
Айжан Маратбекқызы Картаева бала күнінен ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақтың қыр-сырын меңгеріп, оның Өскемен өңірінде кеңінен насихатталуына үлес қосып келе жатқан спортшылардың бірі. Ол «Qazaq Culture» редакциясына берген сұхбатында «дала шахматы» атанған ұлттық ойынның тарихы мен ережесіне тоқталып, тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейде танылуы және өскелең ұрпақтың логикалық ойлау қабілетін дамытудағы маңызы туралы әңгімеледі.
– Тоғызқұмалақ қалай ойналады? Ойын барысында спортшыға қандай қасиеттер қажет?
– Тоғызқұмалақ – қазақ халқының тапқырлығы мен есепке жүйріктігін танытатын ұлттық зияткерлік ойын. Оның негізінде арифметикалық есеп пен логикалық ойлау жатыр. Ойыншы әр жүріс сайын тақтадағы құмалақтардың санын есептеп қана қоймай, бірнеше қадамнан кейінгі жағдайды алдын ала болжап, қарсыласының жоспарын аңғаруға тырысады. Сондықтан тоғызқұмалақ адамның есептеу қабілетін ғана емес, стратегиялық ойлауын, зейінін және шешім қабылдау дағдысын қатар дамытады.
Тоғызқұмалақты екі ойыншы ойнайды. Алғашқы жүрген ойыншы бастаушы, ал қарсыласы қостаушы деп аталады. Бастаушы келісім немесе жеребе арқылы анықталады, ал ресми жарыстарда тиісті жарыс тәртібі мен ойыншылардың көрсеткіштері ескеріледі.
Ойын 18 отау мен екі қазаннан тұратын арнайы тақтада өтеді. Әр ойыншының тоғыз отауы, бір қазаны және 81 құмалағы болады. Жалпы ойында 162 құмалақ пайдаланылады.
Тоғызқұмалақтың тарихы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты. Ерте кезеңдерде арнайы тақта болмаған кезде адамдар жерді немесе тасты ойып, отаулар мен қазандар жасап ойнаған. Мал бағып, далада жүрген адамдар да жерден шұңқыр қазып, қолда бар ұсақ тастарды құмалақ ретінде пайдаланған. Кейін шеберлер ағаштан жасалған, алып жүруге ыңғайлы жиналмалы тақталар әзірлей бастады. Осы тұрғыдан алғанда, тоғызқұмалақ – халқымыздың күнделікті өмірінен туындап, ғасырлар бойы жетіліп келе жатқан ой мәдениетінің көрінісі.
Ойыншыға ең алдымен жүйелі әрі логикалық ойлау қажет. Себебі бір ғана жүрісті емес, одан кейінгі бірнеше ықтимал нұсқаны алдын ала есептеп, соған сәйкес стратегия құру керек. Екінші маңызды қасиет – есепке жүйріктік. Тақтадағы құмалақтардың саны әр жүрістен кейін өзгеріп отырады. Ойыншы осы өзгерістерді жылдам есептеп, қай жүрістің тиімді екенін қысқа уақытта бағалай білуге тиіс.
Сонымен бірге тоғызқұмалақ сабыр мен ұстамдылыққа үйретеді. Кейде ойын барысында қарсылас басымдыққа ие болуы мүмкін. Осындай сәтте эмоцияға берілмей, асығыс шешім жасамай, жағдайды байыппен саралау өте маңызды. Зейінді ұзақ уақыт тұрақты ұстау да шешуші рөл атқарады. Бір сәттік алаңдау немесе есептен жаңылу бүкіл ойынның нәтижесіне әсер етуі мүмкін.
Тағы бір маңызды қабілет – есте сақтау. Тәжірибелі ойыншы бұрын кездескен тәсілдерді, түрлі комбинацияларды, қарсыластың ойын мәнерін есте сақтап, қажет кезінде сол тәжірибесін пайдаланады.
– Ойынның мақсаты не?
– Тоғызқұмалақтың негізгі мақсаты – қарсыластан көбірек құмалақ ұтып, өз қазаныңа кемінде 82 құмалақ жинау. Ойын басында әр ойыншының тоғыз отауында тоғыз құмалақтан, яғни барлығы 81 құмалақ болады.
