Ұлттық музейде өзбек кестелеу өнеріне арналған көрме ашылды

Ұлттық музейде өзбек кестелеу өнеріне арналған көрме ашылды

Ұлттық музейде «Мұрадағы өрнектер: Өзбекстанның кесте және тігін дәстүрлеріне саяхат» атты халықаралық көрме ашылды.

«Біз Өзбекстанның бес үлкен музейінен 122 экспонат әкелдік. Дайындық бір жылға созылды. 30-дан астам өнер туындысы қалпына келтірілді. Көрме Әзербайжанның Баку қаласында, Гейдар Әлиев орталығында, сондай-ақ президентіміздің сапары аясында Парижде де сәтті өтті. Әрбір бұйым тарихи құндылықты білдіреді. Мысалы, Бұхар әмірі үшін тігілген шапандар. Мұндай шапандар тек Бұхарада ғана жасалған», – деді Өзбекстанның Мәдени мұра объектілерін және өнер туындыларын қалпына келтіру ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бобирмирзо Саёмов.


Экспозицияда Өзбекстанның 6 жетекші музейі қорынан 122 бірегей қолөнер туындысы ұсынылды:

- Өзбекстанның Қолданбалы өнер мемлекеттік музейі;
- Тимуридтер тарихының мемлекеттік музейі;
- Самарқанд мемлекеттік музей-қорығы;
- Өзбекстан мемлекеттік өнер музейі;
- И.В. Савицкий атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік өнер музейі;
- Бұхара мемлекеттік музей-қорығы.

«Алтын кестелеу өнерімен тек ер адамдар ғана айналысқан. Бұл өте күрделі технология. Өнер, әдетте, әкеден балаға мұра болып беріліп отырған. Ол сарайда үлкен сұранысқа ие болды, өйткені қолөнердің негізгі материалы әртүрлі үнді, иран, бұхарлық қымбат жіптер еді. Оларды «калебатун» деп атаған және олар шынымен де алтын мен күмістен жасалған», – деп атап өтті көрменің кураторы, өнертанушы Зафара Әлиева.

Көрмеге XIX-XX ғғ. тиесілі алтын жіппен кестеленген ұлттық киім үлгілері, зергерлік бұйымдар, дәстүрлі аяқ киім мен аксессуарлардың бірегей үлгілері қойылды.
Бұл өнер туындылары – қолдан жасалған жауһарлар ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияның мәдени мұрасын бейнелейтін терең символизмнің көрінісі.

«Акварельді өрнектерден ежелгі қасиетті таңбаларды, кресттерді оңай байқауға болады. Жұмақ жемістерінің, сондай-ақ Өзбекстанда да, Қазақстанда да белгілі Ұмай құдайының мүйізді бейнелері көрінеді. Түркі мәдениеті бізді біріктіреді. Мүйізді өрнектер, қазақ халқымен бірдей амандық-саулықтың белгісі саналады. Икаттар қымбат маталар, оларды да күрделі технология мен физикалық жүктемеге байланысты тек ер адамдар ғана бояйды. Жібек өсірумен әйелдер айналысады, бірақ жіптерді де, әдетте, ер адамдар шешеді», – деп қосты Зафара Әлиева.

Әрбір панно жібектен, барқыттан немесе мақта матасынан тігілген ерекше қабырға кілемін көрсетеді. Қазақстанға Ташкент, Жызақ, Самарқанд, Шахрисабз, Нұрата және Бұхарадан әкелінген сюзанелердің үлгілері әкелінді. Өрнектер алуан түрлі, бірақ ең басымы – гүлдер мен жұлдыздар.

«Бұл көрменің бірегейлігі – Өзбекстанның жетекші музейлерінің баға жетпес жәдігерлерімен танысуға мүмкіндік беруінде. Осындай маңызды шараны ұйымдастырған әріптестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Мұндай іс-шаралар мәдени байланыстарды нығайтып, халықтар арасындағы достықты тереңдетуге зор үлес қосады», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

Көрме кеңістігін Қарақалпақстаннан, Самарқандтан, Бұхарадан және Ташкенттен әкелінген зергерлік бұйымдармен безендірілген витриналар да көркейтті. Алтыннан, күмістен және көгілдір тастан жасалған ежелгі шеберлердің туындылары ұсынылған. Өнердің мемлекеттік мұражайының коллекциясынан алынған Хорезмнің әсем асыл тастары – сырғалар, самайлық «ғаджак», самайлық-маңдайлық «бодом-ой», кеудеге тағатын «Калит-боги» алқасы ерекше таң қалдырады, олар қалыңдықтың үйлену тойындағы әшекейі болған.

Астанадағы экспозициямен қатар Алматыда да көрме ашылды. Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мемлекеттік мұражайында Қазақстан мен Өзбекстан мәдениеттері арасындағы көпірге айналған суретші Орал Таңсықбаевтың жұмыстары ұсынылды.

«Іс-шара Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналды. Экспозицияда 70-тен астам картина ұсынылған. Олардың арасында Өзбекстан коллекциясынан да, Қастеев атындағы мұражайдың қорынан да туындылар бар екені қызық. Көрмеге арнайы француз реставраторларын тарта отырып, 40-тан астам полотно қалпына келтірілді. Сонымен қатар, 4 тілде: өзбек, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ғылыми каталог жарық көрді. Болашақта біз Орал Таңсықбаевтың көрмесін Ташкентте өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Өзбекстанның Мәдени мұра объектілерін және өнер туындыларын қалпына келтіру ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бобирмирзо Саёмов.

Екі көрме де Орталық Азияның халықтары үшін ортақ көктемгі Наурыз мерекесі қарсаңында ашылды. Олар мәдени дәстүрлердің көрінісі ғана емес, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты нығайтудағы маңызды қадам болды.

648
26.03.2025