Франция мен Қазақстан: жаңа идеологиялық платформаның айнасы болған мәдени ынтымақтастық

Франция мен Қазақстан: жаңа идеологиялық платформаның айнасы болған мәдени ынтымақтастық

Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстар ресми хаттамалық кездесулер шеңберінен шығып, екі елдің ұзақмерзімді стратегиясының маңызды бөлігіне айналып келеді. Бүгінгі жаһандық өзгерістер мен ұлттық болмысқа деген қызығушылықтың артуы жағдайында мәдениет сыртқы саясаттың негізгі құралына айналды. Осы тұрғыдан, 25 қыркүйекте Парижде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Францияның мәдениет министрі Рашида Дати өткізген кездесу жай ғана дипломатиялық шара емес, Қазақстандағы идеологиялық бағыттың терең бетбұрысынан хабар беретін мәнді оқиға болды.

Қазақстан қазіргі даму жолын үш басты құндылыққа сүйеніп айқындап отыр: ұлттық мәдениет, дәстүрдің өміршеңдігі және тарихи-рухани мұраға құрмет. Сондықтан мәдени дипломатия енді тек «жұмсақ күштің» құралы емес, ұлттық мәдени кодты әлемдік кеңістікке орнықтырудың пәрменді тәсіліне айналуда. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақстандық делегацияның Францияға сапары ресми қадамнан гөрі елдің халықаралық беделін өнер мен мәдениет тілі арқылы нығайтуға бағытталған нақты саясаттың көрінісі болды.

Келіссөздер екі елдің де беталысы терең мазмұнды мәдени диалогқа бағытталғанын көрсетті. Тараптар қазіргі ынтымақтастық барысын және алдағы мүмкіндіктерін талқылап, Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Аида Балаева ортақ кино өндірісін, анимация мен балаларға арналған контентті дамытуға ұсыныс жасады. Бұл – тек жаңа форматтарды игеру ғана емес, сол арқылы ұлттық құндылықтарды да дәріптеу ниеті. Қазақ киносы мен анимациясы – жай өнеркәсіп емес, дәстүр мен жаңғыруды ұштастыра отырып, ел бейнесін жаһандық кеңістікке шығаратын құрал.

Министр музей ісі, археология және тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы тәжірибе алмасудың маңызын да ерекше атады:

«Ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, қазақстандық мамандарға Францияның жетекші мәдени орталықтарында тағылымдамалар ұйымдастыруды, сондай-ақ кино өндірісі мен анимация саласында бірлескен жобаларды қолға алуды ұсынамын», – деді ол.

Қазақстандық тарап маман даярлауға баса назар аударды. Дыбыс режиссерінен бастап жарық қоюшыға, сахналық костюм тігіп дайындайтын шеберлерге дейінгі кәсіптер қамтылды. Бұл бағыттың таңдалуы да кездейсоқ емес: цифрлық дәуірде дәстүрлі кәсіптердің сақталуы – салауатты дәстүрді жалғастырудың көрінісі. Мұның астарында еңбекке құрмет, шеберлік пен сабақтастықты сақтау мақсаты жатыр.

Рашида Дати өз кезегінде Қазақстанның мәдени мұраны сақтау ісіндегі еңбегін жоғары бағалап, екі елдің мәдени мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, сапар барысында Аида Балаева ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директор орынбасары Эрнесто Оттонемен кездесіп, «Үстірт: ландшафттар мен аңшылық тұзақтар-араны» атты аралас мұра нысаны бойынша дайындалған құжаттаманы тапсырды. Бұл құжаттың ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығында қаралуы – нысанды Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге жасалған маңызды қадам.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени қарым-қатынастар ауқымды көрмелерден бастап музыкалық концерттерге дейінгі түрлі шаралар арқылы нығайып келеді. Мұндай оқиғалар дипломатиялық байланысты ғана емес, екі елдің ұзақмерзімді қызығушылығын да арттыруға мүмкіндік береді.

Мәселен, 2025 жылғы қыркүйекте Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті. Бұл кеш қазақ музыкасының байлығын әлемдік аудиторияға паш етті.

2024–2025 жылдары Францияда өткен Қазақ мәдениетінің күндері ұлттық өнердің шетелде де ықыласқа бөлене алатынын көрсетті. Лион мен Парижде өткен сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, этникалық сән көрсетілімдері мен қазіргі қазақ режиссерлерінің фильмдері француз жұртшылығын ел мәдениетімен тереңірек таныстырды.

Ал Астана мен Алматыда өткен Француз кинофестивалі керісінше, қазақ көрерменіне Францияның мәдени коды мен дәстүрлі өнерін жақындатты. Бағдарламаға заманауи француз фильмдері, Жаңа толқын классикасы, дәрістер мен шеберлік сабақтары енгізілді. Бұл шығармашылық алмасуды нығайтып, екі ел мәдениетінің өзара ықпалын күшейтті.

Сондай-ақ, Ұлттық музейде ұйымдастырылған француз импрессионистерінің көрмесі зор қызығушылық тудырып, рекордтық көрермен жинады. Бұл – дүниежүзілік мәдени мұраның қазақстандық кеңістікке үйлесімді түрде сіңісетінін көрсеткен жарқын мысал.

Жыл сайын өтетін франкофония апталығы да уақыт өте келе тұрақты мәдени платформаға айналды. Мұнда жаңа бірлескен жобалар дүниеге келіп, олар жекелеген іс-шарадан ұзақмерзімді ынтымақтастықтың бір бөлігіне айналуда.

Қазақстанның музей ісі, археология және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы қадамдары да кәсіби алмасудан шығып, ұлттық бірегейлікті күшейтудің кең ауқымды стратегиясына айналып келеді.

Жалпы алғанда, Қазақстан жаһанданудан бас тартпай, дәстүрі мен мәдениетін әлемдік кеңістікке тең дәрежеде енгізе білетінін дәлелдеп отыр. Франциямен кино, анимация және маман даярлау саласындағы серіктестік тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, алайда қазақстандық мазмұн мен құндылықтар әрқашан басымдыққа ие болып қала береді.

Сөйтіп, А. Балаева мен Р. Дати арасындағы кездесу – жай ғана келісімдер емес, Қазақстанның мәдени дербестігін паш еткен айқын мәлімдеме болды. Бұл – тарихқа құрмет, дәстүрге адалдық және жаңашылдыққа ашықтыққа негізделген жаңа мәдени диалог үлгісі.

219
30.09.2025