
Кейбір жәдігерді көрерменге апарып көрсету мүмкін емес. Алтын бұйымдар, археологиялық жәдігерлер, сирек қолжазбалар мен тұрмыс тарихын айғақтайтын заттар ерекше сақтау тәртібін қажет етеді. Оларды қорғау, ғылыми сипаттау, реставрациялау сияқты процестердің бәрі мұқият атқарылады. Бірақ уақыт өзгерді. Бүгінде музей мен қоғам арасындағы байланыс тек экспозиция залымен шектелмейді. Мәдениетке қол жеткізу экраннан басталатын жаңа әдет қалыптасты.
Қазақстан үшін бұл бағыттың өз орны бар. Ел аумағы кең, өңірлер алыс. Сондықтан мәдени мұраны тек бір орталыққа байлап қою әрдайым тиімді емес. Осыған қарамастан, музейге келушілер саны төмендеген емес: 2024 жылы музей табалдырығын 6,6 миллион адам аттағаны тіркелген. Музей желісі де ауқымды: елімізде 285 музей жұмыс істейді. Бұл деректер тарихи және мәдени жәдігерлер қоғамдық өмірдегі рөлін сақтап отырғанын, оның білім беру мен мәдени ортадағы салмағы бар екенін көрсетеді.
Дегенмен өсіммен бірге күрделі міндеттер де көбейеді. Қорлар ұлғаяды, келушінің сұранысы өзгеріп отырады, ал өңірлердегі мүмкіндік бірдей емес. Сондықтан музей коллекцияларын біріктіретін ортақ цифрлық платформа идеясы уақыт талабынан туған шешім ретінде қабылданады. Мұндай жүйе ақпаратты реттеуге көмектеседі, қолжетімділікті арттырады және жәдігерлерді ел ішінде ғана емес, кеңірек аудиторияға таныстыруға жол ашады.
Қазақстанда ірі республикалық музейлермен қатар шағын аудандық музейлер де жұмыс істейді. Әр мекеменің бағыты, коллекция ерекшелігі, аудиториясы әртүрлі. Бірақ ортақ міндеттер ұқсас: қорды жүйелі есепке алу, атрибуцияны нақтылау, сапалы визуалды материал дайындау, ғылыми зерттеу мен көрмеге қажетті деректі жылдам табу.
Осы міндеттерді шешу үшін E-museum іске қосылды. Бұл – музей қорларын бір платформаға біріктіретін бірыңғай цифрлық портал. Онда электронды каталог, интерактивті құралдар, 3D-модельдер және виртуалды турлар сияқты форматтар қарастырылған. Яғни портал тек ақпараттық база емес, музей контентін жаңа формада ұсынудың құралына айналып келеді.

Жоба дамуын нақты деректер көрсетуде. 2023 жылы жүйеге 33 музей қосылып, 15 мыңнан астам жәдігер цифрландырылды, 50 үшөлшемді модель әзірленді. Бұл кезеңде ең алдымен жұмыс стандарттары, цифрлау әдістері, материал сапасы, кадр дайындығы сияқты мәселелер тәжірибеде пысықталды.
Келесі кезеңде жұмыс ауқымы едәуір кеңейді. 2024-2025 жылдардың қорытындысы бойынша жүйеге 20 өңірден 252 мемлекеттік музей интеграцияланған. Цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам жәдігер енгізіліп, 750 3D-модель әзірленген, көрермендер үшін 15 виртуалды тур қолжетімді болды. Бұл E-museum енді жеке мекемелер деңгейінен шығып, елдің музей кеңістігін бір жүйеге келтіруге бағытталған ұлттық бастамаға айналғанын аңғартады.

Музей үшін цифрлық визуализацияның мәні тек әсем көріністе емес. 3D-модель көрерменге жәдігерді жақыннан қарауға мүмкіндік береді: витрина, жарық немесе қауіпсіздік талаптары шектейтін детальдар цифрлық форматта айқын көрінеді. Білім беру саласы үшін бұл – сабаққа енгізуге болатын нақты материал. Ал зерттеушілер үшін – түпнұсқаны тасымалдамай-ақ, әртүрлі коллекциялардағы бұйымдарды салыстыруға жағдай жасайтын қосымша ресурс.
Сондықтан қазіргі таңда қол жеткізген жетістік сандық көрсеткіш қана емес, музейлердің жаңа форматтағы мәдени және білім беру өнімін қалыптастырып жатқанын білдіреді.
E-museum дамуының тағы бір бағыты – жасанды интеллект элементтерін енгізу. Порталда ЖИ-негізіндегі шешімдер мен виртуалды гидтер пайда болып, функционалды әрі қарай дамыту жұмыстары жалғасатыны айтылды. Тәжірибелік тұрғыдан алғанда, мұндай құралдар ауқымды дерек көздерімен жұмыс жүргізу үшін қажет: сипаттамаларды өңдеуді жылдамдатады, контентті бірнеше тілде ұсынуды жеңілдетеді, суреттерді талдау арқылы экспонат карточкаларының сапасын арттыруға көмектеседі. Бірақ негізгі қағида өзгермейді: жасанды интеллект музей маманын алмастырмайды және ғылыми қорытындыны беретін құрал емес. Оның міндеті – біртекті негізгі жұмысты азайтып, дерек өңдеуді тиімді ету.
Музейлерді цифрландырудың тағы бір маңызды қыры – өңірлер үшін ашылатын мүмкіндік. Ірі музейлер әрдайым назарда болғанымен, өңірлік қорларда да бағалы материал аз емес. Жергілікті тарихқа қатысты деректер, тұрмыс мәдениетінің үлгілері, бірегей жәдігерлер көбіне сол жерде сақталады. Бірыңғай платформа осы қорларды кең аудиторияға таныстыруға көмектеседі: мәлімет бірізденеді, іздеу жеңілдейді, ал келушінің ел бойынша мәдени мұраға қатысты тұтас түсінігі қалыптаса бастайды.
Сонымен бірге жоба халықаралық байланыстар тұрғысынан да өзекті. E-museum туралы материалдарда шетелдік музейлермен, ғылыми орталықтармен және мәдени ұйымдармен ынтымақтастық әлеуеті атап өтіледі. Мұндай қарым-қатынаста цифрлық каталог маңызды рөл атқарады: ол коллекцияны кәсіби ортаға түсінікті форматта ұсынады – дерек, сипаттама, визуал және қолжетімділік арқылы.

Бүгінгі ақпарат дәуірінде музейдің өзектілігі төмендеді деп айту қиын. Керісінше, келушілер саны мәдениетке, тарихқа, ұлттық болмысқа деген қызығушылық бар екенін айқындады. Бірақ осы қызығушылық тұрақты мәдени тәжірибеге айналуы үшін музейлерге қазіргі талапқа сай инфрақұрылым қажет. Оның ішінде цифрлық жүйелердің де орны ерекше.
Осы тұрғыдан алғанда, E-museum – музей кеңістігін реттеп, біріздендіруге бағытталған жоба. Ол мәдени мұраны көрумен ғана шектемей, сипаттауға, салыстыруға, зерттеуге және білім беру үрдісіне енгізуге мүмкіндік береді. Цифрлық платформа кеңейген сайын, музей бір ғимараттың шеңберінен шығып, қоғам үшін ашық мәдени ортаға біртіндеп айналып келеді.