Ғасырлардан жеткен асыл мұра: Қазақстанда көне қолжазбалар қалай сақталады?

Ғасырлардан жеткен асыл мұра: Қазақстанда көне қолжазбалар қалай сақталады?

Халықтың өткені мен рухани мұрасы тек музейлер мен архив сөрелерінде ғана емес, ғасырлар сүзгісінен өтіп бүгінге жеткен көне қолжазбалар мен сирек кітаптардың әр парағында қаттаулы жатыр. Талай дәуірдің тынысын жеткізетін мұндай асыл мұра – ұлттың тарихы мен рухани болмысын, салт-санасы мен мәдени өрісін айшықтайтын баға жетпес қазына. Осындай құнды дүниелерді сақтап қалу үлкен ыждағатты, терең білім мен тынымсыз ізденісті талап етеді. Себебі ұзақ жылдардың әсерінен талай қолжазбаның қағазы тозып, бояуы көмескі тартып, бастапқы қалпы өзгеріске ұшыраған. Бүгінде реставратор мамандар бұл істі қайта жаңғыртып, тозығы жеткен дүниелерге екінші өмір сыйлап келеді. Олар әрбір парақты асқан ұқыптылықпен қалпына келтіріп, көнеден қалған қастерлі мұраны өскелең ұрпаққа жеткізуде тыңбай еңбек етіп келеді.

Елімізде көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау, қалпына келтіру және ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында жүйелі түрде жүргізіледі. Мұнда ел тарихы мен рухани мұрасына қатысты құнды жазба жәдігерлер жинақталған. Осы орайда біз көне қолжазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарының ерекшелігі, сирек мұраларды сақтаудағы заманауи технологиялардың рөлі, реставратор мамандығына тән кәсіби жауапкершілік туралы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының реставрация және консервация бөлімінің басшысы Алма Тастеміровамен әңгімелестік.

– Тарихи мұраны келер ұрпаққа жеткізуде қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау ісінің орны қандай?

– Қолжазбаларды қалпына келтіру мен сақтау жұмысы ұлттық мұраны қайта жаңғыртуда айрықша орын алады. Осындай жүйелі еңбектің арқасында ғасырлар қойнауынан жеткен сирек жазба жәдігерлердің жоғалып кетуіне жол берілмей, олар кейінгі ұрпаққа бүтін күйінде жетеді. Бұл – өткен дәуірлерден қалған рухани қазынаны, тарихи деректер мен мәдени сабақтастықты сақтаудың маңызды тетігі.

Қолжазбалар мен сирек кітаптар – халқымыздың рухани әлемі мен ғылыми танымынан, тұрмыс-тіршілігі мен мәдени өмірінен сыр шертетін байлық. Сондықтан мұндай асыл дүниелерді сақтау үлкен жауапкершілікті, терең білім мен кәсіби шеберлікті талап етеді.

Қазіргі таңда химиялық және физикалық тұрақтандырудың заманауи әдістері арқылы құжаттардың бастапқы қалпын сақтап қана қоймай, қағаздың, сияның және түптеу бөліктерінің әрі қарай бүлінуінің алдын алуға мүмкіндік жасалып отыр.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Мамандар көне мұраларды қалпына келтірумен, оларды ғылыми тұрғыда зерттеу, жүйелеу және көпшілікке таныстыру ісімен айналысады.

– Орталықта қандай қолжазбалар мен сирек кітаптар сақталған?

– Орталық қорында әр дәуірден жеткен қолжазбалар мен сирек басылымдардың мол қоры сақталған. Мұнда баспа кітаптармен қатар, қолмен жазылған көне мұралар да бар.

Ең құнды жәдігерлердің бірі – 1909 жылы Санкт-Петербургте Әлихан Бөкейханның бастамасымен жарық көрген Абай Құнанбайұлы шығармаларының тұңғыш жинағы. Сонымен бірге Кенесары ханға тиесілі Құран кітабының қолжазба нұсқасы сақтаулы тұр.

Шығыс қолжазбаларының сирек үлгілері де жинақталған. Олардың арасында XVI ғасырға жататын «Шарх Викая» қорындағы қолжазбалар, XVII ғасырда жазылған Харавидің ғұлама Ғазалидің «Ихья улум ад-дин» еңбегіне жасаған түсіндірмесі және өзге де бірегей жазба ескерткіштері бар.

Мұндай еңбектердің әрқайсысы халқымыздың рухани, тарихи әрі мәдени болмысынан сыр шертетін құнды жәдігер болғандықтан, оларды қалпына келтіру барысында арнайы кәсіби әдістер қолданылады.

– Көне қолжазбалар орталыққа көбіне қандай күйде түседі және оларды қайта жаңғырту жұмыстары қанша уақытқа созылады?

– Көп жағдайда қолжазбалар орталыққа қатты бүлінген күйде жеткізіледі. Кейбірінің қағазы үгітіліп, бөліктері жоғалған болса, енді бірі дұрыс сақталмай қалады. Кейде кәсіби талапқа сай жүргізілмеген бұрынғы реставрация іздері кездеседі. Мұндай жағдайда қолданылған материалдар уақыт өте келе құжаттың жағдайын одан әрі нашарлатады.

