Жақында "Астана Опера" солисі Әлихан Зейнолла Флоренциядағы Театре дель Маджио Музыкале Фьорентинода (Teatro del Maggio) тағылымдамадан өтті. Негізгі пәндер курсы түрлі жастар бағдарламаларын жүзеге асыратын Маджио Музыкале академиясында итальян театрында оқылды.
Академия директоры Джанни Тангуччи 2023 жылдың жазында Флоренцияда өткен сәтті тыңдаудан кейін қазақстандық вокалистің талантын байқап, оған оқуды ұсынды.
«Маған Astana Opera халықаралық академиясында үйренген тілімді тәжірибеде қолдануға бірегей мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, мен итальяндық баритон, вокалдан педагог Винченцо Спатола, Джанни Тангуччи, Россини, Доницетти, Моцарт партияларына маманданған буффондық баритон Бруно де Симоне сияқты түрлі танымал опера әншілерімен шеберлік сыныбынан өттім. Концертмейстерлермен және коучтармен вокал техникасын шыңдадым. Маған өте танымал пианист Джулио Дзаппамен жұмыс істеу бақыты бұйырды – ол Бергамо қаласындағы Доницетти театрының көркемдік жетекшісі. Біз көптеген партияларды, арияларды, романстарды талдадық, итальян операларының стилі бойынша еңбектендік. Сондай-ақ, мен итальяндық әртістердің репетицияларына қатысып, олардың жұмыс процесіне еніп, актерлік және вокалдық шеберліктің барлық нюанстарын сіңіруге тырыстым, режиссерлер мен дирижерлердің солистерден не талап ететінін көрдім. Менің ойымша, бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды. Astana Opera халықаралық опера академиясындағы педагогым А.Гусевтен үлкен шығармашылық қолдау алатынымды атап өткім келеді», - деді Әлихан Зейнолла.
Жас болғанына қарамастан, "Астана Опера" солисі халықаралық опера сахнасында сұранысқа ие болып келеді. Осы жылдың тамыз айында Әлихан Зейнолланың Тосканада 4 концерттік қойылымы жоспарланған. Сондай-ақ әртіс Пезаро қаласындағы (Италия) Россини опера фестиваліне қатысады, ол әлемдегі ең беделді алаңдардың бірі болып табылады және оған қазіргі заманның атақты әншілері түсуді мәртебе санайды. Сондай-ақ, А. Зейнолла Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» спектакліндегі граф Альмавива партиясын З. Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында орындауға дайындалуда. Әншінің жоспарында осы жылдың қазан айында Флоренциядағы дель Маджио Музыкалле театрында Дж. Россинидің «Золушка» спектаклінде өнер көрсету де бар.
«Мен үшін танымал спектакльде басты партияны орындауды ұсынғаны үлкен тосынсый болды. Демек, біздің қазақстандық вокалдық дайындығымыз еуропалық опера мектебінен кем емес. Бірақ «Астана Опера» мен үшін әрқашан бірінші театр болып қала береді, қайда жүрсем де, мен «Астана Операның» солисімін және туған Қазақстанымды таныстырамын деп айтамын», - деп қорытындылады әнші.