
Елордадағы Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасында алғаш рет әйгілі қазақ балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өміріне арналған «Қажымұқан» драмасы сахналанды.

Пьеса авторы – Наурызбай Асылбек, қойылым режиссері – Ақниет Жақсығали. Қойылымға қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуанның тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілігі, қайсар рухы мен адамгершілік болмысы арқау болған.
Спектакльде Қажымұқанның балалық шағы, тұлға ретінде қалыптасу кезеңі, Еуропа ареналарындағы өнер көрсетуі көрініс тапқан. Осы арқылы кейіпкердің жан дүниесіндегі терең ішкі қайшылықтар айқын ашылады.

Қойылымға ерекше көркемдік әсер берген акробатикалық және цирктік нөмірлер, вокалдық партиялар мен пластикалық көріністер спектакльдің драматургиялық желісімен табиғи үндестік тапқан. Көркемдік шешімдер дәуірдің атмосферасын, аңызға айналған балуанның өнер көрсету сәттерін көркем түрде жеткізе білген. Нәтижесінде қойылым динамикасы жоғары, эмоциялық әсері қуатты сахналық туындыға айналған.