Реставратордың басты мақсаты – қолжазбаның сыртқы келбетін ғана түзету емес, оның түпнұсқалық сипатын сақтап, әрі қарай бүлінуіне жол бермеу. Сондықтан жұмыс алдымен зерттеуден басталады. Мамандар қағаздың құрылымын, қаншалықты деңгейде зақымдалғанын анықтап, қауіпсіз әдістер мен арнайы материалдарды таңдайды.

Қалпына келтіру жұмысы құжатты тазалау, негізін бекіту, жоғалған бөліктерін толықтыру және консервациялау кезеңдерінен тұрады. Жұмыстың күрделілігіне қарай бір қолжазбаны қалпына келтіруге бірнеше аптадан бірнеше айға дейін уақыт кетеді. Мәселен, Абайдың 1909 жылғы кітабын қалпына келтіру шамамен бір жарым айға созылса, Кенесары ханның Құран кітабын реставрациялау жұмысы алты айға жуық уақыт алған.

– Қазіргі таңда қолжазбаларды қалпына келтіру барысында қандай заманауи технологиялар қолданылады?

– Бүгінде реставрация және консервация саласына жаңа технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктері де біртіндеп енгізіліп жатыр. Жасанды интеллект көбіне бастапқы зерттеу кезеңінде қолданылады. Ол құжаттың бүліну деңгейін анықтауға, қажетті желім түрлері мен арнайы материалдарды іріктеуге, ғылыми әдебиеттер мен әдістемелік ақпаратты жылдам іздеуге көмектеседі.

Жаңа технологиялардың көмегімен қағаздың, сияның және түптеу бөліктерінің жай-күйін дәл анықтап, құжатты барынша қауіпсіз тәсілмен қалпына келтіруге мүмкіндік туып отыр.

Дегенмен реставрация жұмысының басым бөлігі әлі де қолмен атқарылады. Өйткені бұл салада асқан дәлдік, мол тәжірибе және әрбір жәдігерге ұқыптылықпен қарау қажет. Сондықтан жасанды интеллект пен заманауи технологиялар мамандардың жұмысын жеңілдеткенімен, реставратордың кәсіби тәжірибесі мен қол еңбегін толық алмастыра алмайды.

– Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбаларды іздеу және елге қайтару бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Бұл бағытта ең алдымен, шетел архивтері, кітапханалары мен музейлерінде сақталған Қазақстан тарихына қатысты құнды жазба мұраларды анықтау мақсатында ғылыми ізденістер жүргізіледі.

Сонымен бірге халықаралық ынтымақтастық аясындағы байланыстар да нығайып келеді. Шетелдік ғылыми және мәдени мекемелермен бірлескен жобалар қолға алынып, зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу бағдарламалары іске асырылып отыр.

Қарқынды жұмыстың атқарылуына мемлекеттік бағдарламалар да серпін береді. Соның бірі – «Архив-2025» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында тарихи құжаттарды іздеу, елге қайтару және цифрлы форматқа көшіру бағытында ауқымды іс жүргізілді.

Салада цифрландыру үдерісінің маңызы айрықша. Қолжазбаның түпнұсқасы шетелде сақталған жағдайда да, оның электронды көшірмесі тарихи мұраны ғылыми айналымға енгізуге, зерттеушілердің пайдалануына және келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.

Қолжазбалар мен сирек кітаптардың сақталуы қалай қамтамасыз етіледі?

– Қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау жұмыстары кешенді түрде жүргізіледі. Орталықта температура, ылғал мен жарық деңгейі – қызметкерлердің тұрақты бақылауында. Арнайы микроклиматтық контейнерлер мен кәсіби жабдықтар пайдаланылады. Профилактикалық консервация шаралары тұрақты түрде жүргізіліп, көне жәдігерлердің табиғи қалпын сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – цифрландыру. Реставрациядан өткен қолжазбалар мен сирек кітаптардың электронды көшірмелері жасалып, соның арқасында зерттеушілер мен оқырмандар қажетті материалдармен түпнұсқаны пайдаланбай-ақ жұмыс істей алады.

Ал түпнұсқа жәдігерлер арнайы талаптарға сай жабдықталған ортада орналастырылып, олардың ұзақ жылдар бойы табиғи қалпын жоғалтпауына жағдай жасалады.

Реставрация саласының дамуы мен білікті мамандарды даярлауда қандай түйткілдер өзекті болып отыр?

– Тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесі қоғам арасында маңызын жоғалтқан жоқ. Сәйкесінше, кейінгі жылдары реставратор мамандығына қызығушылық артып келеді. Десе де, бұл салада мамандар даярлау ісін әлі де жетілдіру қажет.

Қазір елімізде базалық білім беру бағдарламалары Ұлттық кітапхана мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы жанында жүзеге асырылып келеді. Дегенмен тәжірибелі мамандарды даярлау мен жас реставраторлардың кәсіби машығын шыңдау мәселесі өзекті болып отыр.

Саладағы маңызды міндеттердің бірі – мамандардың білімі мен кәсіби машығын үнемі жетілдіру. Өйткені жаңа технологиялар және реставрациялық материалдармен жұмыс барысында мамандар әлемдік тәжірибеден хабардар болуы қажет. Реставратор – ғасырлардан жеткен рухани мұраның қайта жаңғыруына жан бітіретін маман. Сондықтан олардың әр іске ұқыппен қарауы және жауапкершілік арқалай білуі аса маңызды.

275
20.05.2026