
«Creative Aimaq» жобасы аясындағы Жетісу облысының креативті жәрмеңкесі ұлттық мұра мен заманауи шығармашылықтың табиғи сабақтастығын айқын көрсетіп, өңір креаторларының тың идеясы мен төл өнерін кең аудиторияға танытты. Екі күн ішінде жәрмеңкеге 5 мың адам келіп, Жетісудан келген 30 креатор өз еңбектерін, өнімдері мен жобаларын ұсынды.
Жетісудың шығармашылық әлемі мұнда сан қырынан көрінді. Ұлттық қолөнердің дәстүрлі үлгілері, заманауи дизайн шешімдері, суретшілердің туындылары, гастрономиялық өнімдер мен технологиялық жобалар бір кеңістікте тоғысты. Әр бұйымнан шеберлік пен ізденіс, әр жобадан өңірдің өзіндік болмысы мен жаңашылдыққа деген ұмтылысы аңғарылды.
Жәрмеңкенің нәтижесі нақты экономикалық көрсеткіштерден де көрінді. Екі күнде креаторлардың тікелей сатылымы 16 млн теңгеге жетті. Оның ішінде Жетісу суретшілерінің картиналары 9 млн 975 мың теңгеге сатылып, қолөнер бұйымдарының саудасы 3 млн теңгеден асты.
Алайда жәрмеңкенің берері тікелей сатылыммен ғана шектелген жоқ. Дизайнер Зере Есенбаймен сахналық киімдердің дизайнын әзірлеу және тігу бойынша құны 40 млн теңге болатын келісімшарт жасалды. Осылайша, тікелей сатылым мен жоспарланған келісімшартты қоса есептегенде, Жетісу креаторларының жалпы экономикалық нәтижесі 56 млн теңгеге жетті.
Жәрмеңкенің мазмұнын өнер мен мәдениетке арналған бағдарлама толықтыра түсті. М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы әуезді шығармалар жәрмеңке кеңістігіне ұлттық өнердің сырлы сазын әкелді. Осылайша, сауда мен шығармашылық қатар өріліп, жәрмеңке креативті индустрияның экономикалық қана емес, мәдени әлеуетін де көрсетті.
Жетісу креаторларының бұл нәтижесі ұлттық мұраны сақтаудың жаңа жолдары қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Бүгінгі шебердің қолындағы дәстүрлі өнер ертеңгі нарықтың сұранысына бейімделіп, жаңа өнімге, жаңа серіктестікке және жаңа мүмкіндікке айнала алады.
«Creative Aimaq» – өңірлердің шығармашылық әлеуетін бір кеңістікке тоғыстырып қана қоймай, ұлттық құндылықты заманауи мазмұнмен жаңғыртып, креаторлардың еңбегін нақты экономикалық нәтижеге ұластыратын алаң. Жетісудың 56 млн теңгелік көрсеткіші – шығармашылықтың нарықпен үндесіп, өнердің жаңа мүмкіндіктерге жол аша бастағанының айқын көрінісі.