«Астана Балет» XIV театр маусымын «Қос кілем» қойылымымен ашты

«Астана Балет» XIV театр маусымын «Қос кілем» қойылымымен ашты

«Астана Балет» театры XIV театр маусымын әзербайжан халқының Ширван кілемі туралы көне аңызының желісі бойынша қойылған «Екі кілем» спектаклімен ашты. Қойылым жаңа маусымның алғашқы спектаклі болды. 5 қыркүйекте бағдарламаны «Blind Forgiveness» рок-балеті жалғастырады. Ал жақын арада театр ұжымы Австрияға гастрольдік сапармен барып, онда аталған екі қойылымды да көрермен назарына ұсынады.

«Екі кілем» спектаклінде дәстүрлі кілем тоқу өнері драмалық баяндаудың бір бөлігіне айналып, ою-өрнек символдық мәнге ие болады: сызықтар мен өрнектер адам тағдырларының, сезімдері мен бастан өткерген сынақтарының жадын сақтайды.

Қойылымның өзегінде жастық шақта басталып, соғыс, айырылысу мен қасіреттен өткен махаббат хикаясы жатыр. Араға жылдар мен қашықтық түссе де, кейіпкерлер бір-бірімен байланысын сақтап, қайта қауышуға деген үмітке ие болады. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы қойылым махаббат, жады, адалдық және адамның ең қиын жағдайлардың өзінде үмітін сақтай білуі тақырыптарына назар аударады.

Қойылымның либреттосын Валерий Копейкин жазды. Режиссер әрі хореограф Александр Могилёв көне аңызды заманауи сахналық кеңістікке бейімдеп, классикалық пластиканы заманауи хореографиялық тілмен үйлестірді. Би кейіпкерлердің мінез-құлқын ашып көрсету мен драмалық әрекетті дамытудағы негізгі құралдардың біріне айналады.

XIV маусымның келесі спектаклі — театр 5 қыркүйекте ұсынатын «Blind Forgiveness» рок-балеті. Қойылымда заманауи хореография, әсерлі драматургия және рок-музыканың қуатты энергиясы тоғысқан.

Астанадағы көрсетілімдерден кейін театр халықаралық гастрольдік қызметін жалғастырады. Австрияда шетелдік көрермендерге «Екі кілем» және «Blind Forgiveness» спектакльдері ұсынылады.

242
03.09.2026