Туризм мен мәдениет тоғысында: «Есік» музей-қорығының жаңа бағыты

Туризм мен мәдениет тоғысында: «Есік» музей-қорығының жаңа бағыты

Кейінгі жылдары туризм дәстүрлі демалыс индустриясының шеңберінен шығып, ел дамуын айқындайтын стратегиялық салалардың біріне айнала бастады. Әлемдік туристік ағым үшін бәсеке күшейген қазіргі кезеңде саяхатшыларға тарихты, ұлттық болмысты және мәдени мұраны терең сезіндіре алатын нысандардың маңызы арта түсті. Осындай кешенді экожүйеде музей-қорықтардың алар орны мен миссиясы айқындала түсуде.

Солардың бірі – жалпыұлттық маңызы бар «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы. Музей-қорықтың бүгінгі даму бағыты, туристік өнім қалыптастыру тәжірибесі және негізгі мәселелері жөнінде біз мекеме директорының міндетін атқарушы Досым Зікіриямен сұхбаттасқан едік.

– Туризм экономика, мәдениет және қауіпсіздік тоғысындағы сала. Осы жүйеде музей-қорықтар қандай рөл атқаруы тиіс?

– Туризм бірден қомақты табыс әкелетін сала емес. Оның нәтижесі көбіне ұзақ мерзімді перспективада көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда музей-қорықтардың басты миссиясы өзгермейді. Ол – тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен сақтауды қамтамасыз ете отырып, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық және туристік қызметті жүйелі түрде жүзеге асыру.

Бүгінде елімізде республикалық мәртебеге ие 12 музей-қорық жұмыс істейді. Алайда олардың басым бөлігі дамыған инфрақұрылымнан және ірі көлік-коммуникациялық тораптардан алшақ орналасқан. Сондықтан музей-қорықтарды тек мәдени нысан ретінде ғана емес, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды фактор ретінде қарастыру қажет.

Тарихи-мәдени мұраны туристік өнімнің ажырамас бөлігі ретінде ұсына білу, оны мазмұнды әрі тартымды форматта көрсету, түрлі бағыттағы бағдарламалар әзірлеу туристер ағынын арттырып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына, соның ішінде бюджет кірісінің өсуіне де оң ықпал етеді.

– «Есік» музей-қорығының бірегейлігі неде? Туристер үшін несімен тартымды?

– «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 1970 жылы әйгілі Алтын адам табылған аумақта, сақ-үйсін дәуірінің обалары шоғырланған тарихи пантеон аймағында орналасқан. Музей-қорық құрамында палеолит дәуірінен орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын бірегей археологиялық нысандар – Рахат қонысы мен ортағасырлық Талғар қалашығы бар.

Осы арқылы музей-қорық оңтүстік-шығыс Жетісу өңірінің тас дәуірінен бастап сақ-үйсін кезеңі, Түрік қағанаты және Ұлы Жібек жолы дәуіріне дейінгі бай тарихи-мәдени мұрасын бір кеңістікте ұсынады. Бұл – келушілер үшін уақыт кеңістігінде саяхат жасап, бірнеше тарихи кезеңнің тынысын қатар сезінуге мүмкіндік беретін сирек формат.

Бүгінде музей-қорық Алматы және Жетісу өңірлерінде ғылыми-археологиялық зерттеулерді тұрақты түрде жүргізіп келеді. 2011 жылдан бері қойылған негізгі мақсаттардың бірі – «Есік» музей-қорығын тек туристік нысан ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу орталығы ретінде дамыту. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы әрі жүйелі түрде жалғасын тауып отыр.

– Қорық аумағындағы қай нысандар қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырады? Шетелдік туристерді не көбірек қызықтырады, қазақстандық туристерді не тартады?

– Алтын адам және сақ-үйсін кезеңіне қатысты мұралар – «Есік» музей-қорығының басты тартылым нүктелері. Қазақстандық, шетелдік келушілер де ең алдымен осы тақырыптар бойынша терең әрі жан-жақты ақпарат алуға ұмтылады.

