Ясауи кесенесі: Жәдігерлер сыры мен музей шежіресі

Ясауи кесенесі: Жәдігерлер сыры мен музей шежіресі

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының құрылғанына жарты ғасырға жуық уақыт болды. Жыл сайын миллионнан астам турист келетін бұл киелі мекен қазақ халқының рухани, тарихи және сәулет мұрасын сақтаған маңызды орталыққа айналды. Алайда кесенені музейге айналдырған Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт руханияты жолындағы жанкешті еңбегін бүгінгі ұрпақ қаншалықты біледі? Осы тақырыпта жарты ғасырға жуық ғұмырын музей ісіне арнаған мәдениет қайраткері, музей ардагері, музейтанушы ғалым Рахия Сүлейменқызы Жүзбаевамен әңгімелестік.

– Рахия Сүлейменқызы, музей қабырғасындағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Осыдан 48 жыл бұрын. 1978 жылы Алматы қаласындағы Шет тілдер институтының неміс тілі пәні мұғалімдерін даярлайтын факультетін бітіріп, туған қалам Түркістанға оралдым. Маусым, шілде айлары бойы қалалық білім бөліміне күн сайын барып, бүкіл мектептің табалдырығын тоздырсам да, мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Оқу жылының басталуына да аз уақыт қалған еді.

Сол кезде анам Орынгүл Қалмырзақызы: «Жүр, қызым, қалалық партия комитетіне барайық. Әкең Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Қарапайым жұмысшы отбасының, соғыс ардагерінің қызына қаладағы соншама мектептің бірінен жұмыс табылмағаны қалай? Сұрап көрейік», – деп мені қалалық партия комитетінің ғимаратына ертіп келді.

Бізді мұнда екінші хатшы Ә. Әлимов қабылдап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баруымызды ұсынды. Ол жерде музейлендіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын және сол жұмыстардың басы-қасында мәдениет министрінің орынбасары Ө. Жәнібековтің өзі жүргенін айтты.

Міне, осылайша мен қаламыздың қайталанбас өнер туындысы, ортағасырлық сәулет ескерткіші – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де, осы кесенені бар жан-тәнімен қайта қалпына келтіру, ретке келтіру және музейге айналдыру жұмыстарының басында жүрген Өзағаны алғаш көрдім. Бұл 1978 жылдың тамыз айының 10-11-і күндері болатын.

Содан бастап 30 қыркүйекке дейін, яғни кесене «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи сәулет-ғимараты музейі» болып ашылған күнге дейін, Өзағаны күн сайын жұмыста көріп, тапсырмаларын орындадық. Осы уақыт ішінде білгенімізден білмейтініміздің көп екеніне көзіміз жетіп, ұяла да, таңдана да жүріп үйрендік. Өзағаның тәлім-тәрбиесін алу бақытына ие болдық.

– Өзбекәлі Жәнібековпен бірге жұмыс істеген жылдарыңыздан қандай ерекше оқиғалар есіңізде қалды?

– Өзағамен бірге қызмет атқардым деп айтуға келмес. Мен ол кісінің кесенеде музей ашу жұмыстарын ұйымдастыру барысында екі айға жуық уақыт бойғы қажырлы еңбегінің куәгері болдым десем, шындыққа әлдеқайда жақын. Дегенмен осы аз ғана уақыттың өзінде Өзағаның өз елінің тарихына, мәдениетіне, туған халқының салт-дәстүріне деген шынайы ықыласы мен ізгі ниетін айқын аңғардым.

Өзағаның бойындағы ерекше қасиеттерді сөз еткенде, ең алдымен, оның терең білімін, биік адамгершілігін, қарапайымдылығы мен мейірімділігін атап өтер едім. Өзағаның білімдарлығына тоқталсақ, сонау Кеңес өкіметінің дәурені жүріп тұрған кезеңде шалғайдағы Арқалық қаласында музей ашып, оның алғашқы экспозициясын «Сақтан бүгінгі қазаққа дейін» деген тақырыппен жасақтауы – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Мен мұны ең алдымен үлкен батылдықтың, терең білімнің, ел тарихына деген шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі деп бағалаймын. Өйткені мұндай ауқымды істі қолға алу үшін тарихи таным мен кәсіби біліктілік қана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға деген зор құлшыныс пен азаматтық ұстаным да қажет.

Өзаға адамды ешқашан түр-сипатына, руына, шыққан жеріне немесе жоғары лауазымына қарап бағаламайтын. Кімнің өресі биік, білімге құштар екенін байқаса, сол адамға көмектесуге әрдайым дайын тұратын. Қарапайымдылығына келетін болсақ, біреуге дөрекі сөйлегенін естіген емеспін. Қайта қарапайым жұмысшылармен бірге аяқталмай жатқан жұмыстарға араласып, өзі де жұмыс істей беретінін көрдім. Өмірден өткен соң, басқа шенеуніктер сияқты өзіне және ұрпағына көзге түсетіндей дүние-мүлік жинап қалдырмағанын білдік. Бұл нағыз қарапайымдылық емес пе?!

