Ұлттық қолөнер мектебі алғашқы сабағын бастады: ұлттық мұраны жалғайтын жаңа буын қалыптасуда

Ұлттық қолөнер мектебі алғашқы сабағын бастады: ұлттық мұраны жалғайтын жаңа буын қалыптасуда

Астанада «Креативті индустрияларды дамыту қорының» бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасының алғашқы оқу күні басталды. Еліміздің әр өңірінен іріктелген 208 бала бүгінде ұлттық қолөнердің қыр-сырын кәсіби шеберлерден үйренуге кірісті.

Алғашқы күннен-ақ шеберханаларда ерекше шығармашылық атмосфера қалыптасты. Балалар қыштан бұйым жасап, киіз басу, зергерлік өнер, ағаш және тері өңдеу сияқты дәстүрлі кәсіптердің алғашқы әдіс-тәсілдерін меңгеріп, қолөнердің терең тарихымен танысты. Әр сабақ теория мен тәжірибені ұштастырып, ұлттық өнердің құндылығын жаңа қырынан сезінуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында дәрісті республикалық іріктеуден өткен 10 үздік шебер-тәлімгер жүргізеді. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 331 қолөнерші қатысып, олардың арасынан үздіктері таңдалды. Ал оқу бағдарламасына 450-ден астам өтінім түсіп, нәтижесінде 208 бала тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

27 шілде мен 12 тамыз аралығында қатысушылар зергерлік өнер, киіз басу, керамика, сүйек ою, кілем тоқу, тері және ағаш өңдеу секілді 10 бағыт бойынша тәжірибелік білім алады. Бағдарлама балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға және дәстүрлі қолөнерді заманауи креативті индустриялармен ұштастыруға бағытталған.

«Ұлттық қолөнер мектебі» – ата-бабадан жеткен асыл мұраны келер ұрпаққа жеткізетін маңызды бастама. Бұл жоба арқылы балалар тек қолөнерді меңгеріп қана қоймай, ұлттық мәдениеттің терең мәнін түсініп, оны болашақта жаңа форматта дамытуға алғашқы қадамдарын жасауда.

275
27.07.2026