Мәскеудің жүрегіндегі Қазақстан өнерінің шедеврлері: Третьяков галереясы мәдени диалогтың жаңа қырын ашты

Мәскеудің жүрегіндегі Қазақстан өнерінің шедеврлері: Третьяков галереясы мәдени диалогтың жаңа қырын ашты

Қараша айында Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында Қазақстан мәдениетінің күндері аясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл жоба Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің 90 жылдығына арналды және Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстардың беріктігін айқындаған маңызды оқиға болды.

23 қарашаға дейін жалғасатын көрме көрерменге қазақстандық мүсін өнерінің шеберлері – Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаевтың туындыларын ұсынады. Олардың еңбектері ХХ ғасырдағы қазақ мүсін өнерінің қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен көркемдік ізденістердің сан алуандығын танытады.

Көрменің қалай ұйымдастырылғаны, оның идеялық негізі мен көрермендердің әсері туралы Qazaq Culture Третьяков галереясының шетелдік көрмелер бөлімінің бас маманы, Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Третьяков сыйлығының лауреаты Татьяна Губанова әңгімелеп берді.

- Татьяна Поликарповна, Қазақстан суретшілерінің көрмесін дәл Третьяков галереясында өткізу идеясы қалай туындады?

- Қазақстандық суретшілердің көрмесін Третьяков галереясында ұйымдастыру ойы кездейсоқ туған жоқ. Бұл бастама Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимова мен Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның кездесуінен кейін пайда болды. Сол жиында 2025 жылы Мәскеуде өтетін Қазақ мәдениеті күндерінің бағдарламасы талқыланған еді. Дәл сол жылы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің 90 жылдық мерейтойы атап өтілетін. Бұл - Қазақстан көркемөнер мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан аса маңызды мәдени орталық.

Осы екі айтулы оқиғаның тоғысуы ірі мәдени жобаны жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік берді. Бұл жоба Қазақстан өнерінің үздік үлгілерін көрсетуімен қатар, екі ел арасындағы мәдени үнқатысудың нышанына айналды. Третьяков галереясы - тек Ресейдің ұлттық өнер музейі ғана емес, сонымен бірге посткеңестік халықтардың көркем дәстүрлері тоғысатын орта.

Сондай-ақ, галерея қорында кеңестік кезеңдегі қазақстандық суретшілердің сирек әрі құнды туындылары сақталған. Бұл еңбектер өткен мен бүгінді жалғап, көрмеге ерекше мазмұн қосты. Олардың арқасында біз көрерменге ұлттық бейнелеу және мүсін өнерінің сабақтастығын, оның әлемдік өнер тарихындағы орнын көрсетуге мүмкіндік алдық.

Біз көрмені тек шығармалар топтамасы емес, Қазақстан өнерінің жүріп өткен жолын баяндайтын көркем әңгіме түрінде ұсынғымыз келді. Онда өз дәуірінің рухын, даланың философиясын және қазақ мәдениетінің ішкі үйлесімін сезіндіре білген тұлғалар жайында сөз қозғалады.

- Экспозицияны дайындау барысында өз алдыңызға қандай негізгі мақсат қойдыңыз?

- Ең алдымен біз көрермендерді ХХ ғасырдағы қазақстандық бейнелеу өнерінің ең үздік үлгілерімен - алғашқы кәсіби суретшілерден бастап, ғасыр соңындағы көркемдік бағытты айқындаған шеберлерге дейін таныстыруды мақсат еттік. Сондықтан көрме Әбілхан Қастеевтің шығармаларымен ашылады. Ол - Қазақстандағы кәсіби бейнелеу өнерінің негізін қалаған тұлға. Қастеевтің картиналары ұлттық көркемөнер мектебінің іргетасын қалап, кейінгі буынға бағыт-бағдар көрсетті.

Көрме құрылымы - ұлт өнерінің сабақтастығы туралы бейнелі әңгіме іспетті. Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмаилова, Сабыр Мәмбеев, Қанафия Телжанов пен Молдахмет Кенбаев сынды суретшілер ұлттық дәстүр мен реалистік тәсілді үйлестіре білді. Олардың туындылары қазақ әлемінің рухани жылылығын, шынайылығын сақтап қалды.

Бұдан әрі көрермен «алпысыншы жылғылардың» шығармашылығы арқылы батылырақ, еркін көркемдік тілге қадам басады. Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаев еңбектерінен ішкі қуат пен бояу қарқыны, жаңа көркемдік тілге ұмтылыс айқын сезіледі.

Көрменің шарықтау шегі - Камиль Муллашевтің философиялық триптихі «Жер мен уақыт. Қазақстан». Бұл туындыда елдің өткенін, бүгінін және болашағын біріктірген біртұтас кеңістік бейнеленеді. Ол - мәдени жадының үзілмес желісі мен халықтың рухани қуатын бейнелейтін символ іспетті.

- Көрмеде қазақстандық мүсіншілердің еңбектеріне ерекше орын берілген. Бұл шешім неліктен қабылданды және мүсін өнері көрменің жалпы тұжырымында қандай мағына береді?