Ойыншы жүрісті өз жағындағы кез келген отаудан бастай алады. Жүріс жасалатын отаудағы құмалақтардың біреуі орнында қалдырылып, қалғаны келесі отауларға солдан оңға қарай бір-бірден таратылады. Егер құмалақтар өз отауларынан асып кетсе, қарсыластың отауларына жалғасып түседі.
Тоғызқұмалақтағы негізгі есеп тақ және жұп сандардың өзара байланысына құрылады. Егер ойыншының соңғы құмалағы қарсыластың отауына түсіп, сол отаудағы құмалақтардың жалпы санын жұп етсе, ондағы құмалақтардың барлығы ойыншының қазанына алынады. Мұндай жүріс табысты немесе шабысты жүріс деп аталады.
Ал соңғы құмалақ қарсыластың отауындағы құмалақ санын тақ күйінде қалдырса немесе ойыншының өз отауына түссе, құмалақ ұтып алынбайды. Бұл жағдайда кезек қарсыласқа өтеді.
Сондықтан ойын барысында әр ойыншы өз отауларындағы құмалақтардың орналасуын тиімді сақтап, қарсыластың осал тұстарын есептеуге тырысады. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, әр жүрістің артында бірнеше қадамды алдын ала болжау, есептеу және нақты стратегия жатыр.
Ойын соңында өз қазанына 82 немесе одан да көп құмалақ жинаған ойыншы жеңіске жетеді. Ал екі ойыншы да 81 құмалақтан жинаса, ойын тең аяқталады.
– Тоғызқұмалақтағы «тұздық» пен «атсырау» ұғымдарының мәні неде?
– Тоғызқұмалақтың өзге зияткерлік ойындардан ерекшеленетін маңызды ережелерінің бірі – тұздық алу. Тұздық ойыншыға қарсыласының белгілі бір отауын өз пайдасына жұмыс істейтін ұяға айналдыруға мүмкіндік береді.
Ойын барысында отаулардағы құмалақ саны біртіндеп азайып, қарсыластың кейбір отауында екі құмалақ қалуы мүмкін. Егер ойыншының соңғы құмалағы дәл осындай отауға түсіп, ондағы құмалақ санын үшке жеткізсе, сол отаудан тұздық алуға құқылы. Үш құмалақ ойыншының қазанына түседі де, отау тұздық ретінде белгіленеді. Бұдан кейін ойынның соңына дейін сол отауға түскен әрбір құмалақ тұздық иесінің қазанына автоматты түрде алынып отырады. Сондықтан тұздықты дұрыс таңдау ойын барысына елеулі ықпал етіп, жеңіске жету мүмкіндігін арттыра алады.
Алайда тұздық алудың да өз шектеулері бар. Әр ойыншы ойын барысында тек бір ғана тұздық аша алады. Тоғызыншы отаудан тұздық алынбайды. Сондай-ақ қарсыластың тұздығымен аттас, яғни реттік нөмірі бірдей отаудан екінші ойыншы тұздық аша алмайды. Тұздық алуға мүмкіндік туғанның өзінде ойыншы оны міндетті түрде пайдалануға тиіс емес, қажет деп тапса басқа жүріс жасай алады. Бұл да ойынның стратегиялық сипатын тереңдете түседі.
Тоғызқұмалақтағы тағы бір ерекше ұғым – «атсырау». Қазақ ұғымында «атсырау» ұзақ жолдан немесе шабыстан әбден қалжыраған аттың күйін білдіреді. Ал тоғызқұмалақта бұл атау ойыншының отауларында жүріс жасайтын бірде-бір құмалақ қалмаған жағдайға қатысты қолданылады.
Ойыншы соңғы мүмкін жүрісін жасап, келесі кезекте жүре алмайтын жағдайға түссе, ол «атсырауға» ұшырады деп есептеледі. Осы кезде қарсыласы өз отауларында қалған барлық құмалақты қазанына жинайды. Содан кейін екі жақтың қазанындағы құмалақтар саналып, ойын қорытындысы шығарылады.
