Креативті индустрияларды дамыту қоры MBC медиахолдингімен ынтымақтастықты нығайтуда

Креативті индустрияларды дамыту қоры MBC медиахолдингімен ынтымақтастықты нығайтуда

Корея Республикасына жұмыс сапары аясында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов Оңтүстік Кореяның жетекші медиакомпанияларының бірі MBC (Munhwa Broadcasting Corporation) Президенті әрі Бас директоры Ан Хён Джунмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар креативті индустриялар, медиаконтент өндірісі, цифрлық трансформация, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ бірлескен телевизиялық және цифрлық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Сонымен қатар кәсіби тәжірибе алмасу, кадрлық әлеуетті дамыту және халықаралық серіктестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бүгінде креативті индустриялар мәдениет пен шығармашылықты ғана емес, мемлекеттердің экономикалық өсімі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды салалардың біріне айналды. Осы бағытта Корея Республикасы әлемдік көшбасшылардың қатарында болса, MBC (Munhwa Broadcasting Corporation) Азиядағы жетекші қоғамдық медиакомпаниялардың бірі ретінде танылған.

1961 жылы құрылған MBC бүгінде телевизиялық хабар тарату, цифрлық платформалар және бірегей медиаконтент өндіру бағыттарын табысты дамытып отырған Кореядағы ең ірі медиахолдингтердің бірі саналады. Компанияның құрамында елдегі ең ірі телестудиялық кешендердің бірі – Dream Center жұмыс істейді. MBC өндіретін контент әлемнің 50-ден астам еліне таралып, K-Content индустриясының халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Ондаған жылдар ішінде MBC әлемдік аудиторияға танылған көптеген телевизиялық жобалар мен телехикаяларды дүниеге әкелді. Соның ішінде «Dae Jang Geum» («Сарай жауһары») тарихи драмасы 90-нан астам елде көрсетіліп, корей мәдени контентінің жаһандық жетістігінің жарқын символына айналды.

Кездесу MBC компаниясының зияткерлік меншікке (IP) негізделген жаһандық экожүйені дамыту және халықаралық нарықтағы қатысуын кеңейту стратегиясын белсенді жүзеге асырып жатқан кезеңде өтті. Бүгінде медиахолдинг цифрлық платформаларды дамытуға, жаңа контент форматтарын әзірлеуге, медиаөндіріс үдерістеріне жасанды интеллект технологияларын енгізуге және заманауи креативті инфрақұрылымды қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

Кездесу барысында Қордың Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов халықаралық әріптестікті дамыту Қордың стратегиялық қызметінің маңызды бағыты екенін айтып, жетекші халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың өзектілігін жеткізді.

«Бүгінде креативті индустриялар мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналды. Қазақстан үшін әлемнің үздік тәжірибелерін зерделеп қана қоймай, халықаралық жетекші компаниялармен ұзақ мерзімді серіктестік орнату аса маңызды. MBC компаниясының халықаралық сұранысқа ие контент өндірудегі, зияткерлік меншікті дамытудағы және цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесі біз үшін ерекше құнды. Бұл ынтымақтастық бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстанның креативті әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін», – деді Ерлан Каналимов.

Өз кезегінде MBC Президенті Ан Хён Джун компанияның Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтіп, медиаконтент өндіру, кәсіби тәжірибе алмасу және креативті индустриялар саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар медиаконтент өндірісі, заманауи технологияларды енгізу, кадрлық әлеуетті дамыту және креативті индустриялар саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылық білдірді.

214
15.07.2026