Алғашқы аккордтардан асқақ арманға дейін: жас таланттар жетістігі

Алғашқы аккордтардан асқақ арманға дейін: жас таланттар жетістігі

Музыка кейде үлкен сахнадан емес, отбасынан, өз өнеріңді көпшілікке естіртсем деген балаң арманнан бастау алады. Осындай қарапайым сәттер болашақтағы үлкен шығармашылық жолға ұласуы мүмкін. Бүгінде мұндай оқиғалар көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп жүр. Өйткені олардың негізінде талантпен қатар, мәдениетке, өнерге деген шынайы сүйіспеншілік жатыр.

Қазіргі жас ұрпақ ұлттық аспаптарды әлеуметтік желілерде, үй жағдайында түсірілген бейнежазбаларда насихаттап, үлкен сахналарда гитара, фортепиано секілді аспаптармен және заманауи музыкалық бағыттармен үндестіріп жүр. Осылайша ұлттық музыка жас буынға жақындай түсіп, дәстүр олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуда.

Осындай жас өнерпаздардың қатарында алматылық ағалы-қарындасты Марсель мен Айлин де бар. Олар бірге өнер көрсетіп, домбыра, гитара және фортепианода ойнайды, шығармашылықпен айналысады. Сондай-ақ музыка мен отбасылық жылылық үйлесім тапқан блог жүргізеді. Біз Марсель мен Айлинмен олардың музыка әлеміндегі алғашқы қадамдары, сүйікті аспаптары, сахнадағы өнері мен армандары туралы әңгімелестік. Әңгіме барысында Айлиннің бейнежазбаларының тұрақты кейіпкеріне айналып үлгерген мысығы да назардан тыс қалмады.

– Айлин, музыка әлеміне алғашқы қадамдарың қалай басталды? Көптеген аспаптың ішінен домбыраны неге таңдадың?

– Музыкамен айналысып жүргенімізге алты жыл болды. Өнерге деген қызығушылығымыз бала кезден басталды. Марсель гитараны таңдаса, мен ұлттық мәдениетімізбен сабақтас, үні ерекше аспапта ойнағым келіп, домбыраға тоқтадым. Уақыт өте келе домбыра менің ең сүйікті әрі жаныма жақын аспабыма айналды.

Биыл екеуіміз де С.С. Прокофьев атындағы №3 балалар музыка мектебін тәмамдадық. Бұл оқу орны бізге жақсы музыкалық негіз беріп, өнерге деген қызығушылығымызды одан әрі арттырды. Енді домбырада ойнау шеберлігімді жетілдіру үшін оқуымды «Шабытта» жалғастыруды жоспарлап жүрмін.

– Марсель, сен музыкамен қатар сурет салуға да қызығасың. Өнердің қай түрін ерте бастадың?

– Сурет салуға өте ерте жастан қызыға бастаппын. Ата-анамның айтуынша, алты айлығымнан-ақ саусақ бояуларымен сурет салған екенмін. Сондықтан шығармашылық мен үшін бала кезден өмірімнің табиғи бір бөлігіне айналды.

Музыкамен кейінірек айналыса бастадым. Алты жасымнан гитара үйрендім. Әдетте мұндай жаста балаларды музыкалық мектептің гитара сыныбына қабылдай бермейді. Бірақ мен қабылдау емтиханынан сәтті өтіп, оқуымды бастадым.

Қазір музыка мен бейнелеу өнерін қатар алып жүрмін. Гитарада ойнаумен бірге кескіндемемен де айналысамын. Биыл Әбілхан Қастеев атындағы өнер мектебіндегі оқуымның бірінші курсын аяқтадым.

Мен үшін шығармашылық – ішкі сезімімді, ойымды және көңіл күйімді түрлі тәсілдермен жеткізудің мүмкіндігі. Музыка арқылы сезімімді әуенмен білдірсем, сурет арқылы ойымды бейнелей аламын. Ал сахнаға шығу – осының бәрін көрерменмен бөлісуге мүмкіндік береді.

– Айлин, домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны ерекше. Саған оның үні несімен ұнайды? Қандай күйлерді орындағанды жақсы көресің?

– Алғашында ата-анам маған фортепиано немесе скрипканы таңдауды ұсынды. Бірақ мен кішкентай кезімнен-ақ домбырада ойнағым келді. Ол кезде небәрі бес жаста едім. Соған қарамастан ата-анамды көндіріп, домбыраны таңдадым.

Маған домбыраның өзгеше, әсем әрі бірден танылатын қоңыр үні ұнайды. Оның үнінен ерекше қуат пен өзіндік мінез сезіледі. Күйлерді орындағанды жақсы көремін. Әр күйдің мазмұны, көңіл күйі мен орындалу мәнері әртүрлі болғанымен, олардың бәрінде терең мағына бар. Менің сүйікті күйлерім – «Сарыарқа», «Ер Тұран» және «Адай».

