
Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq жобасы аясында өткен Creative Talks ашық пікірталас алаңында туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен креативті индустриялардың бұл саладағы рөлі жан-жақты талқыланды. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысынан келген креаторлар мен жәрмеңке қонақтары қатысты.
Пікірталасқа Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, travel-блогер Айзада Рахымжанова, туризм саласының сарапшысы, инфлюенсер Жансая Менилбаева, продюсер Ерғұлан Жанпейісов және «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының туристік өнімдер мен сервисті дамыту департаментінің директоры Ольга Абельдинова спикер ретінде қатысты.
Кездесу барысында сарапшылар өңірлердің туристік әлеуетін арттырудың тиімді жолдары, әлеуметтік желілердің туризмді дамытудағы ықпалы және креативті контент арқылы Қазақстанның табиғаты мен мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мәселелеріне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер – турист тартудың ең тиімді құралдарының бірі. Әрбір азамат туған өлкесінің табиғаты мен тарихи орындарын сапалы контент арқылы таныстырып, өңір туризмінің дамуына өз үлесін қоса алады.
Сонымен қатар спикерлер тұрақты туризм мәдениетін қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Табиғат аясына шыққан әрбір адам қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, өз қоқысын жинап кетуі, табиғатты ластамауы – экологияны сақтауға және туристік бағыттардың тартымдылығын арттыруға қосылатын маңызды үлес екені айтылды.
Іс-шара соңында қатысушылар туризмді дамыту – мемлекет пен туристік ұйымдардың ғана емес, креаторлардың, блогерлердің және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі деген пікірге тоқталды.