
Бүгінде этникалық музыка дәстүрлі орындау шеңберінен асып, мәдениеттер тоғысқан жанды кеңістіке айналып отыр. Академиялық мектеп пен халықтық дәстүр сабақтастығынан жаңа буын музыканттары қалыптасуда.
Солардың бірі – Башқұртстаннан шыққан музыкант Арслан Умурзаков. Ол өз шығармашылығында курай мен саксофонды, дәстүр мен заманауи музыкалық тілді табиғи сабақтастықта ұштастырып жүрген өнер иесі. Оның «Аспан мен жердің тынысы» бағдарламасы аясындағы өнер көрсетуі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Қурайдан аспап жасап, Флера Сүлейманованың репертуарындағы «Әниемә» әнін орындауы жұртшылыққа айрықша әсер сыйлады. Бұл шығарма – 1958 жылы Шәмші Қалдаяқов жазған әйгілі «Ана туралы жыр» әнінің татарша нұсқасы. Арсланның осы орындауы халықтар арасындағы мәдени жақындық пен рухани үндестіктің айқын белгісіндей.
Qazaq Culture басылымына берген сұхбатында Арслан Умурзаков курайдың табиғаты, әртүрлі аспаптардың өзара үйлесімі және дәстүрдің заманауи музыкалық кеңістікте қалай жаңаша тыныс алып жатқаны туралы әңгімеледі.
– Сіз курай тарту дәстүрі ертеден сақталып келе жатқан әулетте өскен екенсіз. Осы аспапты таңдауыңызға да сол әсер етті?
– Менің жағдайымда курайға деген сүйіспеншілік шынында да қанмен берілгендей. Оның үстіне бұл мұра маған екі жақтан да – анам жағынан да, әкем жағынан да дарыған. Ата-анам кәсіби музыкант болмаса да, екі әулетте де курайшылық дәстүр болған. Анам жағынан арғы атам Фуат Салтыков белгілі курайшы болған, оның орындауындағы жазбалар бүгінде Башқұртстан Республикасының алтын қорында сақтаулы. Әкем жағынан атам Ражап Магафуров та курай тартқан. Қазір бұл дәстүрді ағам Ласын Магафуров жалғастырып жүр. Ағам музыкамен кәсіби түрде айналысады әрі осы аспапта ойнауды үйретеді. Сондықтан курай бала күнімнен біздің отбасылық ортамыздың ажырамас бөлігіне айналды.
Алғашқы сабақтарды мен туған ауылым – Әбзелілов ауданындағы Асқаровода Ильхам Шакировтан алдым. Ол – менің тұңғыш ұстазым. Кейін Роберт Юлдашевтің шақыруымен Уфада оқуымды жалғастырдым. Ол кісі бүгінге дейін менің тәлімгерім болып келеді.
Жалпы, музыкадағы жолымның басталғанына шамамен 25 жыл болды, соның 18 жылы кәсіби өнермен тығыз байланысты. Бәлкім, бәрінің қарапайым ғана отбасылық оқиғадан басталуында бір символика бар шығар. Анам фельдшер болып жұмыс істеп жүрген кезінде Ильхам Шакировқа көмектескен екен. Соған ризашылығын білдіріп, ол ағамды өзіне шәкірт болуға шақырады. Сөйтіп, біздің үйге курай келді. Дәл сол кезде менің де бұл аспапқа деген қызығушылығым оянып, оны қолыма қайта-қайта алып, үнін шығаруға тырысатынмын. Менің өнердегі жолым, міне, осылай басталды.
– Сіз сахнада курай жасап көрсеттіңіз. Бұл аспап қалай жасалады, қалай жұмыс істейді?
– Шын мәнінде, курайды өсімдіктің өзінен жасап шығару идеясы жаңа емес. Даңқты курайшы Юмабай Исанбаев 1925 жылы Францияда мұны алғаш рет үлкен сахнада көрсеткен. Оның өнері көрерменге айрықша әсер қалдырған. Тіпті аңызға бергісіз әңгімелердің бірінде залдағы әйел көрермендердің бірі қолындағы жүзігін шешіп, оған сыйға тартқаны айтылады. Біз үшін бұл жай ғана әдемі хикая емес, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан үлкен дәстүрдің бір бөлшегі.
Алайда бұл үдеріс сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның астарында өте нәзік әрі күрделі шеберлік жатыр. Нағыз курай жасау сырттай қарағанда оңай болып көрінгенімен, іс жүзінде мүлде олай емес. Ең алдымен лайықты өсімдікті табу керек. Ал бұл өз алдына оңай шаруа емес, өйткені мұнда өсетін жері де, оны жинайтын уақыты да, материалдың сапасы да шешуші мәнге ие. Одан кейін өсімдікті мұқият жеткізіп, арнайы дайындау қажет. Тек содан соң ғана жұмыстың ең жауапты кезеңі басталады. Бұл тұста көп нәрсе курайшының өзіне – оның тәжірибесіне, есту қабілетіне, аспапты терең тануына және оның табиғатын түсінуіне байланысты.
Курай – табиғатпен етене байланысқан тірі аспап. Сондықтан оны жасау тек қолөнер машығын ғана емес, сонымен бірге айрықша ықыласты, сабырды және дәстүрге деген құрметті талап етеді.
