Алматы – Дүниежүзілік қолөнер қаласы: дәстүр, шабыт және болашақтың креативті экономикасы

Алматы – Дүниежүзілік қолөнер қаласы: дәстүр, шабыт және болашақтың креативті экономикасы

2025 жылғы 5 қазанда Алматы қаласына Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі (WCC) ресми түрде «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесін берді. Бұл - тек оңтүстік астанамыздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды белес. Ол - ұлттық қолөнердің тамыры тереңде жатқанын әрі отандық шеберлердің креативті экономиканы дамытудағы үлесін әлемдік деңгейде мойындаудың айғағы.

Бұл мәртебе елімізге халықаралық әріптестік орнатуға, тәжірибе алмасуға және мәдени мұраны жаһандық деңгейде танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Біз бұл мәртебенің Қазақстан қолөнершілер қауымдастығы үшін нені білдіретінін, оны нығайту бағытындағы алдағы қадамдарды және неге Алматыны тек қолөнер орталығы емес, дәстүр мен заманауи мәдениет тоғысқан қала деп атайтынын Қазақстан қолөнершілер одағының президенті, мәдени дипломатия жөніндегі сарапшы әрі елдегі қолөнер қозғалысын қайта жаңғыртудың бастауында тұрған Айжан Бекқұловадан сұрап білдік.

- Айжан, Алматы үшін «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесі нені білдіреді? Бұл жай ғана атақ па, әлде шеберлер үшін нақты мүмкіндіктер ме?

- Біз үшін бұл мәртебе - жай әдемі атақ емес, көп жылғы еңбектің және ұжымдық табандылықтың нәтижесі.

Біз алғашқы өтінімді дайындауға 2018 жылы кірістік. Сол сәттен бастап, қазіргі Алматының қолөнер дәстүрін қалай сақтап, заман талабына сай дамытып келе жатқанын терең түсіне бастадық.

Алдымен қалалық әкімдікті осы бастаманың маңыздылығына сендіру керек болды, себебі өтінім қала әкімдігі тарапынан беріледі. Кейін пандемия басталып, басымдықтар өзгерді де, жоба біраз уақытқа тоқтады. Бірақ біз бұл идеядан бас тартқан жоқпыз.

Өткен жылы Алматы қолөнершілер палатасымен бірлесе отырып, өтінімге қайта оралдық. Халықаралық комиссияны қабылдап, Алматының шынында да қолөнермен өмір сүретін қала екенін дәлелдеу үшін үлкен жұмыс атқардық, ескі орталықтағы шеберханалардан бастап жаңа креативті кластерлерге дейін барлығын қамтыдық.

2025 жылдың қазан айында Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі Алматыға ресми түрде World Craft City мәртебесін бергенде, біз тек қуаныш пен мақтаныш емес, үлкен жауапкершілікті де сезіндік.

Бұл мәртебе - Қазақстанның қолөнер мұрасының сақталып қана қоймай, заманға бейімделіп, жаңа мазмұнмен дамып келе жатқанын көрсететін халықаралық мойындау.

Осы арқылы Алматы шеберлері жаһандық желінің бір бөлігіне айналды: енді олар тәжірибе алмасып, халықаралық көрмелерге, шығармашылық резиденцияларға және бірлескен жобаларға қатыса алады.

Бірақ мен үшін ең құндысы - Алматының енді мәдени орталық ретінде қабылдануы.

Қала тек экономикалық тұрғыдан емес, мәдени және креативті тұрғыдан да жанданған мегаполиске айналды. Бұл - Қазақстанның жаңа бейнесін қалыптастырудағы маңызды қадам: біздің мәдениетіміз өткеннің естелігі емес, болашаққа жол ашатын тірі құндылық.

Біздің мақсатымыз - Алматыны мәдени тартылыс нүктесіне айналдыру.

- Қала бұл мәртебеге ие болған кезде нақты не өзгереді?

- Ең алдымен, «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесі Алматыға мүлде жаңа деңгейдегі мүмкіндіктер ашады. Енді біз қолөнерді тек мәдени мұра ретінде емес, қаланың экономикалық және білім беру стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырамыз.

Бұл мәртебе қала әкімдігі мен мемлекеттік құрылымдардың шеберлерді жүйелі түрде қолдауына кепіл бола алады.

