
Тұрсын Әбуов – қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті суретшілердің бірі. Суретшінің шығармашылық мұрасы туралы ҚР Ұлттық орталық музейі қорды есепке алу бөлімінің архивист маманы Ақмарал Темірқызы Жоланова айтып берді. Оның айтуынша, суретші шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық болмыс пен тарихи кезеңдердің көркем шежіресін көруге болады.
– Суретші, кескіндемеші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 1936 жылы 6 маусымда Алматы облысы Іле ауданындағы «Қызыл Ту-3» ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі майданға аттанғаннан кейін, анасына қолғабыс етіп, жастайынан колхоз жұмысына араласты. Тұрсын бес жасынан-ақ суретші болуды армандады. Бұл арманның қалыптасуына ауылға белгілі ісмер әрі оюшы болған анасы Қапыштың алаша мен текеметке салған әсем ою-өрнектері ерекше ықпал етті. Анасының өнерін көріп өскен Тұрсын болашақта суретші болатынына кәміл сенді.
Алайда суретші болу үшін арнайы білім қажет еді. Ол кезде суретшілерді даярлайтын жалғыз оқу орны – Көркемсурет училищесі болатын. Тұрсын Әбуов үш жыл бойы талаптанып жүріп, осы училищеге оқуға түседі. Арманына қол жеткізгеннен кейін бейнелеу өнерінің қыр-сырын терең меңгеруге ден қойып, Айша Ғалымбаева мен Мұхит Қалимов сынды халық суретшілерінен тәлім алды, – дейді Ақмарал Темірқызы.
Тұрсын Әбуовтың шығармалары Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Корея, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Украина, Аустрия, Голландия, Бельгия және басқа да елдерде өткен халықаралық көрмелерде қойылды. Бүгінде суретшінің бірқатар еңбектері ҚР Ұлттық орталық музейінде, Мемлекеттік архивте, Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде, Мәскеу музейінде, сондай-ақ жеке және шетелдік коллекцияларда сақтаулы. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Сондықтан да, оның шығармаларында соғыс тақырыбы ерекше орын алады.
– 1966 жылдан бастап түрлі республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, өз туындыларын көпшілікке ұсынды. Оның «Әлия Молдағұлова», «Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов», алғашқы ұстазы, гвардия лейтенанты Баймұхамет Шынтеміровтің портреттері – соның айқын дәлелі. Бүгінде Талғат Бигелдиновтің портреті Мәскеу қаласындағы Орталық Қарулы Күштер музейінде сақтаулы.
Суретшінің туындылары туған жерге, табиғатқа және қазақ халқының салт-дәстүріне деген шынайы сүйіспеншіліктен туған. Әсіресе еңбек адамдарының өмірін бейнелейтін шығармалары оның дүниетанымы мен өмірге деген көзқарасын терең танытады. «Астық – Отанға», «Жүзім жинау», «Күнбағыс жинау», «Астық – майданға», «Қиын жылдар», сондай-ақ тың игеру тақырыбындағы «Ұстахана» мен «Наталья Геллерт» картиналарында еңбек адамының қажыр-қайраты мен өмірдің көпқырлылығы көркем бейнеленген.
ҚР Ұлттық орталық музейінің қорында сақталған «Қобызбен натюрморт», «Шәкәрім Құдайбердіұлы», «Дина Нұрпейсова», «Абай ұлдарымен», «Қолөнершілер», «Егіндік басындағы түскі ас», «Жайлауда», «Түйе сауу» және басқа да картиналары мен эскиздері қазақ халқының тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен мәдени мұрасынан сыр шертеді, – дейді маман.
Маманның пікірінше, 1980 жылдардан бастап суретші топтамалық және композициялық шығармаларға ерекше ден қоя бастады.
– Тұрсын Әбуов өмір мен уақыт тақырыбын арқау еткен, мазмұны мен көлемі жағынан ауқымды картиналар жазды. Суретшінің осындай ерекше туындыларының бірі – «Өмір – өзен» картинасы. Бұл еңбегінде ол бес жасынан бастап басынан өткерген өмір жолын хронологиялық ретпен бейнелеген. Он жыл бойы салынған бұл шығарма көпшіліктің жоғары бағасына ие болып, Қазақстанның рекордтар кітабына енді.
1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді. Суретші мүсін өнері мен ландшафтық дизайнмен де айналысты. Ол ағаштан мүсіндер ойып, қарапайым томарларға көркем бейне мен жаңа өмір сыйлады. Әр шығармасынан өмірге деген шексіз сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет және терең де шынайы сезім айқын аңғарылады, – деп түйіндеді Ақмарал Темірқызы.
Суретшінің 90 жылдық мерейтойына орай ҚР Ұлттық орталық музейінде «Қазақ өнерінің қос шебері» көрмесі ұйымдастырылып, оның музей қорындағы және жеке коллекциясындағы таңдаулы туындылары көрермен назарына ұсынылды. Бұл көрме Тұрсын Әбуовтың бай мұрасын насихаттап, кейінгі ұрпаққа танытуға бағытталған.