– Сіз 1958 жылы Шәмші Қалдаяқов жазған «Ана туралы жыр» композициясының татарша нұсқасын орындадыңыз. Неліктен дәл осы шығарманы таңдадыңыз?
– Бұл шығарма менің репертуарыма кездейсоқ енген жоқ. Мен саксофон мен курайда ойнайтын «Бишбармак» оркестрінің солисімін. Оркестр құрамында менімен бірге виртуоз курайшы Мурат Жанизаков өнер көрсетеді. Айтпақшы, оның қазақы тамыры бар. Бірде гастроль кезінде ол дәл осы әуенді орындап, оны қазақ әні ретінде таныстырды. Сол сәттен бастап мен де бұл туындыны дәл солай қабылдай бастадым. Бұл шығарма түрлі түркі халықтарына бірдей жақын әрі түсінікті. Оны тек қазақтар ғана емес, башқұрттар мен татарлар да жақсы біледі әрі сүйіп тыңдайды.
Сахнаға шығар алдында мен дирижерден бұл ән оркестрге таныс па, көрермен оны біле ме деп нақтылап сұрадым. Бұл мен үшін маңызды болды, өйткені орындауымның зал жүрегінен орын тауып, тыңдарманға әсерлі жеткенін қаладым.
– Курайдың үні нәзік, камералық сипатқа ие. Осындай аспаппен оркестр құрамында қалай жұмыс істейсіз? Жалпы, өзіңізге қайсысы жақынырақ – курай ма, әлде саксофон ба?
– Курайдың тембрі, расында да, өте өзгеше. Үні нәзік әрі камералық сипатта болғанымен, оның мүмкіндігі кең, әртүрлі қырынан ашыла алады және сан алуан музыкалық бағыттармен табиғи үйлесім табады. Ол лирикалық шығармалармен де, қанық, тіпті рокқа жақын әуездермен де жарасымды үндесе алады. Сондықтан оркестрмен жұмыс барысында ең маңыздысы – оның тембрлік табиғатын дәл сезініп, жалпы музыкалық кеңістікке орнымен енгізе білу.
Ал жеке қабылдауыма келсек, маған, әрине, курай жақынырақ. Бұл – менің төл аспабым. Дегенмен саксофонда ойнауды үйрену кәсіби тұрғыдан зор мүмкіндік берді. Ол маған курайды да, жалпы музыканы да жаңаша естуге жол ашты. Соған қарамастан, ашығын айтсам, курайда ойнау саксофонға қарағанда әлдеқайда күрделі. Өйткені бұл аспаптың табиғатында өте нәзік әрі терең техника жатыр.
– Сіз қай қалалар мен елдерде өнер көрсеттіңіз? Өз еліңізден тыс жерде дәстүрлі музыканы қабылдау қалай өзгереді?
– Көбіне, әрине, Ресейдің әртүрлі қалаларында өнер көрсетемін. Сонымен қатар Мьянмада, Оманда, Бахрейнде, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қытайда, Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Астана мен Ақтөбеде де өнер көрсету бақыты бұйырды. Әр елде біз жай ғана концерт беріп қоймай, көрермен жүрегінде әсер қалдыруға, тыңдарманды өзіміздің музыкалық дәстүрімізбен жақын таныстыруға тырысамыз.
Әсіресе, маған «Русские сезоны» жобасы аясында Оман мен Бахрейнде өткен концерттер ерекше есте қалды. Сол сапарларда мен Н. П. Осипов атындағы Орыс халық оркестрімен бірге өнер көрсеттім. Концерттермен қатар шеберлік сабақтарын өткізіп, өз аспаптарымыз туралы әңгімеледік. Көрерменнің ықыласы өте шынайы әрі қызу болды. Көпшілік үшін курайдың үні тосын жаңалықтай әсер етті, тіпті оны өздері үшін сатып алуға ниет білдіргендер де болды.
Жалпы, дәстүрлі музыкаға деген қызығушылық өз еліңнен тыс жерде көбіне өте шынайы байқалады. Адамдарды мұндай аспаптардың тосын тембрі, үнінің тереңдігі ерекше тартады.
Ақтөбедегі концертке келсек, ол этникалық сарындар мен авторлық музыкалық тілді ұштастырған Роза Загидуллинаның неоклассика жанрындағы бағдарламасы болды. Бізді Қазақстанға шақыруға қараша айында Удмурт Республикасының Мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге орындаған өнеріміздің бейнежазбасы себеп болды. Сол концертте біз композиторлар Roza Fa мен Amal Kerimovтің фортепиано мен курайға арналған «Нурлы» шығармасын орындаған едік. Бұл бейнежазбаны Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Дина Ниязова көріп, бізді Қазақстанда өнер көрсетуге шақырды.
Осы концертке арнайы Роза Загидуллинаның авторлық неоклассикасын және кураймен өрілген башқұрт этноүндестігін тоғыстырған бағдарлама дайындалды. Бұл бағдарлама туған тарихымызға тағзымға, дәстүрге құрмет пен ризашылық сезіміне арналды. Біз оны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әли Ермекбаевтың жетекшілігімен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының камералық симфониялық оркестрімен бірге орындадық.