Алматыда өткен «Күмбірле, домбыра, жасай бер, Астана!» концертін 3 мыңнан астам адам тамашалады

Алматыда өткен «Күмбірле, домбыра, жасай бер, Астана!» концертін 3 мыңнан астам адам тамашалады

Алматы қаласындағы Арбат алаңында Ұлттық домбыра күні, Астана күні және жаңа Конституцияның күшіне енген күніне орай «Күмбірле, домбыра, жасай бер, Астана!» атты мерекелік концерт өтті. Мәдени кешке 3000-нан астам адам жиналды.

Концертте Қазақстан Республикасы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің жанынан құрылған «Salt Sound» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Ұжым қазақтың дәстүрлі әндерін заманауи нақышпен ұсынып, ұлттық музыканы жаңа қырынан танытты.

Кешке халықаралық байқаулардың лауреаттары Жайна Тарғынова, Диас Мұратхан, Мирлан Жамбылов, Назерке Әбілхасенова және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Танат Сәденов қатысты.

Өнерпаздар «Salt Sound» ансамблінің сүйемелдеуімен қазақтың халық әндері мен күйлерін және әлемдік музыканың таңдаулы шығармаларын орындады. Өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген концерт мерекенің сәнін келтірді.

14
05.07.2026