Атсырауға түсу міндетті түрде жеңілу деген сөз емес. Егер сол ойыншы бұған дейін қазанына 82 немесе одан да көп құмалақ жинап үлгерсе, ол жеңімпаз атанады. 81 құмалақ болса – ойын тең аяқталады, ал 81-ден аз болса – жеңіліс болып есептеледі.
– Бүгінде тоғызқұмалақ Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде ойналып жүр. Ұлттық ойынның халықаралық деңгейде танымал болуын немен байланыстырар едіңіз?
– Бүгінде тоғызқұмалақ әлемнің 30-дан астам елінде танылып, халықаралық деңгейде дамып келе жатқан зияткерлік ойындардың біріне айналды. Бұл халқымыздың сан ғасырлық рухани мұрасы ғана емес, адамның ойлау қабілетін, есепке жүйріктігін және стратегиялық шешім қабылдау дағдысын шыңдайтын үлкен зияткерлік мектеп.
Тоғызқұмалақтың әлемге кеңінен таралуына бірнеше фактор әсер етті деп ойлаймын.
Біріншіден, оның табиғаты әмбебап. Тоғызқұмалақ қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымынан туғанымен, ойынның негізіндегі логика, есеп, стратегия және қарсыластың бірнеше жүрісін алдын ала болжау кез келген адамға түсінікті әрі қызықты. Сондықтан ол ұлттық мәдениетті танытатын мұра ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге түсуге болатын зияткерлік спорт ретінде де қабылданып отыр.
Екіншіден, соңғы жылдары тоғызқұмалақтың халықаралық жарыс жүйесі қалыптасты. Әлем чемпионаттары мен түрлі халықаралық турнирлер тұрақты өткізіліп, көптеген елде федерациялар мен қауымдастықтар құрылды. Тоғызқұмалақтың Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енуі де оның танымалдылығын арттырып, жаңа елдер мен спортшылардың қызығушылығын оятты.
Үшіншіден, цифрлық технологиялар ойынның географиялық ауқымын айтарлықтай кеңейтті. Қазір тоғызқұмалақты онлайн платформалар арқылы әлемнің кез келген жерінен ойнауға болады. Бұл әсіресе жас буынның қызығушылығын арттырып, ұлттық ойынды жаңа аудиторияға танытуға мүмкіндік берді.
Төртіншіден, тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейде мәдени мұра ретінде мойындалуы оның мәртебесін көтерді. 2020 жылы тоғызқұмалақ Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның бірлескен номинациясы аясында ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бұл ұлттық ойынның әлемдік мәдени кеңістіктегі маңызын айқындаған үлкен жетістік болды.
Меніңше, тоғызқұмалақтың әлемге таралуының басты себебі – оның ұлттық сипаты мен жалпыадамзатқа ортақ зияткерлік табиғатының үйлесуінде. Бір жағынан, ол қазақ халқының дүниетанымын, ойлау мәдениетін танытады, екінші жағынан, кез келген адамға логикасын шыңдап, стратегиялық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейде танылуын ұлттық мұрамызды әлемге танытудың сәтті үлгісі деп бағалауға болады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамытуға және тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге ерекше мән беріп келеді. Мемлекеттік деңгейдегі мұндай қолдау тоғызқұмалақтың дамуына қандай мүмкіндік берді деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысының ұлттық спортты қолдауға басымдық беруі – төл құндылықтарымызды сақтап қана қоймай, оларды заман талабына сай дамытып, халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл тұрғыда тоғызқұмалаққа көрсетіліп отырған қолдаудың орны ерекше.
Ең алдымен, мемлекеттік қолдау ұлттық спорт түрлерінің мәртебесін айтарлықтай көтерді. 2025 жылдан бастап ұлттық спорт түрлерінің олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттардың қатарына енгізілуі тоғызқұмалақты жүйелі түрде дамытуға жаңа мүмкіндік ашты. Бұл қаржыландыруды күшейтіп, спортшыларды даярлау мен жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуға жағдай жасауға ықпал етеді.
Екіншіден, мұндай қолдау тоғызқұмалақты балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттауға жол ашады. Үйірмелер мен спорт мектептерінің жұмысы жанданып, қабілетті балаларды ерте анықтап, оларды жүйелі түрде шыңдауға мүмкіндік артады. Бұл болашақта кәсіби спортшылардың жаңа буынын қалыптастыру үшін өте маңызды.
