Жаңа толқын объективіндегі Қазақстан: Креативті индустрияның жаңа кеңістігі жайлы Бауыржан Садумен сұхбат

Жаңа толқын объективіндегі Қазақстан: Креативті индустрияның жаңа кеңістігі жайлы Бауыржан Садумен сұхбат

Қазақстандық визуалды өнер бүгінде ел шекарасынан асып, шетелдік аудиторияның да назарын аударып отыр. Бейнебаяндар, жарнамалық жобалар мен авторлық видеолар режиссерлер үшін жаңа ізденіс алаңына, кадрдың құрылымы, жарықтың шешімі, монтаж ырғағы – бәрі бірігіп, тұтас бір ойды жеткізудің құралына айналуда. Кино, музыка және цифрлық ортаны қатар меңгерген жас режиссерлер қазақстандық креативті кеңістіктің жаңа келбетін қалыптастырып, қай өңірден шыққанына қарамастан әлемдік деңгейде жұмыс істеуге болатынын дәлелдеп келеді.

Осы буынның өкілдерінің бірі – режиссер әрі клипмейкер Бауыржан Саду. Қызылордадан шыққан 25 жастағы автордың жұмыстары ондаған миллион қаралым жинап, жобалары халықаралық нарыққа жол тартты. Амстердамда өткен Canon халықаралық байқауындағы жеңісі, Еуропа, Азия және АҚШ-тағы түсірілімдері, ірі брендтер мен танымал әртістермен әріптестігі – бәрі оның қарапайым ғана бейне түсіруге деген қызығушылығынан басталған жолының табиғи жалғасы.

Qazaq Culture-ға берген сұхбатында Бауыржан режиссерлік ойлау жүйесі, Қазақстан мен шетелдегі жұмыс мәдениетінің айырмашылықтары, технология дамыған заманда идеяның құндылығы және режиссерді айқындайтын басты қасиет – ішкі көзқарас туралы пікір бөліседі.

– Сіз небәрі 25 жастасыз, алайда жобаларыңыздың географиясы қазірдің өзінде кең. Режиссура жай ғана қызығушылық емес, кәсіби жолыңыз екенін қашан түсіндіңіз?

– Алғаш түсіре бастаған кезде мен оны кәсіби мағынадағы режиссура деп қабылдаған жоқпын. Маған жай ғана өмірді бақылау, сәттерді қағып алу, образбен жұмыс істеу және кадр арқылы оқиғаны жеткізу қызық болатын. Камера мен үшін әлемді танудың құралы, эмоцияны, мінезді, көңіл-күйді жеткізудің тәсілі болды. Мамандық туралы ойлаған жоқпын. Өзімді қызықтырған іспен ғана айналыстым.

Уақыт өте келе түсірілім барысында процеске толық беріліп, уақыттың қалай өткенін сезбей қалатынымды байқадым. Егер бір күннің қалай өткенін аңғармай қалсаң, шаршағаныңа қарамастан соған қайта-қайта оралғың келсе – демек, бұл жай әуестік емес. Дәл сол кезде режиссураның кездейсоқ қызығушылық емес екенін ұқтым.

– Амстердамда өткен халықаралық Canon байқауында 35 елден келген қатысушыларды басып озып, жеңімпаз атандыңыз...

– Амстердамда өткен байқауға 35 елден келген авторлар lifestyle, travel және қысқаметражды фильм бағыттары бойынша бейнежобалар ұсынды. Мен «қысқаметражды фильм» санатын таңдадым. Тапсырманы орындауға екі апта уақыт берілді, сол мерзім ішінде идеяны толыққанды жүзеге асыру қажет болды.

Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жүзге жуық автор шақырылды. Әр қатысушы өз стилін, өз көзқарасын ұсынды. Кәсіби орта өте мықты. Мен өз санатым бойынша бірінші орын иелендім.

Бұл жеңіс мен үшін маңызды белес болды. Жүлде ретінде сол кезде сатылымға әлі шықпаған EOS C50 камерасын ұтып алдым. Екі айдан кейін Canon Day іс-шарасында камера ресми түрде табысталды. Жұмыс барысында оның мүмкіндіктерін жан-жақты бағамдадым. Кең динамикалық диапазоны, жарық пен көлеңкедегі бөлшектерді дәл жеткізуі, түсті өңдеудегі икемділік – барлығы шығармашылық тұрғыдан үлкен еркіндік береді.

