Алматы – Орта Азияның жаңа тартылыс орталығы

Алматы – Орта Азияның жаңа тартылыс орталығы

Соңғы жылдары Алматы тек Қазақстанның емес, күллі Орталық Азияның мәдени жүрегіне айналып келеді. Бұрын қала көбіне таулары, табиғаты мен кеңестік сәулет мұрасымен танылса, бүгінде ол өнер мен театрды, музей мәдениетін сүйетіндердің басын қосатын орталыққа айналып отыр.

Бұл үдерістің ең көзге көрінерлік белгісі – жаңа мәдени мекемелердің ашылуы мен бұрынғыларының жаңаруы.

Жақында ғана өнерсүйер қауым Almaty Museum of Arts заманауи өнер музейінің ашылуын қызу талқылады. 12 қыркүйекте ашылған музейде қазақстандық және шетелдік авторлардың 700-ге жуық туындысы қойылған. Алғашқы көрмелердің қатарында Нұрлан Смағұловтың жеке қорынан «Қонақтар» экспозициясы мен суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективасы бар.

Этномодерн бағытын дамытып жүрген суретші Әйгерім Қарыбаева мұндай ауқымды музейлердің ашылуы мәдениетке серпін беретінін айтады:

«Біз енді ғана қарқын ала бастадық. Музейдің алғашқы он жылы оның қалыптасуына сынақ кезең болады. Бұл суретшілердің де, қолөнершілердің де, жалпы мәдениет қайраткерлерінің де дамуына ықпал етеді. Өнер бизнесіндегі экожүйе жас таланттарға жол ашып, жаңа буынға өзін танытуға ынталандырады», – дейді ол.

Ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да бұл музейдің Алматы өміріне тың серпін беретінін атап өтті:

«Бұл жаңа орталық өнер мен мәдениетті дамытып қана қоймай, оңтүстік астананың туристік әлеуетін күшейтеді. Сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия өнерін халықаралық деңгейге шығаруға зор үлес қосады», – деді министр.

Министр сондай-ақ ел бойынша мәдени нысандарды жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Қазір мұнда заманауи көрмелер, халықаралық жобалар мен интерактивті форматтар өткізіліп, тек алматылықтарды ғана емес, шетелден келген туристерді де тартуда. Жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталуы тиіс.

Өнертанушы Екатерина Резникова Қастеев музейінің 90 жылдық тарихы барын және қорында 26 мыңнан аса экспонат сақталғанын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа өнер музейінің ашылуы – заманауи өнерді қолдаудың маңызды қадамы.

«Осындай мекемелер – мемлекеттің мәдениетке деген көзқарасын айқындайтын көрсеткіш. Almaty Museum of Arts – ел үшін де, қала үшін де тарихи оқиға. Әсем ғимарат, бай экспозиция, әлемдік деңгейдегі авторлар мен өнер классиктерін қатар ұсынуы бұл кеңістікке ерекше қуат береді», – деді ол.

Биыл ұзаққа созылған жөндеуден кейін «Tselinny» заманауи өнер орталығы да қайта ашылды. Ол қазірдің өзінде Қазақстандағы мәдени жаңғырудың символына айналды. Бұл тек көрме алаңы емес, дәстүр мен заманауи өнерді тоғыстыратын диалог алаңы, жас суретшілердің халықаралық деңгейге шығуына жол ашатын орын. Үш күннің ішінде орталыққа 12 мыңнан аса қала тұрғыны келіп, ғимараттың архитектурасы мен тарихына жоғары баға берді.

«Целинный» орталығының директоры Жамиля Нұрғалиева Алматының мәдениеті мен экономикасының өсу кезеңіне куә болғанын айта келе:

«Қоғамның өнерге қызығушылығы артып келеді. Біз тек көрмелермен шектелмейміз. Зерттеу жобаларын дамытып, өңірдің заманауи өнері жайлы сын мақалалар легін қалыптастыруды көздейміз. Бұл маңызды іс, өйткені ұзақ уақыт бойы көркем орта инфрақұрылымның жоқтығынан тасада қалды. Біз Қазақстанның халықаралық арт-картада айқын орын алуын, ал Алматының шығармашылық орталық ретінде нығаюын қалаймыз», – деді ол.

Алматының мәдени өмірі музейлермен ғана шектелмейді. Абай атындағы опера және балет театры, М. Әуезов атындағы қазақ драма театры, тәуелсіз труппалар мен арт-фестивальдер өңірдегі ең ірі қалалардың мәдени күнтізбесімен бәсекелесетін деңгейге жетті.

Қалаға келетін туристер өнермен қатар тарихи-рухани мұраларды да тамашалайды. Алматы маңында көне мавзолейлер, әулие орындар мен археологиялық ескерткіштер орналасқан. Олар қазақ халқының тарихы мен дәстүрін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, Алматының мәдени жаңғырудың алдыңғы шебінде тұруы заңды құбылыс. Ол ежелден елдің зияткерлік әрі шығармашылық орталығы болған. Бүгінде бұл дәстүр жаңа деңгейге көтеріліп, қала аймақтық мәдени хабқа айналып отыр.

Мемлекет мәдениетті стратегиялық ресурс ретінде қарастырады. Ол ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, туризмді дамытудың қозғаушы күшіне айналуда.

Осылайша, Алматы Қазақстан ғана емес, күллі Орталық Азияның мәдени астанасына айналу жолында нық қадам жасауда. Қаладағы музейлер, театрлар, қасиетті орындар мен жаңа арт-хабтар мәдениетті қоғам дамуының басты күші ететін бірегей экожүйе қалыптастыруда.

70
18.09.2025