Алғашқы кастингтерден Golden Globes-ке дейін: қазақстандық актриса Шұғыла Ешен халықаралық марапатқа ие болды

Алғашқы кастингтерден Golden Globes-ке дейін: қазақстандық актриса Шұғыла Ешен халықаралық марапатқа ие болды

Он жеті жасында ол көптеген кастингке қатысып, кино әлеміндегі жолын енді ғана бастаған еді. Арада бірнеше жыл өткенде оның есімі Golden Globes Silk Road Tribute Gala халықаралық салтанатында аталды. Қазақстандық актриса Шұғыла Ешен Beacon Award арнайы марапатына ие болған отандық кино өнерінің алғашқы өкілі атанды.

Салтанатты рәсім Ташкентте өтіп, Орталық Азия мен Кавказдың кино саласы өкілдерін бір алаңға жинады. Beacon Award шығармашылық жетістіктерімен көзге түскен, болашағынан үміт күттіретін жаңа буын өнерпаздарына табысталады.

Бұл марапат Шұғыланың өзі үшін де күтпеген жаңалық болды. Ол жүлде туралы салтанатты рәсімге шамамен бір ай қалғанда агентінен естіген. Актрисаның айтуынша, болған жағдайға әлі де сене алар емес.

Шұғыла жеті жыл бойы кәсіби білім алып, қазір Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етеді. Ол «Ғашықпын саған», «Қайтадан», «7 қарақшы» және «SHEKER. Соңғы мүмкіндік» секілді танымал киножобалардағы рөлдері арқылы көрерменге танылды.

Актриса кинодағы алғашқы басты рөлін студент кезінде – режиссер Олжас Нұрбайдың «Соққы» сериалында сомдады. Кейін бұл туынды Seoul International Drama Awards халықаралық сыйлығының қысқа тізіміне енді.

Қазір Шұғыланың шығармашылық өрісі кеңейіп келеді. Ол Қырғызстанда түсірілген фильмге қатысып, Өзбекстаннан шақырту алды. Сондай-ақ екі тілде сахналанатын «Ромео мен Джульетта» қойылымындағы Джульетта рөлін сомдауға дайындалып жүр.

19
27.10.2026