Мәселен, Түркиядан келген меймандарды Алтын адам, сақ-үйсін және түркі дәуіріне қатысты жәдігерлер мен тарихи деректер көбірек қызықтырса, Қытай мен Кореядан келген қонақтар Ұлы Жібек жолы тақырыбына айрықша мән береді. Ал отандық және шетелдік ғалымдар үшін қола және ерте темір дәуірі, ортағасырлық Қазақстан тарихы, сондай-ақ оңтүстік-шығыс Жетісу өңіріндегі археологиялық ашылымдар мен ортағасырлық қалалар туралы материалдар аса өзекті.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының білім алушылары үшін арнайы әзірленген іс-шаралар мен квест форматындағы бағдарламалар тиімді нәтиже беріп келеді. Жалпы өңірдің экотуризмге қолайлы болуы музей-қорыққа туристік және оқу-танымдық топтардың тұрақты келуіне мүмкіндік жасап отыр.

– Бүгінде жаппай туризмнен мәдени және білім беру туризміне көшу үрдісі жиі айтылып жүр. Осы сұранысқа жауап ретінде қандай форматтарды дамыту қажет деп санайсыз?

– Қазіргі кезеңде музей-қорықтар тек мәдени кеңістік қана емес, сонымен қатар ағартушылық әрі білім беру бағытындағы кешенді орталықтарға айналып келеді. Осы үдеріс аясында «Есік» музей-қорығы Алматы қаласы мен Алматы облысындағы білім беру ұйымдарымен тұрақты әріптестік орнатып, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бағдарламалар мен іс-шаралар өткізуде.

Сонымен қатар цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы интерактивті экскурсиялар, онлайн форматтағы тақырыптық дәрістер мен танымдық контенттер әзірленіп келеді. Бұл тәсілдер тарихи-мәдени мұра туралы білімді тек өңірлік деңгейде ғана емес, еліміздің барлық аймақтарындағы азаматтар үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

– Туристік өнім кәсіби кадрларсыз мүмкін емес. Бүгінде музей-қорық үшін ең алдымен қандай мамандар жетіспейді?

– Кадрлық мәселені жүйелі шешу мақсатында Алматы қаласындағы бірқатар жоғары оқу орындарымен жасалған меморандумдар аясында студенттерді музей-қорық базасында тәжірибеден өткізіп, оқытушылар құрамын музей-қорық қызметінің ерекшеліктерімен тұрақты түрде таныстырып келеміз.

Алдағы кезеңде, нақтырақ айтқанда 2026 жылы, туристік ірі компаниялармен және осы бағытта маман даярлайтын жоғары оқу орындарымен серіктестікті одан әрі нығайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл қадам музей-қорықтың туристік өнімін кәсіби тұрғыда дамытуға және кадрлық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазіргі таңда музей-қорық қызметі үшін аса қажетті мамандар қатарында музейлік маркетинг саласының мамандары, PR-менеджерлер, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарымен және цифрлық технологиялармен жұмыс істей алатын кадрлар ерекше маңызға ие.

– Музей-қорықтарды ірі туристік маршруттар мен кластерлерге енгізу қаншалықты мүмкін?

– Бұл мәселе өте өзекті. Қазір «Әзірет Сұлтан» мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» ірі туристік бағыттардағы музей-қорықтар ретінде қалыптасқан. Алматы және Жетісу облыстары жыл бойы турист тартатын аймақ болып есептеледі, мұнда экотуризм ерекше дамыған. Ойқарағай, Ақбұлақ, Маралсай, Есік көлі, Жасылкөл, Түрген шатқалы бағыттарына барар жолда «Есік» музей-қорығы, «Есік обалары» және ортағасырлық Талғар қалашығы орналасқан. Сол себепті осы маршруттарды дамытуға және «Есік» музей-қорығын туристік соқпаққа толық енгізуге мүдделіміз. Биыл бұл мәселе Алматы облысының туризм басқармасымен талқыланатын болады.

Ол үшін ең алдымен сапалы интернет желісі, келушілерге ыңғайлы инфрақұрылым және табиғат аясындағы кемпинг сервистері қажет. Музей-қорық жанында салынып жатқан «Сапар» орталығы іске қосылғанда, коворкинг ұйымдастырып, музей ісі, ғылыми-зерттеу және туризм бағытында түрлі іс-шараларды өткізу мүмкіндігі туады.