Үшіншіден, саланың тұрақты дамуы білікті мамандар даярлаумен тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік қолдау жаттықтырушылар, төрешілер, әдіскерлер мен спорт менеджерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға, тоғызқұмалақтың әдістемелік және ғылыми негізін жетілдіруге де серпін береді.
Төртіншіден, ұлттық спортты ірі халықаралық алаңдарда таныстыру тоғызқұмалақтың беделін арттырады. 2024 жылы Қазақстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары соның айқын мысалы болды. Мұндай жарыстар шетелдік спортшылар мен көрермендерге тоғызқұмалақтың ерекшелігін танытып, оның халықаралық аудиториясын кеңейтеді.
Меніңше, ең басты мүмкіндік – тоғызқұмалақты ұлттық ойын деңгейінен қазақтың танымал зияткерлік брендіне айналдыру. Оның логикаға, есепке, стратегия мен байыпты шешім қабылдауға негізделуі қазіргі білім беру үрдісімен де жақсы үндеседі. Сондықтан тоғызқұмалақты тек спорттық жарыстармен немесе мектеп үйірмелерімен шектемей, білім беру, ғылым, цифрлық технологиялар және халықаралық спортпен сабақтастыра дамыту қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қолдау тоғызқұмалақтың алдында үш үлкен мүмкіндік ашып отыр деп ойлаймын: бұқаралық сипат алу, кәсіби деңгейде даму және әлемге қазақтың зияткерлік бренді ретінде танылу.
– Төл ойынға қалай келдіңіз? Алғашқы жарыстарыңыз есіңізде ме?
– Мен тоғызқұмалақты 1985 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатта 5-сыныпта оқып жүрген кезімде үйрендім. Сол жылдарды ерекше ықыласпен еске аламын. Өйткені тоғызқұмалақпен танысуым ғана емес, оның біздің өңірде кеңінен насихаттала бастаған алғашқы кезеңдерінің бірі де осы уақытпен тұспа-тұс келді.
Ол кезде Өскеменде небәрі екі қазақ мектеп-интернаты болатын. Сол оқу орындарына Қорғасын-мырыш комбинатында еңбек ететін Шәкер Жақыпов ағай келіп, тоғызқұмалақ үйірмесін жүргізе бастады. Біз үшін бұл бұрын-соңды көрмеген жаңа әрі қызықты ойын еді. Шәкер ағай бізге оның ережесін үйретіп қана қоймай, тоғызқұмалақтың қазақ халқының ұлттық зияткерлік ойыны екенін түсіндіріп, қызығушылығымызды оятты. Оның сол кездегі еңбегі біздің тағдырымызға үлкен әсер етті деп айта аламын.
1986 жылы Өскемен қаласында тоғызқұмалақтан алғаш рет облыстық жарыс ұйымдастырылды. Оған қаладағы екі қазақ мектеп-интернатының оқушылары мен «Коммунизм туы» газетінің журналистері қатысты. Сол жарыста мен бірінші орын алдым. Болат ағай екінші орынға ие болды, ал Ленин атындағы мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы Мират пен менің сыныптасым Сәрсенбек үшінші орыннан көрінді.
Бұл жарыс біз үшін ғана емес, өңірдегі тоғызқұмалақтың дамуы үшін де маңызды оқиға болды. Меніңше, дәл сол жылдардан бастап жұртшылық тоғызқұмалақты ұлттық ойын ретінде кеңірек танып, оған қызығушылық таныта бастады.
Ал 1987 жыл тоғызқұмалақ жолындағы ең ерекше кезеңдердің бірі болып қалды. 22-30 наурыз аралығында Алматы қаласында «Орталық Азия республикалары мен Қазақстанның тоғызқұмалақтан І фестивалі» өтті. Шығыс Қазақстан облысының атынан мені, сыныптасым Сәрсенбекті және Ленин атындағы мектеп-интернаттың оқушысы Миратты бапкеріміз Шәкер ағай дайындап, Алматыға алып барды.
