
Оңтүстік Кореяның Kandis K-pop тобы 9 тамызда Comic Con Astana фестивалінде өнер көрсетеді. Іс-шараның қорытынды күні топ мүшелерінің жанкүйерлермен кездесуі және қолтаңба беру рәсімі өтеді.
Kandis қазақстандық көрермендерге Корея Республикасының атынан қатысқан Silk Way Star халықаралық телевизиялық вокал байқауынан кейін кеңінен танылды. Топтың ерекше ықыласқа бөленген өнер көрсетулерінің бірі – Orda тобының корей тілінде орындалған «Кеш мені» әні. Осы туынды Kandis тобына байқау кезеңдерінің бірінде жеңіс әкеліп, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
Жоба аясында ұжым Мархаба Сәбидің «Dem Alam» әнін қазақ тілінде жаңаша орындап ұсынды.
Kandis заманауи K-pop музыкасын 1990 жылдардағы R&B және хип-хоп элементтерімен үйлестіретін өзіндік бағыт қалыптастырып келеді. Топ қуатты вокалымен және әсерлі жанды өнер көрсетуімен ерекшеленеді.
Comic Con Astana 6–9 тамыз аралығында Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтеді. Бағдарламада актерлермен, суретшілермен және контент авторларымен кездесулер, музыкалық топтардың өнер көрсетуі, тақырыптық алаңдар мен халықаралық косплей байқауы бар.