
Астанада вокал өнерінен Нұржамал Үсенбаева атындағы II халықаралық байқау өтіп жатыр. Әр елдің академиялық бағыттағы жас әншілерінің басын қосқан ауқымды өнер жобасы қазан айының басындағы елеулі мәдени шаралардың біріне айналды.
Байқауды елорда әкімдігінің қолдауымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұйымдастырды. Оның басты мақсаты – жас әншілерді қолдау, академиялық орындаушылық өнерді дамыту және жаңа дарындардың үлкен сахнаға жолын ашу.
Іріктеу кезеңіне Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Литва, Қырғызстан және Түркия сынды 11 елден 85 өтінім түсті. Алдын ала іріктеудің нәтижесінде 20-35 жас аралығындағы 30 кәсіби әнші бірінші кезеңге жолдама алды.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі 1 қазанда өтті. Мемлекеттік органдар мен мәдениет саласының өкілдері, белгілі өнер қайраткерлері қатысушылар мен қонақтарға ізгі тілектерін білдірді. Рәсім барысында халықаралық қазылар алқасының мүшелері әлемдік операның классикалық туындыларын орындады. Байқаудың тыңдалымдары мен шеберлік сабақтары елорданың Камералық және Концерт залдарында өтіп жатыр. Қазақстан мен Татарстанның халық артисі Нұржамал Үсенбаева төрағалық ететін қазылар алқасына АҚШ, Франция, Германия, Италия, Ресей, Қытай және Литваның музыканттары, дирижерлері мен солистері енген.
Ақтық кезеңде қатысушылар Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді. Оркестрге Қазақстанның халық артисі Абзал Мұхитдин дирижерлік етеді.
Байқау жеңімпазына 5 млн теңге көлеміндегі бас жүлде табысталады. Сондай-ақ қазақстандық композитордың шығармасын үздік орындаған қатысушыға арнайы ақшалай жүлде тағайындалған.