- Мүсін өнері - қазақстандық көркем дәстүрдің ажырамас бөлігі. Онсыз ұлттық бейнелеу өнерінің толық картинасын көзге елестету мүмкін емес. Экспозицияда Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаев сияқты мүсін шеберлерінің еңбектері қойылған. Олар форманың пластикасы мен материалдың эмоционалдық қуаты арқылы ұлттық мінезді, ішкі күшті дәл жеткізе білді.

Бұл туындылар ресейлік экспонаттармен қатар орналасып, көркем және мағыналық үндестік тудырады. Сол арқылы ортақ дәстүрлердің сабақтастығы мен қазақстандық мүсін мектебінің дара сипаты, өзіндік әуені мен философиялық тереңдігі айқын көрінеді.

- Көрме жеке залда емес, ХХ ғасыр өнері қойылған кеңістікте орналастырылған екен. Мұндай шешімнің себебі неде?

- Бұл - ойластырылған шешім. Біз ресейлік және қазақстандық өнер арасындағы диалогты көздедік. Мақсат - айырмашылықтарды ғана емес, суретшілердің көркем ойлауы мен тақырыптық ұқсастықтарын да көрсету.

Қастеев, Ысмаилова немесе Телжанов картиналары Ресейдің кеңестік дәуір суретшілерімен қатар ілінгенде, көрермен еріксіз салыстыру жасайды. Ортақ тақырыптар, ұқсас интонациялар, туған жерге, еңбек адамына деген сүйіспеншілік байқалады. Бірақ сонымен қатар қазақ суретшілерінің туындыларында ерекше поэтикалық сезім, көшпелі мәдениетпен байланыс, кеңістік пен жарыққа деген ұмтылыс сезіледі.

Көрмеге келушілер мен мамандар бұл жобаны үлкен қызығушылықпен қабылдады. Көпшілік үшін бұл - музей қорларында ондаған жылдар сақталған туындыларды көрудің сирек мүмкіндігі болды. Көрермендерді ең әсерлендірген жайт - шағын көлемдегі экспозицияның өзінде қазақстандық бейнелеу өнерінің бүкіл даму жолын қамтып, негізгі кезеңдер мен көрнекті тұлғаларды таныстыра алғаны.

Көптеген сыншылар ресейлік және қазақстандық суретшілердің үндестігін атап өтті: күнделікті өмірден сұлулық табуға ұмтылыс, ұлттық дәстүрге құрмет пен терең поэтикалық көзқарас - осы қасиеттер екі мәдениетті рухани тұрғыдан жақындастырып тұр.

- Демек, Мәскеу көрермені көрмені үлкен қызығушылықпен қабылдап, оң пікір білдірді деуге бола ма?

- Иә, көрмеге деген қызығушылық біз күткеннен де жоғары болды. Бар-жоғы үш апта ішінде оны 40 мыңнан астам адам тамашалады. Көпшілігі алғаш рет Қазақстанды бейнелеу өнері арқылы танығанын айтты.

Әсіресе, галерея жанындағы балалар студиясының шәкірттері көрмеден алған әсерімен өз суреттерін салған сәттер ерекше әсер қалдырды. Олардың қиялында дала, киіз үй, ұлттық өрнектер қайта тіріліп, жаңа бейнеге айналады.

Музей мамандары экспонаттардың іріктелу деңгейін жоғары бағалады. Көрменің көлемі шағын болғанымен, ол қазақстандық бейнелеу өнерінің даму эволюциясын айқын көрсетіп, негізгі бағыттар мен көркемдік мектептердің сипатын ашып берді.

Бірақ ең бастысы - бұл жоба жай ғана көрме емес, екі елдің өнерін тоғыстырған нағыз мәдени диалогқа айналды.

- Сіздің ойыңызша, көрменің ең басты жетістігі неде және ол көрермендер мен кәсіби ортада қандай әсер қалдырды?

- Мен үшін ең қымбаты - адамдардың шынайы ықыласы. Көрермен екі мәдениеттің жақындығын, ортақ рухани тамыр мен үйлесімге деген ұмтылысты сезінді. Біз осы арқылы Қазақстан өнерінің әлемдік көркем кеңістіктің ажырамас бөлігі екенін көрсете алдық.

Сонымен қатар бұл көрме екі ел музейлері арасындағы жаңа серіктестіктің бастамасына айналды. Алдағы уақытта мұндай жобалар тұрақты дәстүрге ұласса дейміз. Өйткені мәдени алмасу - әрқашан өзара шабыт пен рухани байланыс тудырады.

- Соңғы сұрақ: бүгінгі таңда Сіздің ойыңызша, қазақстандық өнердің басты миссиясы неде?

- Қазақстан өнері - бұл халықтың мәдени болмысының айнасы. Ол көшпелі өмір салтының жады мен табиғатқа деген құрметті сақтай отырып, заманауи тілмен сөйлейді.

Кескіндеме, мүсін, графика арқылы Қазақстан өзін әлемге танытып келеді - сұлулықты терең сезіне білетін, философиялық ойлайтын, әлеммен аудармасыз тілдесетін ұлт ретінде.

Өнер - біздің ішкі үнсіз сөзіміз, рухани кодымыз.


99
12.11.2025