс екенін ұғындырады.
Ол дәл қажет тұста бағыт-бағдар беріп, менен жалаң қайталауды талап етпейді. Керісінше, өзіндік мәнерімді табуыма, осы партияда өз болмысымды ашуыма көмектеседі.
Осындай аты аңызға айналған шеберлерден тәлім алып жүргенім – үлкен бақ. Бұл – баға жетпес тәжірибе.
– Эркин, осындай ауқымды қойылымда нәтиже сахнадағы серіктестердің үйлесіміне қаншалықты байланысты?
– Көп нәрсе соған байланысты.
Алина Зырянова екеуіміз бұған дейін де талай бірге биледік. Сондықтан сахнада тез ұғысамыз. Арамызда өзара түсіністік пен сенім бар. Соның арқасында бір-бірімізге қалай икемделуді ойлап көп алаңдамай, бар назарымызды кейіпкерлердің бейнесін ашуға аударамыз.
«Жизельде» бір-біріңмен үндесе әрекет ету аса маңызды. Біз бір хикаяны бірге баяндауға тиіспіз.
Серіктестердің арасында ішкі үндестік болмаса, көрермен оны сезеді.
– Альберт партиясын осыдан екі жыл бұрын орындаған едіңіз. Арада уақыт өтіп, таныс партияға қайта оралғанда әртіс үшін не өзгереді?
– Жаңа сахналық тәжірибе жинақталады.
Сондықтан осы кейіпкерге қайта оралып, оның жаңа қырларын ашып көру маған қызық. Хореографияны бұрыннан білесің, бұл кейіпкердің мінезіне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.
Мен үшін Альберт партиясындағы ең қиыны – кейіпкердің бейнесін ашу.
Техникалық жағын біртіндеп жетілдіруге болады. Ал қойылым бойы кейіпкердің ішкі күйін, сезімін, іс-әрекетінің қисынын жоғалтпау әлдеқайда қиын. Күрделі бір элементті орындап болған соң кейіпкер бейнесінен шығып кетіп, кейін оған қайта енуге болмайды.
Қазір орындау техникасын да, рөлдің драмалық жағын да қатар пысықтап жүрміз. Мақсат – екеуін біртұтас етіп беру.
– Екі ғасырға жуық уақыт бұрын дүниеге келген хикая бүгінгі көрерменге неге әлі де әсер етеді?
– Себебі «Жизельде» бейнеленетін сезімдер өзгерген жоқ деуге болады.
Олар – махаббат, сенім, опасыздық, кешірім, өзге адам үшін өзін құрбан ете білу.
Уақыт өтеді, адамдар да, жағдайлар да өзгереді. Бірақ кейіпкерлердің жан күйі көрерменге түсінікті болып қала береді.
Бұл балеттің әлі күнге дейін көрерменді толғандыратыны да содан болар.
«Астана Операның» жаңа буын әртістері қазан айындағы «Жизельде» бірден бірнеше жаңа партиямен сахнаға шықты. Шұғыла Әдепхан мен Алина Зыряновадан бөлек, Әдемі Жанәбіл Мирта, Ахмет Қабкенов Ганс партияларын дайындады. Ал Әлия Әмірхан қосымша па-де-дедегі партиясын алғаш орындауға әзірленді. Театрдың симфониялық оркестріне Элмар Бөрібаев дирижерлік етті.
Бірақ осы дебюттерді ерекше ететін тағы бір жайт бар.
Классикалық балеттің өміршеңдігі әр жаңа буынның алдыңғысын айна-қатесіз қайталауға тырысуында емес. Оның ғұмыры, керісінше, басқа жолмен жалғасады: әртіс шеберден өнер дәстүрін үйреніп, оның заңдылықтарын меңгереді. Содан соң сол дәстүр аясында өзінің үнін табуға тиіс.
Кезінде Алтынай Асылмұратованың Жизелі Ольга Моисееваның жетекшілігімен дүниеге келген еді. Енді Асылмұратованың өзі жинаған тәжірибесін жас балериналарға беріп келеді.
Екі ғасырға жуық тарихы бар қойылым осылайша әр жолы жаңадан өмір бастайды.