Астанада алғаш рет IMUSICU ашық микрофоны өтті

Астанада алғаш рет IMUSICU ашық микрофоны өтті

Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында IMUSICU жобасы аясындағы алғашқы ашық микрофон кеші ұйымдастырылды. Бұған дейін Алматы қаласында өткен жоба енді алғаш рет елорда тұрғындары мен қонақтарына жол тартты. Қазақстандық джаз әншісі Назияның бастамасымен және Qazaq Creative қолдауымен өткен музыкалық кеш сахнада өнер көрсетуді армандайтын жандарды бір алаңға тоғыстырды.

Кеш барысында қатысушылар жанды сүйемелдеумен немесе минус фонограмма арқылы өздерінің сүйікті әндерін орындап, шығармашылық мүмкіндіктерін көрермен назарына ұсынды. IMUSICU – өнерге құштар жастардың сахна тәжірибесін жинақтап, жаңа аудиториямен байланыс орнатуына мүмкіндік беретін шығармашылық алаң.

Жоба авторы Назияның айтуынша, IMUSICU идеясы оның әншілік және ұстаздық қызметімен қатар қоғамдық бастамаларға үлес қосуға деген ниетінен туған. Ол қоғамға пайдасын тигізіп, сонымен бірге ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту өзіне ерекше мотивация сыйлайтынын атап өтті.

Астанада өткен алғашқы кеш ұйымдастырушылардың көңілінен шыққан. Назия елордалықтардың жаңашыл бастамаларды жылы қабылдап, өздерінің дарындары мен шығармашылық қабілеттерін көрсете білгенін айтты. Оның сөзінше, Астанадағы алғашқы IMUSICU кеші есте қаларлық ерекше оқиғаға айналды.

Жоба тек белгілі бір музыкалық бағытпен шектелмейді. Дегенмен, Назия қазақтың халық музыкасы мен джаздың табиғаты бір-біріне жақын екенін атап өтті. Оның пікірінше, екі бағытты біріктіретін ортақ қасиет – импровизация мен еркіндік рухы. Бүгінде Satzhan Project, Saz and Soul, JCS, Magic of Nomads секілді ұжымдар мен өзінің шығармашылығы қазақ әндерін джаз аранжировкалары арқылы жаңа қырынан танытуға болатынын дәлелдеп келеді. Соған қарамастан, IMUSICU алаңы кез келген музыкалық жанрға ашық. Ұйым үшін ең маңызды құндылық – орындаушының шынайылығы мен еркін шығармашылығы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, IMUSICU өзін музыкалық лейбл немесе агенттік ретінде емес, ең алдымен жас орындаушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіретін шығармашылық орта ретінде қалыптастыруды көздейді. Мұнда әрбір қатысушы сахнада өнер көрсету тәжірибесін жинақтап, өзімен пікірлес шығармашыл жандармен танысып, жаңа шығармашылық байланыстар орната алады.

Алдағы уақытта жоба өз жұмысын тұрақты түрде жалғастырып, елорданың шығармашылық өміріне жаңа серпін беруді мақсат етеді. IMUSICU ашық микрофоны жас таланттардың өнерін шыңдап, тәжірибе алмасуына және шығармашылық қауымдастықтың қалыптасуына ықпал ететін маңызды мәдени алаңдардың біріне айналуды көздейді.

Осындай шығармашылық бастамаларды қолдау Qazaq Creative Hub қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Хабтың мақсаты – креативті индустрия өкілдерін біріктіретін, жаңа идеялардың жүзеге асуына жағдай жасайтын және жас таланттардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ететін ашық әрі қолайлы орта қалыптастыру.

227
23.07.2026