
Хореография – би арқылы мәдени болмысты айшықтайтын, ұлттық образдар мен эстетиканы жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретін айрықша көркем тіл. Бидің бейнелі тілімен-ақ көп дүниені ұғып, ұғындыруға болады. Бүгінде Қазақстанда бұл өнер классикалық шеңберден шығып, жаңа көркемдік көкжиегіне жол ашып отыр. Ұлттық бастау көздері ырғақ, қимыл және сахналық бейне арқылы қайта зерделеніп, заманауи хореографияның өзегіне айналуда.
Осы үдерістің жарқын өкілдерінің бірі – заманауи қазақстандық хореографияның көрнекті өкілі, «Астана Опера» балет труппасының солисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сұлтанбек Ғұмар. Ол небәрі екі жыл бұрын классикалық балет аясында өзіне тән авторлық хореография тілін қалыптастыру жолында алғашқы дербес қадамын жасады.
Қысқа уақыт ішінде Сұлтанбек Ғұмар академиялық мектептің талаптарын сақтай отырып, ұлттық образ бен заманауи пластиканы нәзік үйлестіре білді. Оның қойылымдары Қазақстан сахналарында ғана емес, шетелдік көрерменнің де ықыласына ие болып үлгерді. Бұл – дәстүрді жаңаша сөйлете алған хореографиялық ойдың нәтижесі.
Qazaq Culture редакциясы Сұлтанбек Ғұмармен заманауи хореография тілінің қалыптасуы, шығармашылық ізденістері мен алдағы жоспарлары жөнінде сұхбаттасты.
– Сізді көпшілік «Астана Опера» солисі ретінде біледі. Кейінгі уақытта хореограф ретінде де танылып жүрсіз. Бұл екі рөлді қатар алып жүру қаншалықты қиын?
– Солист пен хореограф рөлін қатар атқару толықтай өзіңді жұмысқа арнауды талап етеді. Дегенмен бұл шығармашылық мүмкіндіктерді де айтарлықтай кеңейтеді. Өзім труппада би билеп жүргендіктен, әртістермен тікелей жұмыс істеу, қозғалысты өзім көрсетіп беру әлдеқайда жеңіл. Негізгі қиындық – тығыз жұмыс кестесінде. Репертуарлық спектакльдер мен премьераларға дайындықпен қатар, жаңа авторлық нөмірлерге де уақыт табу қажет.
Егер афишада Nomad Inspiration гала-концерті тұрса, дайындықтың барлығын өзім жүргіземін. Сол кезде залдан шықпай жұмыс істейміз деуге болады. Мұны мен ауыртпалық емес, мүмкіндік деп қабылдаймын. Күш-қуат бар кезде еңбек етіп, қазақ балетінің дамуына үлес қосуды маңызды санаймын.
Бір ұжымда жұмыс істей жүріп, әртістердің мінезін, мүмкіндігін, ішкі күйін жақсы білемін. Сондықтан шақырылған қоюшыларға қарағанда, орындаушыларды таңдауда сирек қателесемін. Олар мені әріптес әрі дос ретінде танығандықтан, маған ашық сенеді. Ал сенімге негізделген орта қойылымның сәтті шығуына тікелей әсер етеді.

– Қойылымдарыңызда тақырыптық шектеулер болды ма?
– Маған ешқашан нақты тақырып берілген емес. Мен тек өзім сезінген, маңызды деп санаған дүниені сахнаға шығарамын. Бәлкім, көрерменнің жұмыстарымды қабылдауы да осы шынайылықпен байланысты болар. Музыка таңдағанда оның тарихын міндетті түрде зерттеймін әрі әуен мен қозғалыстың ішкі үйлесімін сақтауға тырысамын. Музыка мен би бір тілде сөйлеуі керек. Мерекелік әуенге мұңды би қою мүмкін емес.
Балалық шағымнан бері қазақтың халық күйлерін тыңдап өстім. Домбыра, жетіген, қобыздың үні мені әрдайым ерекше шабыттандырады. Ұлттық аспаптардың өзі тарих айтуға шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Музыканы ести салысымен, көз алдыма сахналық бейне келеді. Осылайша «ХасСақ» ансамблінің музыкасына қойылған «Рух», «Той бастар», «Аралым», «Кемел адам», «Аңсау» қойылымдары, А. Райымқұлованың «Mankurt» шығармасына және Х. Шанғалиевтің «Әлем» композициясына арналған хореографиялық жұмыстар дүниеге келді.
– «Рух» қойылымы қалай дүниеге келді және оның көрерменге әсер етуінің сыры неде деп ойлайсыз?
