Qazaq Creative Hub пен Unknownkazak Talks қазақтілді зияткерлік ортаны дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды

Qazaq Creative Hub пен Unknownkazak Talks қазақтілді зияткерлік ортаны дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды

Креативті индустрияларды дамыту қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов пен Диас және Әйгерім Камеридановтар негізін қалаған Unknownkazak Talks жобасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Серіктестік қазақ тіліндегі зияткерлік кездесулерді, мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруға және шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған.

Меморандум аясында Qazaq Creative Hub өнер, ғылым, бизнес және технология өкілдері бас қосатын, өзекті мәселелер талқыланатын және жаңа идеялар қалыптасатын тұрақты алаңға айналады. Бұл бастама қазақтілді зияткерлік ортаны кеңейтіп, креативті индустрия мамандары мен жастардың кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Келісімге қол қойылғаннан кейін Qazaq Creative Hub кеңістігінде Unknownkazak Talks жобасының алғашқы кездесуі өтті. Іс-шараға музыкант Дулат Мұхаметқали (ZaQ), психолог Әсел Жұтаева, суретші Мағира Тілеубердина және ғалым-биоинформатик Ердос Ордабаев қатысып, ұлттық болмыс, шығармашылық еркіндік және заманауи мәдениеттің дамуы туралы ой бөлісті.

Кездесу барысында ұлттық мәдениетті жаңа көркемдік тәсілдер арқылы таныстыру, шығармашылықтың қоғамдағы рөлі және жастарға арналған жаңа мәдени бағыттарды дамыту мәселелері қозғалды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазақтілді шығармашылық кеңістіктің мүмкіндіктерін талқылады.

Unknownkazak жобасы 2018 жылы қазақ тарихы мен мәдениеті туралы материалдар жариялайтын блог ретінде басталып, кейін қазақтілді медиаплатформаға айналды. 2022 жылдан бастап жоба офлайн кездесулер ұйымдастырып келеді. Бүгінде Unknownkazak Talks түрлі сала өкілдерін біріктіретін зияткерлік пікір алмасу алаңы ретінде дамып келеді.

Qazaq Creative Hub пен Unknownkazak Talks арасындағы серіктестік қазақ тіліндегі мазмұнды кездесулердің ауқымын кеңейтіп, талантты жастарды қолдауға және жаңа шығармашылық жобалардың пайда болуына ықпал етеді. Бұл – ұлттық мәдениетті заманауи форматта танытып, креативті индустриялардың дамуына қажетті зияткерлік ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

17
20.10.2026