Алматыда Омран Шейхмустың «Наурыз бояулары» атты жеке көрмесі ашылды

Алматыда Омран Шейхмустың «Наурыз бояулары» атты жеке көрмесі ашылды

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Омран Шейхмустың «Наурыз бояулары» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозицияда суретшінің 60-тан астам кескіндеме туындысы ұсынылған.

Омран Шейхмус 1967 жылы Сирияның Амуда қаласында дүниеге келген. Дамаскіде білім алғаннан кейін Алматыда оқуын жалғастырып, 1993 жылы политехникалық институтты мұнайшы-инженер мамандығы бойынша тәмамдаған. Техникалық салада кәсіби жолын жалғастырғанына қарамастан, суретші шығармашылыққа адалдығын сақтап, өзіндік қолтаңбасы айқын дара стиль қалыптастырды.

Оның шығармаларында абстрактілі экспрессионизм мен фигуративтік кескіндеме элементтері үйлесім тапқан. Суретші пастозды техниканы кеңінен қолданып, туындыларына ерекше фактура мен эмоциялық тереңдік береді. Жұмыстарының елеулі бөлігі рухани ізденіс, ішкі үйлесім және дүниені философиялық тұрғыдан пайымдау тақырыптарына арналған.

Экспозицияда сопылық дәстүрден шабыт алған туындылар топтамасы ерекше орын алады. Даналық иелері мен жұмбақ әйел бейнелері арқылы автор жарық, ой тереңдігі және адамның ішкі жан дүниесін тану тақырыптарын ашады.

Омран Шейхмустың шығармашылығы заманауи көркем ойлауымен, эмоциялық тереңдігімен және пластикалық шешімдерінің өзіндік ерекшелігімен дараланады.

Көрме 2026 жылғы 29 наурызға дейін жалғасады.

24
10.03.2026