World Designers Fashion Week Astana 2026 аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

World Designers Fashion Week Astana 2026 аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Қазан айында Астана әлемнің 40 елінен сән дизайнерлерін бір алаңға жинайды. Елордада халықаралық World Designers Fashion Week Astana 2026 сән апталығы өтеді. Ауқымды жоба сән индустриясының жаңа есімдерін таныстырып қана қоймай, қазақстандық дизайнерлердің халықаралық кәсіби ортаға шығуына мүмкіндік бермек.

Іс-шараға дайындық аясында бүгін World Designers Fashion Week Astana 2026 жобасының бастамашысы әрі креативті директоры Гаухар Женисбекпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сән апталығының бағдарламасында отандық дизайнерлерге арналған арнайы білім беру бағыты да бар. Екі шеберлік сабағын өткізу жоспарланып отыр. Әр сабаққа 100-ге жуық қатысушы қатысады.

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі - дизайнерлік сөмкелер мен аксессуарлар жасауға арналған теріні өңдеу және илеу технологиялары. Сонымен қатар дәстүрлі қолөнердің заманауи сәнмен сабақтастығына басымдық беріледі.

Ұлттық қолөнерді жаңа дизайн шешімдерімен ұштастыру арқылы қазақстандық мәдени кодты заманауи fashion тілімен танытуға жол ашылады. Бұл өз кезегінде жергілікті дизайнерлердің өнімін жаңа аудиторияға ұсынып, халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтеді.

World Designers Fashion Week Astana 2026 аясында 40 елден 65 дизайнердің қатысуы жоспарлануда. Халықаралық сән апталығы тәжірибе алмасу, жаңа кәсіби байланыстар орнату және қазақстандық fashion-брендтердің экспорттық әлеуетін арттыру үшін маңызды алаң болмақ.

Жоба Қазақстандағы сән индустриясының дамуына серпін беріп, отандық дизайнерлердің халықаралық деңгейдегі жаңа серіктестік пен шығармашылық мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етеді.

12
20.08.2026