Қазақстандық балет Рим опера театры сахнасында

Қазақстандық балет Рим опера театры сахнасында

Қазақстандық балет әлемнің жетекші сахналарында кеңінен танылып, ұлттық мектептің жоғары деңгейі мен орындаушылық шеберлігін дәлелдеп келеді. Отандық әртістердің шетелде өнер көрсетуі гастроль ғана емес, мәдени диалогтың бір бөлігіне айналып отыр.

Рим опера театрының сахнасында «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан табысты өнер көрсетті. Ол Людвиг Минкустың «Баядерка» балетіндегі негізгі партиялардың бірі – жауынгер Солордың рөлін 4, 6 және 7 ақпанда өткен үш спектакльде орындады. Оның осы рөлдегі техникалық шеберлік пен терең драмалық әсерге толы интерпретациясы Италия көрермені жылы қабылдады.

Өнер иесімен Еуропаның ірі сахналарының бірінде жұмыс істеу тәжірибесі туралы сұхбаттастық.

– Рим опера театрының сахнасында өнер көрсетуде қиындықтар болды ма?

– Италия көрерменіне шын жүректен алғыс айтамын. Әлемнің мәдени орталықтарының бірі саналатын Римде өнер көрсету, осындай беделді сахнаға Қазақстан атынан шығу мен үшін үлкен мәртебе. Париж операсының этуалі Бенжамен Пеш қойған хореографиямен жұмыс істеу, сондай-ақ Яна Саленко мен Рим опера театрының труппасымен бірге өнер көрсету өте жоғары кәсіби деңгей мен зор жауапкершілікті талап етеді. Мұндай сахналарда әрдайым өз шеберлігіңді дәлелдеп отыру қажет, өйткені бұл жерге кез келген әртіс шақырыла бермейді.

Дайындыққа берілген уақыттың тым шектеулі болуы да қосымша қиындық тудырды. Спектакльді қысқа мерзімде меңгеріп, труппа жұмысына табиғи түрде бейімделу керек болды. Бұған қоса, Рим опера театрының сахнасы әлемдегі ең еңіс сахналардың бірі саналады. Бұл орындау техникасына айтарлықтай әсер етеді. Секіру, айналу, жалпы координация мүлде өзгеше сезіледі. Сондықтан әртіс сахна ерекшелігіне тез бейімделе білуі тиіс.

Әртүрлі сахналарда және түрлі серіктестермен жұмыс істеу тәжірибесі менің бойымда күйзеліске төзімділік пен кәсіби икемділікті қалыптастырды. Барлық қиындықтарға қарамастан, спектакльдер жоғары деңгейде өтті. Мен үшін ең басты нәтиже – осы.

– Римде бұған дейін де өнер көрсеттіңіз. Мұндағы көрерменмен ерекше байланыс сезінесіз бе?

– Рим көрермені мені шынымен де жақсы таниды. Бұған дейін мұнда «Париж Құдай-ана соборы» және «Спартак» балеттерінде өнер көрсету бақыты бұйырған. Әр жолы көрерменнің сахнадағы оқиғаға шынайы қызығушылықпен, ерекше зейінмен қарайтынын сезінемін.

Әсіресе театрдағы қолдаумен қатар әлеуметтік желілердегі пікірлерді көру де қуантады. Мәселен, Джанфранко Джордано менің өнерімді «тынысыңды тартып алатын қуат» деп бағаласа, RadioDanza басылымының тілшісі орындауымды «магнетикалық әрі мінсіз» деп сипаттады.

Мұндай пікірлер сахнаға шыққан сайын атқарылған еңбек пен жауапкершіліктің мойындалуы. Мен үшін көрерменнің рөлге салынған энергия мен мағынаны сезінуі өте маңызды.

– Бенжамен Пеш қойған «Баядерка» балетінің жаңа нұсқасында жұмыс істедіңіз. Қойылым несімен ерекше?

– Бұл редакция нәзік стилистикасымен, әрбір детальға мұқият көңіл бөлінуімен ерекшеленеді. Бенжамен Пеш Мариус Петипаның академиялық негізін сақтай отырып, өзіне тән екпіндер мен тың хореографиялық шешімдер енгізген. Әсіресе, бірінші актідегі жаңа адажио мен үшін ерекше қызықты болды. Ол тек техникалық дәлдікті ғана емес, сондай-ақ ішкі жинақылық пен терең сезімді талап етеді.

Жалпы, классикалық спектакльдердің жаңа нұсқаларымен жұмыс істеу әртіс үшін әрдайым шығармашылық тұрғыдан байытатын тәжірибе. Бұл репертуарлық ой-өрісті кеңейтеді, таныс материалға жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді әрі кәсіби икемділікті дамытады.

Дайындық өте қысқа мерзімде өтті. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Римге жоспарланған уақыттан бір күн кеш ұшып келдім. Сондықтан бәрін барынша жылдам меңгеруге тура келді. Соған қарамастан, біз сахналық жұмысты тұтас үйлестіріп, жоғары көркемдік нәтижеге қол жеткізе алдық.

– Осындай халықаралық жобалармен жұмыс істеуде сіз үшін маңыздысы не?

– Мен үшін, ең алдымен, хореографтың жоғары бағасын алу аса құнды болды. Ол осындай қысқа мерзімде бүкіл материалды кәсіби деңгейде меңгеріп, спектакльдің құрылымына табиғи түрде кіріге алғанымды ерекше атап өтті.

Мен әрдайым қойылым жетекшісіне бір ескертуді қайта-қайта айтуға тура келмейтіндей жұмыс істеуге тырысамын. Материалды алғашқы айтылған сәттен-ақ түсініп, меңгеру – хореографқа да, өзіңе де әртіс ретіндегі құрметтің белгісі деп санаймын.

Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп жүріп, шетел сахналарында өнер көрсеткенде ерекше жауапкершілікті сезінесің. Себебі сен тек өзіңді ғана емес, «Астана Опера» театрын, тұтас бір елді таныстырасың. Мүмкін, халықаралық келісімшарттармен жұмыс істейтін көптеген әртістер мұндайды әрдайым сезіне бермейтін шығар. Мен үшін сахнаға Қазақстанның атынан шығатынымды терең түсіну – қағидатты ұстаным. Сондықтан өз өнерімді орташа деңгейде көрсетуге хақым жоқ.

Еуропаның ең беделді әрі тарихи маңызы зор театрларының бірі саналатын Рим опера театрының сахнасындағы қойылымға қатысуым – менің кәсіби деңгейімнің жоғары екенін және халықаралық балет сахнасында тұрақты сұранысқа ие екенімді тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

– Биылғы гастрольдік кестем толық қалыптасты. Алда Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Австралия және бірқатар басқа елдерде өнер көрсету жоспарланып отыр. Жобалардың географиясының кеңеюі қазақстандық балет мектебінің халықаралық деңгейде мойындалып, оның әлемдік мәдени кеңістіктегі орнының нығая түскенін көрсетеді.

168
09.03.2026