
Елордадағы «Астана Балет» театрының сахнасында Қазақ ұлттық хореография академиясы білім алушыларының 2025-2026 оқу жылына арналған есеп беру концерті өтті.
Көпшілікке классикалық, заманауи және ұлттық хореографияны тоғыстырған мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Концерт оқу жылын түйіндеп, академия шәкірттерінің дайындық деңгейі мен шығармашылық ізденісін паш етті.
Бағдарламаның бірінші бөлімінде Василий Медведевтің қойылымындағы Рикардо Дригоның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінен сюита сахналанды. Қойылымға әр деңгейде білім алып жүрген шәкірттер қатысты. Сахнада гүлдер мен көбелектер әлемінің көркем бейнесін жасап, жас әртістер орындау шеберлігімен ерекшеленді.
Екінші бөлімде Вольфганг Амадей Моцарт, Николай Римский-Корсаков, Лео Делиб, Петр Чайковский, Арам Хачатурян және өзге де композиторлардың музыкасына қойылған хореографиялық нөмірлер ұсынылды. Бағдарламаға «Аралар», «Grand pas academique», «Аққу көлі» балетінен вариациялар, «Париж жалыны» қойылымынан па-де-де, заманауи хореографиялық қойылымдар, сондай-ақ ұлттық нақыштағы «Бахар сайлиси», «Сағыныш» және Нұрғиса Тілендиевтің музыкасына қойылған «Аққулар» композициялары енді. Кеш Н.Анисимова хореографиясындағы «Гаянэ» балетіндегі көрініспен аяқталды.
Концерттік нөмірлер академия ұстаздарының жетекшілігімен сахналанды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, шеберлігін шыңдаған педагогтердің тынымсыз еңбегі білім алушылардың өнер көрсету деңгейінен айқын көрінді.