Амстердамға сапардың тағы бір ерекшелігі – бұл Еуропаға алғаш баруым. Осы жеңісті жеке жетістік қана емес, Қазақстанды халықаралық алаңда таныту мүмкіндігі ретінде қабылдадым. Өзімнің қай елден екенімді, еліміздегі жас авторлардың бүгінгі кәсіби деңгейін көрсету мен үшін маңызды болды.

– Біріккен Араб Әмірліктерінде, Еуропа мен Азия елдерінде жұмыс істедіңіз. Қазақстандағы және шетелдегі жұмыстың басты айырмашылығы неде?

– Меніңше, негізгі айырмашылық техникада немесе бюджет көлемінде емес, ең алдымен жұмысқа деген көзқарас пен процесті ұйымдастыруда. Қазақстанда шын мәнінде креативті әрі икемді мамандар өте көп. Біз түрлі жағдайда жұмыс істеуге, тез бейімделуге және бірнеше міндетті қатар алып жүруге дағдыланғанбыз.

Мысалы, Араб Әмірліктерінде маркетингке кейде аса терең мән берілмейтінін байқадым. Соның салдарынан кейбір жарнамалық роликтер бізде бес жыл бұрын түсірілген жобалар деңгейінде қалып қояды. Қазақстанда жасалған жұмыстарды көрсеткенімде, идея мен продакшн сапасына шынайы таңданыс білдіргендер аз болған жоқ.

Маңызды айырмашылықтардың бірі – мамандану жүйесінде. Шетелде көбіне нақты құрылым қалыптасқан. Әр маман бір ғана функцияға жауап береді. Ал бізде сала өкілдері әмбебап келеді. Оператор да, продюсер де, режиссер де бүкіл үдерісті тұтас түсініп, әртүрлі міндетке бейімделе алады. Бұл шешім қабылдауда жылдамдық пен шығармашылық еркіндік тұрғысынан артықшылық береді.

Еуропа менің кәсіби көкжиегімді кеңейтті. Онда мықты авторлар, продакшн-командалар мен индустрияның креативті көшбасшылары шоғырланған. Осындай ортада болып, олардың ұсақ-түйекке дейін мән беруін, бейнелік шешімге деген жауапкершілігін, жұмыс тәртібін көру – мен үшін кәсіби тұрғыдан маңызды тәжірибе болды.

– Белгілі әртістер үшін 30-дан астам клип түсірдіңіз. Қайсысымен жұмыс істеу күрделі әрі қызықты болды?

– Әр әртіс – өз алдына бөлек әлем. Сондықтан әрқайсысымен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы да, қызығы да бар. Мәселен, Бағжан Октябрьмен техникалық тұрғыдан ауқымды әрі күрделі жобаларға тәуекел еттік. Түсірілімдердің басым бөлігі Түркияда өтті. Есте қалған жұмыстардың бірі – арнайы ағаш сал жасап, оны Қайыңды көлінің дәл ортасына орнатқан клип. Бағжан су ортасында тұрып ән орындады. Бұл жоба мұқият дайындықты, өндірістік үйлестіруді және команданың мінсіз жұмысын талап етті.

Мирас Жүгінісовпен жұмыс та өзгеше. Бұл – креативке, батыл визуалдық шешімдерге және үлкен шығармашылық топпен үйлесімді еңбек етуге құрылған жұмыс. Мұнда техникалық сапамен қатар алаңдағы атмосфера, энергия және бүкіл команданың бір ырғақта жұмыс істеуі шешуші рөл атқарады.

Жалпы, мен үшін әр жоба жаңа бір сынақ, бөлек тәжірибе. Ең бастысы – нәтиже. Түсірген клиптерімнің барлығы YouTube платформасында кемінде 10 миллион қаралым жинады. Бұл көрермен еңбекті сезіп, қабылдайтынын көрсетеді.

– Портфолиоңызда танымал брендтер де бар. Авторлық стиліңіз неден көрінеді?

– Мен үшін камерамен жұмыс істеу – ең алдымен кейіпкердің энергиясы мен болмысын жеткізудің тәсілі. Егер сөз музыкалық клип туралы болса, басты міндетім – әртістің харизмасын ашу. Көрермен бейнені жай ғана көріп қоймай, оны сезінуі керек. Қандай эмоция туатыны маңызды емес – қуаныш, сағыныш, ширығу немесе шабыт. Ең бастысы – көргеннен кейін адамның ішінде бір әсер қалуы.