– Марсель, сен бірнеше аспапта ойнайсың. Қандай аспаптарды меңгеріп жүрсің және дәл қазір олардың қайсысы өзіңе жақын?

– Гитарадан бөлек, фортепианода да ойнаймын. Оқуымыздың екінші жылынан бастап қосымша аспап таңдау мүмкіндігі берілді. Сол кезде өзімді жаңа бағытта сынап көруге қызығушылық таныттым.

Фортепиано музыканы тереңірек түсінуге көмектеседі. Оның арқасында әуенді, үндестікті, шығарманың көңіл күйін жақсырақ сезініп, музыкалық туындының тұтас болмысын кеңірек қабылдай бастадым.

Дегенмен мен үшін ең жақын әрі сүйікті аспап – гитара. Музыкадағы жолым дәл осы аспаптан басталғандықтан, оның орны ерекше. Гитараның үні жанды әрі сан қырлы. Бірде нәзік және сыршыл естілсе, енді бірде жарқын әрі жігерлі шығады. Гитара арқылы алуан түрлі сезімді жеткізуге болады. Сондықтан қазір ол менің ойым мен көңіл күйімді білдіретін негізгі аспабым.

– Айлин, бейнежазбаларыңда жаныңнан мысығыңды жиі көреміз. Көрермендер оны сенің шығармашылық әлеміңнің бір бөлшегі ретінде қабылдап үлгерді. Ол дайындық пен түсірілім кезінде саған көмектесе ме?

– Мен домбыра тарта бастаған кезде мысығымыз басқа бөлмеде жүрсе де, бірден жаныма келеді. Ол домбыраның үнін ести сала дайындықтың немесе түсірілімнің басталғанын сезетіндей.

Камераны қосқан кезде ол көбіне объективтің дәл алдына немесе менің жаныма келіп жата қалады. Осылайша бірте-бірте бейнежазбаларымыздың тұрақты кейіпкеріне айналды. Көрермендер де оның кадрдан көрінуіне үйреніп қалды. Пікірлерде мысығымыз туралы жиі жазып, оның әрбір көрінісіне қуанып жатады. Меніңше, ол да музыканы және айналадағы көңіл күйді сезетін сияқты. Әлде өзі де танымал болғысы келетін шығар.

– Марсель, дуэт ретінде көпшілік алдында өнер көрсетіп жүрсіңдер. Қай концерт немесе шығармашылық жоба есіңде ерекше сақталды?

– Маған қайырымдылық фестивальдеріндегі өнер көрсетулеріміз ерекше әсер қалдырады. Әсіресе балалар мен жануарларды қолдауға арналған іс-шаралардың орны бөлек. Өйткені мұндай кезде шығармашылық жай ғана сахнаға шығып, өнер көрсету емес, игі іске үлес қосудың мүмкіндігіне айналады.

Музыканың көрерменге қуаныш сыйлап қана қоймай, өзгелерге көмектесе алатынын сезіну ерекше әсер береді. Өнеріңнің маңызды мақсатқа қызмет етіп тұрғанын түсінген кезде сахнаға зор жауапкершілікпен әрі ерекше ықыласпен шығасың. Бұл бізді жігерлендіріп, әрбір өнер көрсетуімізге терең мағына береді.

– Бүгінде сіздерді музыка мен ұлттық аспаптарды насихаттап жүрген жас дуэт ретінде таниды. Қандай армандарың бар? Болашақта кім болғыларың келеді?

– Мен қиын жағдайға тап болған балалар мен панасыз жануарларға көмектесуді армандаймын. Қандай қиындық кездессе де берілмей, алға ұмтылып, мақсатыма біртіндеп жеткім келеді.

Тағы бір арманым – мысығыммен бірге әлемді аралап, түрлі елдерде домбырамен қазақтың күйлерін орындау. Шетелдік тыңдармандар домбыраның үнін естіп, халқымыздың мәдениеті туралы көбірек білсе екен деймін.

Болашақта қобыз тартуды да үйренгім келеді. Оның үні өте әсем әрі терең. Қазір оған уақытым жете бермейді, бірақ бір күні бұл аспапты да меңгеремін деп үміттенемін. Өскенде музыка пәнінің мұғалімі болып, балаларға өнер үйреткім келеді.

– Мен болашақта табысты азамат болып, адамдарға пайдамды тигізгім келеді. Әрине, қарапайым армандарым да бар. Мысалы, жаңа iPhone 17 алғым келеді.

Музыкамен айналысуды жалғастырып, гитарада ойнау шеберлігімді жетілдіріп, жаңа бағыттарды байқап көргім келеді. Жақында уотерфон деп аталатын ерекше аспап туралы білдім. Оның өзгеше, сәл тылсым үні мені қатты қызықтырды. Мүмкін, бір күні сол аспапта ойнауды да үйренермін.

506
27.06.2026