Біз жаңа қолөнер орталықтары, қолданбалы өнер мұражайлары, арнайы мектептер мен бағдарламалар ашылады деп күтеміз. Олар зергерлік және былғары өңдеу, тоқыма, қыш жасау, ағаш ою сияқты дәстүрлі салаларды дамытуға серпін береді. Мұндай кеңістіктер тек шеберлердің басын қосатын орын ғана емес, жас ұрпаққа қолөнерді үйрететін, қаланың рухани болмысына айналатын орталықтар болмақ.

Алматы ежелден-ақ қолөнердің жүрегі саналған қала. Мұнда үздік шеберлер, мықты оқу орындары мен бай шығармашылық орта шоғырланған. Бұл әлеует бұрыннан бар еді, ал енді ол халықаралық деңгейде мойындалып, жаңа өріс ашты.

Маңыздысы - бұл жоба тек мәдени бағыттағы бастама емес. Ол - тұтас экожүйе құру туралы. Яғни, қолөнершілер креативті экономиканың толыққанды қатысушысына айналады. Қолөнер туризммен, дизайнмен, біліммен, экспортпен ұштасады. Дәл осы бағыт Алматыны Орталық Азияда ғана емес, жаһандық деңгейде де бәсекеге қабілетті қалаға айналдырады.

- Бұл мәртебеге қол жеткізу жолында қазақстандық шеберлер мен ұйымдар қандай рөл атқарды?

- Бұл жетістік - бір ғана ұйымның емес, бүкіл Қазақстанның қолөнер қауымдастығының ортақ еңбегі.

Біз ауқымды құжаттар пакетін дайындадық. Онда елдің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін шеберлердің, қолөнерші әулеттердің, бірлестіктер мен шығармашылық ұйымдардың тізімі қамтылды.

Өйткені Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің мойындауына ие болу үшін, қолөнердің Қазақстанда - тек мәдени құбылыс емес, өміршең әрі дамып келе жатқан орта екенін дәлелдеу қажет болды.

Бұл тұрғыда шеберлердің үлесі шешуші болды. Олардың көбі - бабадан балаға жалғасқан әулеттік өнердің өкілдері. Біз жүзден астам шебер қатысқан үлкен көрме ұйымдастырдық. Ол көрме еліміздің қолөнер мәдениетінің байлығы мен алуан түрлілігін айқын көрсетті: зергерлер, қышшылар, тоқымашылар, былғары мен киіз шеберлері, ағаш оюшылар - бәрі де өз еңбегімен Қазақстанда қолөнердің өміршең екенін дәлелдеді.

Бүгінде республика бойынша бірнеше мың шебер бар, олардың елеулі бөлігі Алматыда шоғырланған. Бұл кездейсоқ емес - қала талантты адамдарды тартатын орталыққа айналды. Мұнда инфрақұрылым бар, қолөнер бірлестіктері жұмыс істейді, көрмелер мен жәрмеңкелер тұрақты өтіп тұрады.

Сондықтан Алматының бұл мәртебеге ие болуы ең алдымен, осы адамдардың еңбегі мен жанашырлығының нәтижесі.

«Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» атағы - қолөнершілердің өз қолымен жасап келе жатқан тірі мәдениетке, дәстүр мен заманауи өнердің тоғысына берілген халықаралық баға.

- Жаңа бағдарламалар, көрмелер, жәрмеңкелер мен халықаралық серіктестіктерді күтуге бола ма?

– Әрине. Біз қазірдің өзінде бірнеше жаңа бастаманы қарастырып жатырмыз. Солардың бірі – WCC мәртебесіне ие қалаларды біріктіретін халықаралық ұйым құру. Негізгі мақсатымыз – қолөнер арқылы туризмнің әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасу мен тұрақты мәдени байланыстар орнату. Біз Алматыны дәстүрді тек сақтап қана қоймай, оны әлемге таныстыра алатын белсенді қала ретінде көреміз.

Жоспарымызда қолөнер турлары мен жас шеберлерге арналған оқу бағдарламалары, отандық және шетелдік қатысушылар бас қосатын көрмелер мен жәрмеңкелер бар. Мұның бәрі, әрине, қала әкімдігінің қолдауын, яғни жаңа алаңдар мен мұражайларды, заманауи арт-кеңістіктерді қажет етеді. Өйткені қолөнер – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі күннің мәдени тынысына айналуы тиіс.