Өз авторлық стилің туралы айту қашанда қиын. Себебі оны сырт көз анық байқайды. Мен арнайы «қолтаңба» қалыптастыруға ұмтылмаймын. Керісінше, кадрда шынайы болуға, оқиғаны сол сәттегі ішкі түйсікпен жеткізуге тырысамын. Бәлкім, жұмыстарымды ерекшелендіретін осы шынайылық пен детальға деген ұқыптылық шығар.

Ал, коммерциялық жобаларға келсек, мұнда брендтердің нақты талаптары, өз регламенті мен визуалдық стандарттары бар. Мұндай жағдайда толық авторлық еркіндікті сақтау мүмкін емес. Дегенмен қатаң брифтің аясында да шығармашылық шешім табуға болады. Жарықта, композицияда, монтаж ырғағында деген сияқты. Кейде креативке көбірек мүмкіндік беретін жобаларда өз көзқарасыңды кеңірек танытуға жол ашылады. Бірақ коммерциялық жұмыста ең бастысы – тапсырыс берушінің міндетін сапалы орындау екенін жақсы түсінемін. Бұл да кәсіби шеберліктің бір қыры.

– Мобилография туралы не ойлайсыз? Телефон кәсіби камераны алмастыра ала ма? Камераны қалай дұрыс таңдауға болады?

– Әрине, ауқымды продакшн жағдайында смартфон кәсіби камераны толық алмастыра алмайды. Дегенмен бүгінгі технологияның мүмкіндігі кең: телефонмен де сапалы нәтиже алуға болады. Ең бастысы – идея мен жарық. Егер жарық дұрыс қойылмаса, ой анық болмаса, ал үміт тек қымбат техникаға артылса – ең заманауи камераның өзі жобаны құтқара алмайды.

Камераны таңдау да нақты міндетке байланысты. Жобаның форматы, көрсетілетін алаңы, түсірілім жағдайы – бәрі ескерілуі керек. Техника – тек құрал. Ал шешуші нәрсе – автордың көзқарасы мен шығармашылық ойы.

– Бүгінде Қазақстанда жас авторлардың дамуы, қабілетін толық ашуы үшін қандай мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған?

– Қазір Қазақстанда жас авторлар үшін мүмкіндік аз емес. Нарық ашық, байланыс орнату бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдеді. Қалаған жағдайда кез келген әртіске немесе продюсерге тікелей шығып, өз идеяңды ұсынуға, тіпті үлкен бюджетсіз-ақ жоба түсіріп, мықты портфолио қалыптастыруға болады.

Меніңше, табыс көбіне елге емес, адамның өзіне байланысты. Оның ойлау жүйесіне, бастамашылдығына, еңбек етуге дайындығына. Мүмкіндік бар, бірақ оны күтіп отырмай, өзің қалыптастыра білу керек.

– Қазір Америкада екеніңізді білеміз. Қандай жобалармен айналысып жүрсіз? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Қазіргі уақытта Америкада демалысты жұмысыммен ұштастырып жүрмін. Мирас Жүгінісов, Kalifarniya секілді әртістерге арналған музыкалық клиптер түсірудемін. Жаңа ортада, басқа визуалдық кеңістікте жұмыс істеу өте қызық. Мұндағы атмосфера, көңіл күй, айналадағы орта шығармашылыққа жаңа серпін береді.

Жақын арада Қазақстанға оралуды жоспарлап отырмын. Қазірдің өзінде бірқатар ұсыныстар түсіп жатыр. Алда бірнеше жаңа түсірілім мен жобалар бар. Көп ұзамай олар туралы толығырақ айтуға мүмкіндік болады деп ойлаймын.

– Өңірлердегі кино мен режиссураны армандайтын жас талапкерлерге не айтар едіңіз?

– Мен өзім де өңірден шыққанмын. Сондықтан ең бастысы – туған жерің сенің мүмкіндігіңді шектемейді, талабыңа тосқауыл бола алмайды дегім келеді. Бүгінде әркімнің қалтасында 20 жыл бұрын белгілі режиссерлер қолданған техникадан да қуатты камера бар.

Мәселе техникада, қай елде тұратыныңда емес. Бәрі тәртіпке, үздіксіз тәжірибеге және көрген-білгеніңді саралай білуге байланысты. Мүмкіндігінше жиі түсіріңіздер, қателесуден қорықпаңыздар. Біреудің рұқсатын немесе «қолайлы сәтті» күтпеңіздер. Кино үлкен бюджеттен емес, идея мен сол идеяны жалпыға жеткізсем деген шынайы ниеттен басталады.

304
18.02.2026