ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында португал тілінің дүниежүзілік күні

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында португал тілінің дүниежүзілік күні

Іс-шараның мақсаты - шетел тілдері мен шетел әдебиетін оқуға деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ кітапханаға келушілер арасында оқуды насихаттау. Осы күні Португалия Республикасының Елшілігі «Instituto Diplomático» арқылы португал әдебиеті бұрышына қазақ, орыс және португал тілдеріндегі жаңа кітаптарды салтанатты түрде табыстады. Бұл басылымдар португал тілді елдердің мәдениетін, тарихын, дәстүрлерін және қазіргі дамуын көрсетеді. Коллекция Португалия Парламенті ұсынған тарихи, ғылыми-көпшілік, биографиялық кітаптар мен балалар әдебиетін қамтитын 30 жаңа данамен толықтырылды.

"Бұл кітаптар енді кітапхана қорында болады және оқырмандарға португал тілді елдер әдебиетінің үлкен әлеміне енуге мүмкіндік береді, оны жақынырақ және қолжетімді етеді. Португал тілі әлемдегі ең көп таралған бес тілдің қатарына кіреді. Камоэнш, Винисиус де Мораес, Миа Коуту, Луиш Кардозо, Жозе Луандину Виейра, Онджаки және Паулина Чизианэ сияқты авторлардың шығармалары оқырмандарды қуантады деп шын жүректен үміттенеміз", - деп атап өтті Португалия Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал.

Салтанатты шараға Бразилияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Рубем Антонио Корре Барбоза, Португалияның уақытша сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал, Сербия Елшісі Владимир Йовичич, Үндістан, Түркия, Венгрия елшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және шығармашылық зиялы қауымы, студенттер, жоғары оқу орындарының магистранттары және кітапхана оқырмандары қатысты.

Бұл күн кітапхананың мәдени өміріндегі маңызды кезеңге айналып, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және оқырмандардың көкжиегін кеңейтуге ықпал етті.


427
29.05.2024