Міржақып Дулатов пен оның отбасы мүшелеріне тиесілі фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар және жеке заттар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ұсынылды. «Қазақ рухын оятқан тұлға» көрмесі Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі, қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналды. Астанаға алғаш рет оның ұрпақтары ұсынған құнды жәдігерлер жеткізілді. Экспозиция көрермендерді Міржақып Дулатовтың жанұясымен – жұбайы Ғайнижамал, ұлы Әлібек және қызы Гүлнәрмен таныстырады.
– Мұндағы экспонаттардың барлығы дерлік түпнұсқа және біздің отбасымыз тарапынан ұсынылған. Бізде осындай құнды заттар сақталған сандық болды. Анамыз (Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова – ред.) оларды сақтап отырды. Жылына бірнеше рет желдетіп, күн көзіне шығарып, қатты аязда мұздатып отыратын. Мәселен, мына тон (Міржақып Дулатовқа тиесілі – ред.) – нағыз өнер туындысы. Ол құлынның жүнінен тігілген және ерекше үлгіде жасалған. Мына жеңі – тұтас жал, арқа бөлігі – басқа жал. Бүтін терілердің осылай қолданылғаны таңғаларлық. Көрмеде сондай-ақ портплед те бар. Киім осыған салынып, кейін ол конверт сияқты жабылатын. Шамасы, неміс немесе француз шеберлерінің қолынан шыққан. Суға өтпейтін, сол заман үшін өте құнды бұйым, – деп бөлісті Міржақып Дулатовтың немересі Ерлан Сатыбалдиев.
Міржақып Дулатовтың тоны
Гүлнәр Дулатова небәрі 12 жаста еді, әкесін тұтқындаған кезде. Бірақ ол барлық мұраны жинап, жасырын түрде сақтап қалды. «Халық жауының қызы» деген таңбамен өмір сүрсе де, ол әділдік орнайтынына, Міржақып Дулатовтың ақталатынына сенді. Әкесінің бес томдық шығармалар жинағын және өзінің үш естелік кітабын жарыққа шығарды. Көрмеде Гүлнәр Дулатованың киімдері мен баспа машинкасы ұсынылған.
– Мұнда авторлық жұмыспен тігілген көйлек пен камзол бар. Сол камзолмен анам 1959 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері онкүндігінде сахнаға шыққан. Шәйнек, самаурын, кесе – бала кезден таныс заттар. Мысалы, мына тумбочкада (Ғайнижамалдың жасауындағы тумба – ред.) біздің үйде телефон тұратын, – деді Ерлан Сатыбалдиев.
Ғайнижамалдың жасауындағы тумба – М.Дулатовтың жары
Көрмеде алғаш рет 1914 жылы жарық көрген Лазарев атындағы Шығыс тілдері институтының жинағы да көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жинаққа қазақ жазушыларынан небәрі екі автор – Абай Құнанбаев пен Міржақып Дулатов енген. Кітапта поэтикалық шығармалардың прозалық аудармалары берілген. Нұх Рамазанов пен Сатылған Сабатаевтың еңбектері Абай мен Міржақып шығармаларын орыс тіліне алғашқы аудармалар ретінде саналады.
– Біздің отбасымызда осы кітаптың тағы бір жеке данасы сақтаулы. Мұқабасының қырында бедерлі жазумен автордың аты жазылған. Ол арнайы тапсырыспен дайындалған жеке нұсқа болған. Екі кітаптың да мұқабасы табиғи былғарыдан жасалған. Өкінішке орай, оны ашып, көрсетудің сәті түспеді. Қызығы – осы көрмеде тұрған нұсқасын мен жақында ғана антикварлық дүкеннен таптым, – деді Ерлан Сатыбалдиев.
Сондай-ақ, көрмеде алғаш рет көпшілікке ұсынылған 1909 жылғы Міржақып Дулатовтың фотосуреті ерекше қызығушылық тудырды. Онда қоғам қайраткері үйлену тойында бейнеленген. Міржақып Дулатовтың оң жағында отырған адам – Ахметуәли Менгер, Mercedes-Benz пен Bosch компанияларының Түркиядағы өкілдіктерін басқарған белгілі кәсіпкер. Бұған дейін бұл суреттің тек бір бөлігі ғана жарияланған болатын. Толық нұсқасы Менгердің туыстары арқылы табылды.
– Бұл фотосуретті сақтаған туыстар барлық адамдарды танитын. Тек Дулатов тұрған тұста «белгісіз» деген ескерту жазылған екен. Кейінірек Менгердің немерелес жиенінің арқасында бұл суреттің толық нұсқасы табылды. Бұрын тек Дулатов пен Менгер ғана көрінетін фрагмент жарияланған еді, оған ешқандай түсініктеме болмаған. Қазір бұл суреттегі адамдардың есімдері анық, – деп айтты Ерлан Сатыбалдиев.
Көрме Міржақып Дулатовтың тұлғасына қатысты бұрын-соңды белгісіз болып келген қырларын ашады. Ол келушіні 1928 жылғы тұтқындаудан кейін үзіліп қалған жылы, отбасылық атмосфераға қайта жетелейді.