Өзағамен бірге жұмыс істеген кезден есте қалған ерекше оқиғаларды бөліп-жарып айту қиын. Себебі ол кісінің әрбір әрекеті мен әрбір сөзі ерекше мәнді, мағыналы болатын. Әңгімесін тыңдаған сайын тыңдай бергің келетін. Білмегенімізге ұялсақ та, үйренуден жалықпайтынбыз. Мысалы, әр үйде атқарылатын жіп ширату, кесте тігу, тіпті үй сыпыру сияқты қарапайым жұмыстардың да өзіндік әдіс-тәсілдері бар екенін ол кісінің өз қолымен көрсеткеніне таңғалатынбыз.

– Өзбекәлі Жәнібеков туралы көп айтылып, көп жазылды. Дегенмен өзіңіз куә болған, көпшілікке әлі беймәлім қандай оқиғамен бөлісер едіңіз?

– Өзбекәлі аға Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен музей ашқаннан кейін де музей жұмысынан хабардар болып, тиісті мәселелер бойынша көмегін аямады. 1979 жылы қаламыздағы көне тарихи ескерткіш – Шығыс моншасын сақтап қалу, оны болашақ ұрпаққа жеткізу және насихаттау мақсатында музейге айналдырды. Экспозицияға ХІ ғасырдың әдеби мұрасынан сақталған «Моншаға түсу ережесін» қойып, халқымыздың мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын паш етті. 1980 жылы кесене аумағындағы тағы бір тарихи орын – Жұма мешітін қайта қалпына келтіріп, ол жерде Археологиялық табыстар музейін ашты.

Сонымен қатар көпшілікке беймәлім тағы бір әрекетін атап өткім келеді. Өзбекәлі аға сонау 1980 жылдардың өзінде-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Өзбекстандағы Регистан алаңында көрсетіліп жүрген қазіргі заманғы «видеомэппингке» ұқсас, бұрынғы «светозвуковая панорама» деп аталатын қойылымды ұйымдастыруға талпынған еді. Оның сценарийін дайындатып, жүзеге асыруға қанша әрекеттенгенімен, менің ойымша, қаржылай қолдау таба алмағандықтан, бұл жоба орындалмай қалды.

– Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің музей болып қалыптасу тарихын айтып берсеңіз.

– Музейдің жәдігерсіз болмайтыны белгілі. 1978 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Әмір Темір дәуірінен сақталған ортағасырлық қолөнер туындыларының бірнешеуі ғана болған. 1977 жылы кесене негізінде музей ашу туралы Жоғарғы Кеңестің шешімі шыға салысымен, Өзбекәлі аға тиісті мамандарға тарихи мұраларды, тұрмыс-салт дәстүріне қатысты бұйымдарды, Қожа Ахмет Ясауидің іліміне байланысты көне кітаптарды жинақтауды тапсырды. Өзі де Алматы қаласындағы Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейінің қорында сақталған, кезінде кесенеден алып кеткен бірнеше этнографиялық жәдігерді қайтарып әкелді.

Экспозиция құру жұмысына келетін болсақ, 1978 жылы Өзаға кесененің бірінші қабатындағы алты үлкен залға алты түрлі тақырып бойынша тақырыптық-экспозициялық жоспар дайындаған болатын. Бұл өте күрделі жұмыс еді. Былайша айтқанда, алты үлкен музей ашқанмен бірдей еңбек деуге болатын. «Бұл алты залға жеке-жеке кіру билеттерін сатуды да ұйымдастыруға болады», – деп өзі де бізге ескертіп айтқан болатын.

– Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті сияқты ауқымды халықаралық шаралар Түркістанда өтті. Мұндай маңызды іс-шараларға музей ұжымы қалай дайындалады?

– Қасиетті де киелі қаламыз Түркістан қайта түлеп, күллі түркі жұртының рухани орталығына айналып отыр. Екі жүз жылдай уақыт бойы Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанда халықаралық деңгейдегі осындай ауқымды шаралардың өтуі де заңдылық деп білемін.

Музей ұжымының негізгі міндеті – халыққа ғылыми негізделген мәдени ақпарат беру. Халықаралық шаралар қарсаңында музей қызметкерлері уақытпен санаспай, бар білімін, күш-жігерін жұмсап, экспозицияларды қайта қарау, толықтыру және жаңарту жұмыстарымен айналысады.

Бұл жұмыстардың ең жауапты тұсы – алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтарды заттай мұралармен таныстыра отырып, нақты әрі ғылыми деректерге негізделген ақпаратты дұрыс жеткізе білу деп ойлаймын.