Бұл біз үшін үлкен оқиға еді. Қазақстанда тоғызқұмалақтан осындай ауқымды жарыстың алғаш рет өтуінің өзі ерекше әсер қалдырды. Мен сол жарысқа қатысқан ең жас спортшы болдым. Жас болғанымызға қарамастан, Шәкер ағай бізді өте жауапкершілікпен дайындады. Тоғызқұмалаққа деген қызығушылығымызды арттырып, жарысқа қатысуымызға жол ашқан сол кісінің еңбегін әрдайым құрметпен еске аламын.
Сол сапарға байланысты тағы бір ыстық естелік бар. 1987 жылғы 1 сәуірде «Лениншіл жас» газетінде Шәкер ағайдың, Сәрсенбек пен Мираттың суреттері жарияланды. Ал 2 сәуірдегі санында менің тоғызқұмалақ тақтасын ұстап тұрған суретім жарық көрді. Ол кезде газет бетіне суретіңнің шығуы бала үшін үлкен қуаныш, үлкен мақтаныш болатын.
Қазір сол кезеңге қарап, бұл тек менің жеке тарихым емес екенін түсінемін. Ол – Өскемендегі қазақ мектеп-интернаттарында тоғызқұмалақты алғаш үйреніп, оның таралуына өз үлесін қосқан балалардың ортақ тарихы.
Бүгінде тоғызқұмалақтың еліміздің ұлттық брендіне айналып, халықаралық деңгейде кеңінен танылып келе жатқанына ерекше қуанамын. Өйткені мен оның Шығыс Қазақстандағы алғашқы қадамдарының куәсі ғана емес, сол қозғалыстың бел ортасында болған адамдардың бірімін.
Орталық Азия республикалары мен Қазақстанның тоғызқұмалақтан І фестивалі
«Лениншіл жас» 1987 жыл 1 сәуір
Жас тоғызқұмалақшы Картаева Айжан «Лениншіл жас» 1987 жыл 2 сәуір
– Осы орайда жастарға айтар тілегіңіз қандай?
– Мен тоғызқұмалақты қазақ халқының ұлттық болмысы мен дәстүрлі дүниетанымын, ойлау мәдениеті мен зияткерлік қабілетін тоғыстырған бірегей спорт түрі деп бағалаймын. Бұл – жай ғана ойын емес, адамның логикалық ойлауын, есепке жүйріктігін, сабыры мен стратегиялық шешім қабылдау қабілетін қалыптастыратын үлкен зияткерлік мектеп. Сондықтан тоғызқұмалақты «дала шахматы» деп атаудың да өзіндік мәні бар.
Бүгінде тоғызқұмалақ ұлттық шеңберден шығып, халықаралық деңгейде кеңінен танылып келеді. Онымен әлемнің 30-дан астам елінде айналысатыны – ұлттық ойынымыздың әлеуеті зор екенін көрсетеді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі оны одан әрі дамытуға жүктелетін жауапкершілік деп ойлаймын.
Жастарға айтарым – ұлттық мұраға тек өткеннен қалған құндылық ретінде қарамаңыздар. Оны бүгінгі өмірмен сабақтастырып, болашаққа жеткізу маңызды. Өз тарихын, дәстүрін, ұлттық ойындарын танып өскен жас өзінің кім екенін, қай мәдениеттің өкілі екенін тереңірек түсінеді.
Тоғызқұмалақ жастарды ойланып әрекет етуге, сабыр сақтауға, әр қадамын есептеуге, жеңіске табандылық пен еңбек арқылы жетуге үйретеді. Бұл қасиеттер ойын үстінде ғана емес, күнделікті өмірде де қажет.
Сондықтан жастар тоғызқұмалақты үйреніп қана қоймай, оны жаңа заманның мүмкіндіктерімен ұштастырса екен деймін. Цифрлық платформалар, халықаралық жарыстар, білім беру жобалары арқылы ұлттық ойынымызды жаңа деңгейге көтеруге болады. Бүгін тоғызқұмалақты меңгерген жас ертең оны әлемге танытатын тұлғаға айналуы әбден мүмкін.
Ұлттық спорт – халықтың рухы мен болмысын танытатын үлкен құндылық. Ал оны сақтап, дамытып, келесі буынға жеткізу – бүгінгі жастардың қолында.