Сонымен қатар музей-қорықтарға ортақ бірыңғай кіру картасын енгізу тарихи-мәдени мұраны насихаттауға және келушілер ағынын арттыруға серпін берер еді. Мұның үлгісі ретінде Түркиядағы «Müze Kart» жобасын айтуға болады.

– Алдағы жылдары музей-қорық үшін басым бағыттар қандай?

– Алдағы жылдары басым бағыт ретінде бірнеше маңызды жобаны атап өтуге болады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен әр музей өз даму жоспарын әзірлеуге кірісті. Сол жоспардағы негізгі бағыттардың бірі – халықаралық Google Art & Culture платформасына қосылу. Бұл мақсатқа жету үшін сапалы цифрлық контент әзірлеу, халықаралық деңгейде танымалдықты арттыру және шетелдік туристерді тарту – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Екіншіден, экспозициялар мен көрмелердің тартымдылығын күшейту маңызды. Ғылыми-зерттеу және білім беру жұмыстары, сондай-ақ туристерге сапалы қызмет көрсету музей беделін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің қатарына жатады.

Үшіншіден, халықаралық байланыстарды кеңейтуге ерекше мән береміз. Бұл тарихи-мәдени мұрамызды әлемге танытып қана қоймай, музейдің ғылыми және кадрлық әлеуетін нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашады.

– Сіздің ойыңызша, мәдени нысандар өз туристік әлеуетін толық ашуы үшін мемлекеттік саясат деңгейінде нені өзгерту қажет?

– Мемлекет мәдениет саласын жүйелі түрде қолдап келеді. Қолда бар деректерге сәйкес, 2025 жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, 251 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022-2025 жылдары сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20% өсіп, 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендия алды. Бұл қолдау алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Дегенмен шешімін күткен мәселелер бар. Қазақстанда республикалық деңгейде 12 музей-қорық жұмыс істейді, олардың әрқайсысы өңірлерде орналасқан. Кей жағдайда жергілікті атқарушы органдар музей-қорыққа Мәдениет және ақпарат министрлігіне бағынышты деген себеппен инфрақұрылым, сервис және маршрутқа енгізу сияқты практикалық мәселелерге жеткілікті назар аудармайды.

Министрлік музей-қорықтарды дамыту арқылы өңірлердің мәдени және туристік әлеуетін көтеруге ықпал етіп отыр. Ендігі міндет – жергілікті билікпен үйлесімді жұмыс істеп, нақты қолдау көрсету, сол арқылы ел мүддесіне қызмет ететін ортақ нәтижені арттыру.

– Егер музей-қорықты елдің әлеммен сөйлесетін «тілі» ретінде елестетсек, ол бүгін шетелдік туристке нақты нені айтып бере алады?

– Егер музей-қорық елдің әлеммен сөйлесетін «тілі» болса, ол шетелдік туристке өнер мен мәдениеттің әмбебап екенін, кейбір құндылықтарға аудармашының қажет еместігін көрсететін еді. Алтын адам және сол дәуірдің жәдігерлері арқылы көне дәуірдегі металлургияның дамуын, темір өңдеуді, алтынды өнер материалы ретінде пайдалануды және зергерліктің биік деңгейін нақты көрсетуге болады.

Сонымен бірге жылқыны алғаш қолға үйретудің әлемдік өркениетке әкелген серпінін ат әбзелдері, ат үстіне ыңғайлы киім, соғысқа бейімделген қару-жарақ, жылқыдан алынатын сусындар мен емдеу тәсілдері, шапшаң әскер құру тәжірибесі, арба дөңгелегі сияқты жаңалықтар арқылы түсіндіріп, далалық мәдениеттің ықпалын кеңінен аша алады.

Түйіні – музей-қорық адамзат мәдениетінің өзара ықпалы арқылы байығанын, осы мұраны бірлесе зерттеп, түсінудің бүгінгі күнде де маңызды екенін шетелдік туристке жеткізе алады.

173
19.01.2026