– «Дінмұхамед Қонаевқа үш рет экскурсия жүргіздім» деген естелігіңіз бар. Сондай-ақ бірнеше мемлекет басшысына тарихи кесене туралы мәлімет бергенсіз. Сол кездесулердің атмосферасы қандай еді?

– Иә, кеңес дәуірінде бірнеше шетелдік мемлекет басшылары мен кеңестік республикалардың коммунистік партияларының Орталық комитеттерінің бірінші хатшыларына экскурсия жүргіздім. Айырмашылығы – ол кезде музейге келген халық топталып тұрып, басшылармен сәлемдесіп, сұрақтар қойып, емін-еркін сөйлесе алатын.

Қазіргі кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар. Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар ғой. Уақыт бір орында тұрмайды, заман талабына сай өзгерістер де болады. Бүгін бірінші кезектегі мәселе – қауіпсіздік шараларын жоғары деңгейде қамтамасыз ету, өңірдегі тыныштық пен тәртіпті сақтау. Сондықтан бұл бағыттағы талаптар күшейтілген.

Экскурсия жүргізушілеріне келетін болсақ, олар да белгілі бір стандарттарға сай болуы, бірнеше шет тілін меңгеруі және терең тарихи білімге ие болуы шарт.

– Кесенедегі тарихи жәдігерлерді музей экспозициясына орналастыру мен жабдықтау жұмыстары қалай жүргізілді?

– Бүгінде музей-қорық қорында 26 мыңнан астам жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған. Олардың 70 пайызға жуығы – түпнұсқа жәдігерлер. Мемлекеттік тіркеуге алу, біріншіден, жәдігерлердің болашақ ұрпаққа сақталып жетуін және бүлінбеуін қамтамасыз етеді. Музей тәжірибесінде түпнұсқа жәдігерлерді мүмкіндігінше экспозицияға сирек шығару қажет. Сондықтан аса құнды жәдігерлердің көшірмелерін жасату – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.

– Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қасиетті жәдігерлердің бірі – қабіржапқышқа қатысты түрлі әңгімелер бар. Осы жәдігердің тарихы мен музейге келу жолы туралы не білесіз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, Өзбекәлі Жәнібеков Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей қорынан кезінде кесенеден алынып кеткен бірнеше этнографиялық жәдігерді қайтарып әкелген болатын. Сол жәдігерлердің арасында қабіржапқыш та бар еді. Алғашында оның тарихи құндылығын нақты біле қоймадық. Уақыт өте келе мамандардың қатысуымен қабіржапқыштың XIV–XV ғасырларға жататын қайталанбас қолөнер туындысы екендігі анықталды.

2010 жылдары қабіржапқыштың Орталық мемлекеттік музей қорына қандай жағдайда түскенін және оған қатысты басқа да мәліметтерді жинақтау мақсатында арнайы іссапармен аталған музейге бардым. Мұрағат құжаттарын қарап отырып, 1926 жылы бұл жәдігердің 25 рубльге сатып алынғаны туралы актіні таптым. Өкінішке қарай, құжатта сатушының аты-жөні көрсетілмеген екен.

Қазіргі кезде бұл құнды жәдігердің сақталу жағдайы өте нашар. Бөлшектеніп, үлбіреп, үгітіліп бара жатқан қабіржапқышты болашақта тұтас негіздік матаға бекітіп, сақталуын қамтамасыз ету шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар жасалып отыр.

– Тайқазанның Түркістанға қайтарылуы – музей тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Сіз де осы тарихи істің куәгері әрі қатысушысы болдыңыз. Тайқазанды елге қайтару жұмыстары қалай жүзеге асты?

– Тайқазанның дер кезінде өз орнына қайтарылуын еліміздің береке-бірлігі мен ырыс-несібесінің нышаны деп түсінуіміз керек. Оны қайтаруда бір ғана адамның еңбегі бар деу де дұрыс емес деп ойлаймын. Біріншіден, Тайқазанның елге оралуы – халықтың тілегі мен ниет-ықыласының нәтижесі. Екіншіден, осы істің бастамашысы Өзағаң болғандығына еш күмән болмауы керек.

Рас, тапсырманы орындаушылар болды, яғни Тайқазанды Эрмитаждан алып қайтқан азаматтардың да есімдері тарихта қалды. Дегенмен 1987-1988 жылдардан бастап мемлекеттік деңгейде хаттар жазып, іссапарлар ұйымдастырып, осы мәселені шешуге күш салған Өзағаң екенін бүгінде нақты дәлелдермен айта аламыз.

Тіпті менің өзім де 1988 жылдың тамыз айында сол кездегі Ленинград қаласындағы Эрмитажға барып, музей директоры Б. Пиотровскийдің қабылдауында болдым. Сұраныс хатыма ол Тайқазанды қайтаруға қарсы еместігі туралы бұрыштама жазып, қолын да қойған болатын.

307
20.10.2026