
«Қыдырәли – Қарақат» мектеп-студиясының тәрбиеленушілері Қытайға гастрольдік сапармен барып, халықаралық мәдени алаңдарда қазақтың ұлттық музыка өнерін таныстырды. Жас өнерпаздар Шэньчжэнь, Гуанчжоу және Бейжің қалаларында өнер көрсетті.
Гастрольдік сапар Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі ұйымдастырған халықаралық мәдени-шығармашылық бағдарлама аясында өтті. Ұлыбритания, Шотландия, Таиланд, Ресей, АҚШ және Гонконгтан келген жас орындаушылардың басын қосқан жобаға Қазақстан алғаш рет қатысты.
Сапар барысында қазақстандық өнерпаздар домбырамен түрлі шығармалар орындап, қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдениетін дәріптеді. Халықаралық фестиваль балаларға өзге елдерден келген құрдастарымен шығармашылық тәжірибе алмасып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Бағдарлама концерттермен ғана шектелген жоқ. Қатысушылар Қытайдағы халықаралық мектептерді аралап, мәдени кездесулер мен білім беру іс-шараларына қатысты. Сапар аясында оқу орындары арасында достық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Гастрольдік сапардың басты мақсаты – қазақтың ұлттық өнерін халықаралық деңгейде дәріптеу, Қазақстан мен Қытай жастарының мәдени байланысын нығайту және жас өнерпаздардың шығармашылық көкжиегін кеңейту.