«Камерата Қазақстан» ансамблінің Франциядағы концерті аншлагпен өтті

«Камерата Қазақстан» ансамблінің Франциядағы концерті аншлагпен өтті


Музыканттар тыңдаушыларды Абай Құнанбаевтың, Құрманғазы Сағырбаевтың, Владимир Стригоцкий-Пактың, Алмас Серкебаевтың, Хибабулла Сетековтің және тағы басқалардың шығармаларымен таныстырды. Париждік көпшілік өнерпаздардың орындаушылық деңгейін жоғары бағалап, музыкалық шеберлігіне және техникалық дайындығына тәнті болды.

«Француз жұртшылығының қызығушылығын тудырып үлгерген концерт аясында скрипкашы-виртуоз Гаухар Мырзабекованың жетекшілігімен «Камерата Қазақстан» мемлекеттік ансамблін Парижде қарсы алуға қуаныштымыз. Профессор Мырзабекова ханымның әлемдік беделі кеңінен танымал және біз оның құрған көрнекті ансамбліне, оның талантты музыканттарына, бай репертуарына, сондай-ақ Алматыдағы беделді фестивальдеріне және ол ұйымдастыратын басқа да есте қаларлық оқиғаларына таңдай қағамыз. Концерт Париждің Ботаникалық бағының кураторымен және Париж мэриясымен серіктестікте ұйымдастырылған. Ол Қазақстанның Франциядағы Елшілігі ұйымдастырған «Қазақстандық күз» мәдени маусымының бөлігі болып табылады. Camerata Kazakhstan-ның Парижге келуі елдеріміздің мәдени және көркемдік жақындасуының берік нышаны болып табылады, музыка мен өнер арқылы байланысымызды нығайтады», - деді концертті ұйымдастырушы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Франциядағы Достық елшісі - Малгожата Туар.

Багатель Ботаникалық бағының 10 жылдық мерейтойына орай Бас ботаникалық бақтың эксперименттік коллекциялық учаскелерінде өсірілген Қазақстан өсімдіктерінің үлгілері берілді. Бұл дәстүр Ботаника және фитоинтродукция институты мен Францияның ботаникалық мекемелері арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.

«Камерата Қазақстан» классикалық музыка мемлекеттік ансамблінің сапары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Франциядағы Елшілігінің қолдауының арқасында мүмкін болды.


350
18.10.2024