– Мен көптен бері батылдыққа жетелейтін, ішкі қуат сыйлайтын ұлттық хореографиялық туынды жасауды армандап жүрдім. «Рух» қойылымын дайындау барысында Абылай ханның тарихи тұлғасына жүгіндім. Қойылымда әртістер қазақтың үш жүзін бейнелейтін үш топқа бөлінеді. Әр топтың өзіндік символикасы мен тотемдік образдарымен костюмдері бар. Композицияның ортасында барша жұртты Күн астына біріктіруге ұмтылған солист бейнесі тұр. Қақтығыс өрбіп, финалда әртістер солисті биікке көтеру арқылы Абылайдың хан сайлануын символдық тұрғыда көрсетеді.
«Рух» қойылымының табысының басты себептерінің бірі – музыка. «ХасСақ» ансамблінің «Аманат» композициясы маған ерекше шабыт берді. Барлығы дәл осы әуеннен басталды. Бір апта ішінде труппадағы әртістермен қойылымды толық дайындап шықтық. Олар идеямды бірден қабылдап, жұмысқа зор ықыласпен кірісті. Сол ортақ ынта мені де ерекше қанаттандырды.
Қойылым дайын болған соң, оны балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға ұсындым. Ол бастаманы бірден қолдап, жұмысты театр басшылығы тарапынан бекітуге ықпал етті.
Жуырда бұл қойылым Мәскеу қаласындағы Үлкен театрдың тарихи сахнасында көрсетілді. Бұл мен үшін ұмытылмас әрі айрықша маңызды оқиға болды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне, «Астана Опера» театрының басшылығына және әрдайым қолдау білдіріп келе жатқан Алтынай Асылмұратоваға шынайы алғысымды білдіремін.
Гастроль барысында әртістерге қазақ балет өнерін халықаралық деңгейде лайықты таныстыру міндеті жүктелді. Олар бұл жауапкершілікті үлкен шабытпен әрі жоғары кәсіби деңгейде орындады. Ал қойылымның «ХасСақ» ансамблінің тікелей музыкалық сүйемелдеуімен ұсынылуы көркемдік әсерді одан әрі күшейтті.
Бидің ұзақ ғұмыры көп жағдайда орындаушыларға байланысты. Егер әртістер қойылымды жүрекпен билесе, ол сахнада өмір сүреді. «Рух» қойылымының басты артықшылығы да – әр орындаушының шынайы ықыласы мен ішкі сенімінде. Сондықтан бұл қойылымның шығармашылық ғұмыры ұзақ болады деп сенемін.

– Сіз Борис Эйфман фестиваліне қатысып, Қытайда да халықаралық деңгейде мойындалдыңыз. Бұл тәжірибе сізге не берді?
– Борис Эйфман атындағы, Ресейдің халық әртісі ұйымдастырған «Жас хореограф» фестивалі менің хореограф ретіндегі алғашқы ірі кәсіби байқауым болды. Осы фестиваль аясында қойылған Mankurt миниатюрам жоғары бағаға ие болды. Борис Эйфманның өзі «Қазақтар, жарайсыңдар!» деп пікір білдірді. Сондай-ақ ресейлік мамандар менің Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы ең күрделі тақырыптардың бірін би тілімен жеткізе алғанымды ерекше атап өтті.
Маңызды кезеңдердің бірі – Қытайдың Ляонин қаласында өткен Бірінші халықаралық балет әртістері байқауы. Әлемдік балет өнерінің танымал шеберлері қазылық еткен бұл додада «Аңсау» қойылымым «Үздік хореография» аталымымен марапатталды.
Ауқымды жобалардың бірі – Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болды. Ассистенттерім Айбар Тоқтар және Нима Тоқовпен бірге 300-ден астам қатысушыны қамтыған ірі хореографиялық композиция дайындадық. Бұл жұмыс маған кәсіби тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да мол тәжірибе сыйлады.
Сонымен қатар Сингапурда өтетін жыл сайынғы «Чингай» ұлттық парадында хореограф ретінде еңбек еттім. Осындай халықаралық жобалар мені үнемі ізденіске жетелеп, хореография жолын одан әрі жалғастыруға ынталандырады.
– Қазіргі уақытта қандай жобамен айналысып жүрсіз?
– Шығармашылықта тоқтау болмайды. Күнделікті өмірдегі қарапайым қозғалыстың өзінен би элементтерін байқаймын. Көп жағдайда барлығы музыкадан басталады – әуен қозғалыстың мінезін өзі айқындайды.
Қазіргі таңда мен заманауи композитор Хамит Шанғалиевпен бірлесіп, «Төрт ақиқат – бір мәңгілік» атты бір актілі балетке дайындалып жатырмын. Қойылымда бүгінгі қоғамдағы отбасы қатынастары мен адам ішіндегі қайшылықтар тақырыбы қозғалады. Бес жұп арқылы махаббаттың бес кезеңі – бірліктен бастап, қақтығыс пен қабылдау арқылы мәңгілік сүйіспеншілікке дейінгі жол сахналық тілмен бейнеленеді.
Қалған ой-тұжырымды көрерменге премьерада ұсынбақпын.