
"Креативті индустрияларды дамыту қоры" корпоративтік қоры мен Tolqyn Film Fund отандық кино өндірісін қолдауға, креативті жобаларды дамытуға және саланың инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат аясында кино және креативті индустрия саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, инвестициялық қолдау тетіктерін дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу, сондай-ақ сала өкілдеріне бағыт-бағдар беру және қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету көзделген.
Тараптар инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға, отандық жобалардың бәсекеге қабілетін күшейтуге және олардың халықаралық нарыққа шығуына басымдық бермек. Сонымен қатар ынтымақтастық аясында бірлескен жұмыс топтары мен сараптама комиссияларын құру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, сала мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін форумдар, конференциялар, семинарлар және дөңгелек үстелдер өткізу жөнінде келісім жасалды. Аталған меморандум креативті экономиканың дамуына тың серпін беріп, халықаралық серіктестікті тереңдетуге және шығармашылық индустрия өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал етеді.
Ынтымақтастық кино өндірісі, creative-tech, цифрлық контент, медиа және инвестициялық бастамалар бағыттарын қамтиды. Сонымен бірге қазақстандық креативті жобаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге ерекше мән беріледі.