Ұлттық өнерден озық технологияларға дейін: Шымкент креаторлары 5 млн теңгенің өнімін сатты

Ұлттық өнерден озық технологияларға дейін: Шымкент креаторлары 5 млн теңгенің өнімін сатты

24–25 қазанда Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq жобасы аясында Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті. Екі күнде жәрмеңкеге 3 500 елорда тұрғыны мен қонағы келіп, қатысушылардың жалпы сауда айналымы 5 млн теңгеге жетті.

Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырған жәрмеңке Республика күніне орай өткізілді. Елорда жұртшылығы Шымкенттің мәдени мұрасымен, қолөнер шеберлерінің туындыларымен, дизайнерлік топтамаларымен және технологиялық жаңалықтарымен танысты.

Бағдарламаға қолөнершілер, дизайнерлер, өнер ұжымдары, анимация мамандары мен жаңа технологияларды әзірлеушілер қатысты.

Шымкенттің өнері мен мәдениеті

Жәрмеңкенің ашылуында «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетіп, көрермендерге оңтүстік өңірдің әндері мен ұлттық әуендерін ұсынды.

Мәдени бағдарламаның басты оқиғаларының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы. Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған қойылым арқылы көрермендер Шымкенттің өнері мен мәдени өміріне қанықты.

«САҚ» киностудиясы отандық анимация туындыларын таныстырды. Көрермендер назарына «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» анимациялық сериалдары мен «Ахмет» мультфильмі ұсынылды.

Мәдени бағдарламаны сән көрсетілімдері жалғастырды. Шымкенттік дизайнерлер ұлттық нақышты заманауи үлгілермен ұштастырған киім топтамаларын көрсетті.

Ұлттық қолөнер мен авторлық бұйымдар

Жәрмеңкеде ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, кілемдер, керамика, сондай-ақ киізден, былғарыдан және ағаштан жасалған қолөнер бұйымдары сатылымға қойылды.

Келушілер шеберлермен жүздесіп, бұйымдардың жасалу ерекшеліктерін білді. Ұнаған дүниелерін сатып алып, шымкенттік кәсіпкерлердің өнімдерімен жақыннан танысты.

Шеберлік сабақтарында ұлттық әшекейлер жасау, киіз басу және құрақ көрпе құрау тәсілдері үйретілді. Қатысушылар дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, шеберлердің жұмысын тамашалады.

Жәрмеңке шымкенттік кәсіпкерлерге тауарларын елорда нарығында таныстыруға, сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуға және тұтынушылардың талғамын білуге мүмкіндік берді.

Шымкенттің технологиялық жаңалықтары

Жәрмеңкеде Alaqan, Qalam AI және QazTracker жобалары да таныстырылды.

Alaqan – алақандағы қан тамырларының орналасу ерекшелігі арқылы төлем жасауға арналған биометриялық жүйе.

Qalam AI – қолжазбаны тануға және жазылған мәтінді цифрлық нұсқаға көшіруге жасанды интеллект қолданатын технология.

QazTracker – ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруге және олардың қозғалысын бақылауға арналған цифрлық шешім.

Бұл жаңалықтар Шымкентте қолөнер мен дизайннан бөлек, цифрлық технологиялар саласында да тың жобалар қолға алынғанын көрсетті.

Екі күнде 3 500 келуші және 5 млн теңге сауда айналымы

Жәрмеңкені екі күн ішінде 3 500 адам аралап, қатысушылардың жалпы сауда айналымы 5 млн теңгені құрады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары шымкенттік шеберлердің бұйымдарын сатып алып, жергілікті брендтермен танысты. Кәсіпкерлер жаңа тұтынушылар тауып, болашақ серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңке нәтижесі өңірлерде өндірілетін авторлық өнімдерге сұраныс бар екенін және креаторлар үшін тұрақты сауда алаңдарын қалыптастырудың маңызын көрсетті.

Creative Aimaq – өңірлік креаторларды қолдау жобасы

Creative Aimaq жобасын Креативті индустрияларды дамыту қоры өңірлік кәсіпкерлерді қолдау, отандық брендтерді таныту және олардың өнімдерін жаңа нарықтарға шығару мақсатында жүзеге асырып келеді.

Шымкент жәрмеңкесінде ұлттық қолөнер, заманауи сән, театр, анимация және технологиялық жаңалықтар қатар таныстырылды. Бұл оңтүстік өңірдегі шығармашылық кәсіпкерліктің сан қырын көрсетуге мүмкіндік берді.

52
26.10.2026