«Әр тігіс — өнердің өзегі»: «Астана Операда» костюмдер қалай дайындалады?

«Әр тігіс — өнердің өзегі»: «Астана Операда» костюмдер қалай дайындалады?

Сахна сыртында – үнемі көзге көріне бермейтін, бірақ әр спектакльдің сәтті шығуына тікелей ықпал ететін үлкен еңбек жатыр. «Астана Опера» театрының тігін цехында көрерменді бірден баурап алатын бейнелер дүниеге келеді. Бұл – жай ғана костюм емес, әр кейіпкердің мінезін, дәуірін, сезімін сөйлететін нағыз сахналық өнер туындысы. Сол көркем әлемнің ішінде, тігін шеберханасының тыныс-тіршілігін басқарып жүрген — Фатима Сатыбалдина. Ол сахналық костюмнің алғашқы эскизінен бастап, әртіс сахнаға шыққан сәтке дейінгі бүкіл үдерісті бес саусағындай біледі. Qazaq Culture порталына берген сұхбатында ол сахна киімі қалай жасалатынын, оған қанша адам жұмылатынын, сондай-ақ неге костюм – рөлдің жалғасы екенін әңгімелеп берді.

Премьера деген театр үшін жаңа кезеңнің бастауы. Ал костюмге келсек, ол қандай жолдан өтеді?

— Рас айтасыз, әр премьера біз үшін жаңадан өмірге келген қойылым сияқты. Оның әр бөлшегі — бейнебір жаңа дүние. Костюм де солай. Бәрі костюм суретшісінің эскизінен басталады. Сосын әйел және ерлер костюміне жауапты технологтар, пішушілер, суретшінің көмекшісі — бәрі бірігіп, әр бейнені жеке талдаймыз.

Мата түрін, силуэт пен пішінді, костюмнің қалай отыратынын, әшекей-безендірілуін түгел қарап шығамыз. Смета жасалып, материал сатып алынғаннан кейін маталар цехқа түседі. Сол сәттен бастап қызу жұмыс басталады.

Технологтар әр шеберге тапсырма бөліп береді. Бірінші өлшеп көруден кейін, костюм нақты әртістің дене пішініне қарай қайта өңделеді. Бір костюмді тігуге шамамен 3–4 күн кетеді. Премьераға бір апта қалғанда әртістерге тапсырамыз. Олар репетиция кезінде сол костюммен жұмыс істеп, бейнеге толық еніп кетеді.

Костюмдер қандай маталардан тігіледі? Жанрға байланысты ерекшеліктер бар ма?

— Әр жанрдың өз талабы бар. Балетке, ең алдымен, икемді, қозғалысқа кедергі келтірмейтін маталар керек. Опера әртістері үшін бастысы — жайлылық. Сахна жарығы ыстық, сондықтан киімнің «дем алуы» қажет.

Матаның әдемі болуы ғана емес, ыңғайлылығы да – біз үшін басты шарт. Ал көркемдік талап — ол әркез өз алдына. Біз осы екеуінің тепе-теңдігін табуға тырысамыз.

Бір қойылымға қанша адам қатысады? Костюмдер қанша уақытта дайын болады?

— Орта есеппен 23 адам жұмылдырылады. Оның ішінде 12 тігінші, 2 технолог, 2 пішуші, көмекшілер, бас киім шеберлері және костюм суретшілері бар.

Кей спектакльде 200-ден астам костюм болады. Ондайда бірнеше ай бойы тоқтаусыз жұмыс істейміз.

Костюмді соңғы сәтте, түн ішінде қайта тігуге тура келетін жағдайлар бола ма?

— Иә, ондай кездер болады. Мысалы, әртіс ауырып қалады да, басқа орындаушыға киімді шұғыл лайықтау қажет болады. Ондай сәтте команда бір-біріне иек артып, тыныш, тиянақты жұмыс істейді. Бізде бәрі өз орнын, өз міндетін біледі.

Костюм уақытылы дайын болмаса, бүкіл қойылымның жүрісі бұзылады. Сондықтан бәрі бір-біріне сенеді, қолдайды.

Сізге ерекше есте қалған костюмдер бар ма?

— Иә, көп. «Париж Құдай Анасының соборы» қойылымында бір көйлектің жеңі 3 метрге дейін жетті. Артист сахнада небәрі бір минут қана көрінсе де, біз ол костюмге ерекше назар аудардық — себебі ол сәт визуалды әсер тұрғысынан өте маңызды болды. «Золушка» қойылымы — органзаның қалың қабаттары, көп деңгейлі белдемшелер, ұсақ әшекейлер… Олардың әрқайсысы — көзге көрінбейтін, бірақ әсері күшті бөлшектер.

Ал сол костюмдер сахнада жарықпен үйлесіп, музыкамен бірге «тірілгенде» – біздің еңбегіміздің шын бағасын алғандай боламыз. Көрермен ол тігістің артында қаншама еңбек жатқанын білмеуі мүмкін. Бірақ біз білеміз: әрбір жіп — сол спектакльдің жаны сияқты.

Осы жұмысыңызды бір сөзбен сипаттасаңыз?

— Сиқыр дер едім. Біз — адамдарды басқа әлемге алып кететін бейнелер жасаймыз. Сахнада шындық пен қиялдың шегі жойылады. Соған үлес қосып жүргеніміз — біз үшін ең үлкен бақыт.


72
14.06.2025