Алматыда декоративті-қолданбалы өнердің толыққанды музейін ашу арманымыз бар. Қолөнершілер одағының қорында еліміздің өңірлерін айқын сипаттайтын бай коллекция жиналған. Мұра тек қорда сақталып қоймай, балалар мен студенттерге, туристер мен зерттеушілерге қолжетімді болғаны маңызды.

Алматы шынында да қолөнер мәдени тәрбиенің бір бөлігіне айналған қала болуға лайық. Біз сенеміз, осындай бастамалар арқылы жаңа буын қалыптасады - мәдениет пен дәстүрді өз болмысының ғана емес, шабыт пен өзін-өзі танытудың, елге деген мақтаныштың қайнары ретінде сезінетін ұрпақ өседі.

- Алматының символына айналған шеберлер мен жобаларға мысал келтіре аласыз ба?

- Әрине, ондай мысалдар жылдан жылға көбейіп келеді, бұл бізді қуантады. Жақында Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Шебер» байқауының финалистері қатысқан халықаралық көрме өтті. Бұл шара қазақстандық заманауи қолөнердің жоғары деңгейін және дәстүр мен заманауилықтың үйлесім таба алатынын айқын көрсетті.

Көрмеде авторлық әшекейлер, тоқыма бұйымдары, киізден жасалған композициялар мен интерьер заттары қойылды. Бұлардың бәрі Қазақстанның брендіне айналуға әбден лайық. Әсіресе Бота Земелхан мен Айгүл Тұралиеваның туындылары ерекше қызығушылық тудырды. Мысалы, Айгүл Тұралиева қазақтың көне құрақ көрпе тігу дәстүрін жаңғыртты. Оның қолында бұл техника жай ғана қолөнер емес, мәні мен құрылымы терең, көркем туындыға айналған өнер болып отыр.

Сондай-ақ зергер Дулат Әшімовтың «Ортеке» атты жүзігі көрмеге келгендердің назарын аударды. Бұл тек әшекей емес - көне миф пен заманауи дизайнды біріктірген көркем ой.

Бұл көрме қазақстандық шеберлердің мұра сақтаушы ғана емес, жаңа мәдени бағыт қалыптастыра алатын шығармашыл тұлғалар екенін дәлелдеді. Қастеев музейінде ұсынылған жұмыстар - өткеннің қайталануы емес, дәстүрді бүгінгі көзқараспен жаңаша сөйлеткен, талғам мен сүйіспеншілікке толы туындылар.

Біз өз шеберлерімізбен шын мақтана аламыз. Қазір Алматыда әлемдік деңгейде ойлайтын, тамырын тереңнен алып, жаһандық аудиторияға түсінікті тілмен сөйлейтін жаңа буын өсіп келеді. Дәл осы адамдар Алматыны тек өнер орталығы емес, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан мекені ретінде танытып отыр.

- Қорытындылай келе, Айжан, қазақстандық қолөнердің болашағын және осы үдерістегі Алматының орнын қалай елестетесіз? Бұл мәртебе жай ғана атақ емес, ел мәдениетінің дамуына серпін беретін шынайы күшке айналуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Меніңше, бәрі енді басталып келеді. «Дүниежүзілік қолөнер қаласы» атағы - меженің соңы емес, жаңа кезеңнің бастауы. Бұл мәртебе нақты іс-шаралармен, шынайы қолдаумен жалғасуы қажет: шеберлерге жағдай жасау, инфрақұрылымды жетілдіру, қолөнерді білім беру, туризм және экономика салаларымен ұштастыру маңызды. Сонда ғана қолөнер тар саладан шығып, елдің креативті индустриясының ажырамас бөлігіне айналады. Осы тұрғыда Алматы - көшбасшы.

Біздің қаламыз мәдени байланыстардың, халықаралық көрмелер мен фестивальдердің, арт-резиденциялардың алаңына айналуға әбден лайық. Осындай бастамалар арқылы Қазақстан өзін тек дәстүрдің сақтаушысы емес, жаңа мәдени мән-мағына тудырушы ел ретінде де көрсете алады.

Біз жас буынның мына нәрсені сезінгенін қалаймыз: қолөнер - өткеннің естелігі ғана емес, өзін-өзі табудың, шығармашылық пен кәсіби дамудың жолы. Егер дәстүрді, білімді және заманауи креативті көзқарасты ұштастыра алсақ, қолөнер Қазақстанның мәдени болашағына шабыт беретін тірі қайнарға айналады.

306
27.10.2025