«Қазақстан Камератасы» ансамблінің XXVIII концерттік маусымы аяқталды

«Қазақстан Камератасы» ансамблінің XXVIII концерттік маусымы аяқталды

Жамбыл атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның Үлкен залында «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің XXVIII концерттік маусымының жабылу салтанаты өтті.

Маусым орыс композиторы Петр Чайковскийдің 185 жылдығына арналған концертпен қорытындыланды. Ұлы композитор өз шығармашылығында ұлттық болмыс пен еуропалық классикалық дәстүрді үйлестіре білді. Ол әлемге жүрек тебірентер талай туынды сыйлады.

Кеш бағдарламасында композитордың ең танымал камералық-аспаптық шығармалары орындалды. Атап айтсақ, «Вальс-скерцо», «Pezzo capriccioso» және төрт виолончельге арналған «Сентименталь вальс» шығармасы көрерменге ұсынылды.

Бағдарламада «Қымбатты мекен туралы естелік» циклі орындалды. Онда солист ретінде мамандандырылған музыкалық мектептердің дарынды жастары өнер көрсетті. Ансамбль мақсаттарының бірі – музыканттардың жаңа буынын тәрбиелеу. Осы мақсатта «Қазақстан Камератасы» жыл сайын жас музыканттарға қолдау ретінде ондаған абонементтік концерт ұйымдастырады.

Концерт соңында Петр Чайковскийдің ішекті оркестрге арналған серенадасын екі оркестр бірлесе орындады. Бірі – «Қазақстан Камератасы» ансамблінің музыканттары болса, екіншісі – А.Жұбанов атындағы мамандандырылған музыка мектебінің «Giovani Talenti» камералық оркестрінің жас, әрі талантты қатысушылары. Бұл нөмір ансамбль әртістерінің жемісті еңбегінің нәтижесі болды. Ал жас таланттар бұл іс-шарада кәсіби тәжірибе жинап, өздерігің шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.

Бұл кеште өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Жоғары кәсіби деңгейде орындалған өнер кеші тыңдаушылардың жүрегіне жетіп, ерекше әсер сыйлады.

63
27.05.2025