Астанада мәдениет саласындағы әйелдерді қолдау орталығы ашылды

Астанада мәдениет саласындағы әйелдерді қолдау орталығы ашылды

Орталықтың алғашқы іс-шарасы Әсемгүл Жанахметованың «Әлем әйелдің көзімен» атты көрмесі болды. Суретші өз жұмыстарында қазақ дәстүрлі мәдениеті мен заманауи кескіндеменің элементтерін үйлестіреді.

Іс-шара бір шаңырақ астына шығармашылық мамандықтағы әйелдерді – жазушыларды, суретшілерді, музыканттарды, әртістерді – және бизнес, Парламент, елшіліктер, республикалық және халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинады.

Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич мәдениет және өнер саласында жұмыс істейтін әйелдерді қолдау мақсатында көрмеге келді. Ол Art Qalqa орталығының негізгі қызмет бағыттарымен танысып, суретшінің жұмыстарына қызығушылық танытып, әйелдердің шығармашылық жобаларын дамыту туралы өз көзқарасымен бөлісті.

Іс-шараға Түркия мен АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының қызметкерлері де қатысты. Түркия елшілігінің өкілдерімен кездесу барысында алдағы арт-шаралар мен мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды.

Шығармашылық кештің басты мақсаты креативті идеялармен алмасу және оларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау үшін нетворкинг алаңын құру болды.

AQ орталығының миссиясы ұлттық және халықаралық деңгейде әйелдердің шығармашылық жобаларын ілгерілету арқылы инклюзивті, ашық және гүлденген қоғам құруға жәрдемдесу болып табылады. Қазірдің өзінде Орталық Италия, Түркия және басқа елдерден келген халықаралық көрмелердің, арт фестивальдардың және білім беру бағдарламаларының ұйымдастырушыларымен келіссөздер жүргізуде.

Орталықты құру – Қазақстанның креативті индустриясының түрлі салаларында жұмыс істейтін әйелдердің бастамасы. Олардың қызметі әйелдердің көшбасшылығын дамытуға, таланттарды қолдауға, кәсіби дағдыларды жетілдіруге және белсенді және шығармашыл әйелдер желісін қалыптастыруға бағытталған.


329
12.02.2025