
Қазақстанда креативті экономиканы дамыту және елдің туристік әлеуетін ілгерілету бағытында кезекті маңызды қадам жасалды. «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы креативті индустриялардың қолайлы экожүйесін қалыптастыруға және мәдени, шығармашылық бастамалар арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов пен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Газизов қол қойды.
Меморандум креативті индустрияларды, мәдени және оқиғалық туризмді дамыту, отандық креативті өнімдер мен қызметтерді ілгерілету, бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ тәжірибе мен сараптамалық білім алмасу бағытындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті көздейді.
Ынтымақтастық аясында тараптар Креативті туризм нысандарының ұлттық тізілімін қалыптастыру, Қазақстанның креативті оқиғаларының ұлттық күнтізбесін әзірлеу, өңірлік креативті жәрмеңкелер ұйымдастыру, жаңа туристік маршруттар әзірлеу, отандық креативті брендтерді қолдау, Creative Tourism Points желісін құру, қазақстандық жобаларды халықаралық нарықтарда ілгерілету және жыл сайынғы Kazakhstan Creative Tourism Week апталығын өткізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.
Сонымен қатар оқиғалық туризмді дамытуға, креативті индустрия нысандарын ұлттық туристік маршруттарға енгізуге, өңірлердің туристік әлеуеті туралы көптілді цифрлық контент әзірлеуге, экспортқа бағдарланған креативті өнімдерді қолдауға, сондай-ақ отандық өндірушілердің халықаралық көрмелерге, роуд-шоуларға және маркетингтік науқандарға қатысуына ерекше назар аударылады.
«Бүгінде креативті индустриялар мен туризм экономикалық өсудің өзара толықтыратын маңызды қозғаушы күштеріне айналып отыр. Қол қойылған меморандум мәдени мұрамызды, заманауи креативті жобаларды және өңірлік брендтерді халықаралық деңгейде ілгерілету үшін екі ұйымның әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – жаңа туристік тартымдылық нүктелерін қалыптастыру, бәсекеге қабілетті креативті өнімдерді дамыту және Қазақстанды бай мәдени мұрасы мен заманауи креативті экономикасы қалыптасқан мемлекет ретінде әлемге кеңінен таныту», – деді «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов.
Өз кезегінде «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Газизов креативті туризмнің қазіргі туристік индустрияның ең перспективалы бағыттарының біріне айналып келе жатқанын атап өтті.
«Туризм мен креативті индустриялардың әлеуетін біріктіру жаңа бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыруға, өңірлердің тартымдылығын арттыруға және Қазақстанды халықаралық туристік нарықта тиімді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Бұл серіктестік ішкі және келу туризмін дамытуға, сондай-ақ отандық креативті кәсіпкерлерді қолдауға елеулі үлес қосады», – деді ол.
Қол қойылған меморандум креативті туризмді дамытуға, өңірлердің туристік тартымдылығын арттыруға, отандық өндірушілерді қолдауға, мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және Қазақстанның креативті экономикасының заманауи экожүйесін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді бірлескен жобаларды іске асырудың берік негізіне айналады.