Дала қаруы: Музей жәдігерлері қазақ батырлары туралы қандай сыр шертеді?

Дала қаруы: Музей жәдігерлері қазақ батырлары туралы қандай сыр шертеді?

Көшпенді жауынгердің қаруы әскери тарихтың бір кезеңінен хабар беретін қарапайым бұйым ғана емес. Онда тұтас дала өркениетінің дүниетанымы тоғысқан. Қазақ батыры үшін қару – күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігі, туған жері мен елі алдындағы жауапкершілігінің нышаны, бала жастан қалыптасқан жауынгерлік машығы мен рухының жалғасы болды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі қорында суық және атыс қаруларының, сауыт-сайман мен түрлі қорғаныс жабдықтарының бай коллекциясы сақталған. Олардың бірқатары Қазақ хандығы дәуірінен жеткен құнды мұралар болса, енді бір бөлігі кейінгі кезеңдерде – XIX-XX ғасырларда жасалған. Коллекция құрамында Хиуа мен Бұхара секілді Орталық Азияның ірі қолөнер орталықтарында шыңдалған қару-жарақ үлгілері де кездеседі.

Бұл жәдігерлердің әрқайсысы дала жауынгерінің өмірі мен әскери мәдениетінен сыр шертеді. Олардың пішіні мен құрылымынан көшпенділердің өмір салтына бейімделген ұтқырлықты, шеберлердің асқан дәлдігін және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қару жасау дәстүрін аңғаруға болады. Тұтас алғанда, бұл мұралар жауынгерлік өнер мен қолөнер шеберлігі үйлесім тапқан, әрбір бөлшегі нақты мақсатқа қызмет еткен көшпелі дүниенің терең болмысын танытады.

Бабадан жеткен мұра

Музей қызметкері Ілияс Оразалиннің айтуынша, қордағы көптеген жәдігер жеке отбасылық коллекциялардан алынған. Кейбір әулеттер үшін мұндай бұйымдар жай ғана көне зат емес, ата-бабадан қалған қастерлі аманат, өткеннің көзіндей сақталған рухани мұра саналған. Қару әкеден балаға, атадан немереге табысталып, онымен бірге ерлік пен ел қорғау дәстүрі, жер тағдыры сынға түскен шешуші кезеңдердің шежіресі де ұрпақ жадында сақталып отырған.

Музей коллекциясының айрықша құндылығы да осында. Бұл жәдігерлер қару-жарақтың техникалық тұрғыдан қалай жетілгенін ғана емес, халықтың тарихи жады мен ата мұрасына деген құрметін де танытады. Әулеттер қастерлі мұраларын музей қорына тапсырған сәттен бастап, бір отбасының тарихы жалпыұлттық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналады.

Экспозициядан қылыш, семсер секілді жүзді қаруларды, найза, шоқпар, садақ пен жебені, сауыт-сайман мен қалқандарды, сондай-ақ атыс қаруының алғашқы үлгілерін көруге болады. Солардың арасында білтелі мылтықтың орны ерекше. Ол – оқ-дәрі қолданылған алғашқы атыс қаруларының бірі. Мұндай мылтықтар Еуропада да, Орталық Азияда да кеңінен пайдаланылып, әскери істің дамуында және соғыс жүргізу тәсілдерінің өзгеруінде маңызды кезеңнің басталуына жол ашты.

Батырдың бес қаруы

Дәстүрлі ұғымда, жауынгер соғыс жағдайына қарай қолданылатын бірнеше негізгі қару түрін жетік меңгеруге тиіс болған. Олардың бірі алыстан нысана көздеуге арналса, енді бірі қоян-қолтық шайқаста қолданылған. Кейбір қарулар соққы беруге, шаншуға немесе шабуға бейімделді. Осылайша, жауынгер игеруге тиіс негізгі қару түрлерін біріктіретін «бес қару» ұғымы қалыптасты.

Солардың ішінде кең тараған қарудың бірі – шоқпар. Ол соққы беруге арналған берік әрі қарапайым қару саналған. Шоқпарды көбіне емен, қайың секілді қатты ағаштан жасаған. Жасалуы күрделі емес әрі қолжетімді болғандықтан, оны дәулетті батырлармен қатар қарапайым халық та пайдаланған. Кейбір шоқпарлардың басы немесе ұшы темірмен құрсауланып, соққы күшін арттыра түскен.

Орталық Азия халықтарының қару-жарақ мәдениетінде «босмойын» деп аталатын қару түрі де кездеседі. Ол сабы мен ұшына ауыр металл бөлшек бекітілген қозғалмалы шынжырдан тұрған. Серпіліп соғылатын мұндай қару сауыт киген қарсыласқа соққы беруге, сондай-ақ оның қолындағы қаруын қағып түсіруге тиімді болған.

Жауынгер үшін найзаның да орны айрықша еді. Әсіресе атты әскер шайқасында бұл қарудың маңызы зор болды. Ұтқырлық пен шапшаң қимыл шешуші рөл атқарған дала ұрысында найза салт аттыға қозғалыс үстінде соққы беріп, қарсыласымен бірден қоян-қолтық айқасқа түспеуге мүмкіндік берген.

Найза ұштарының пішіні де әртүрлі болған. Үш қырлы, төрт қырлы немесе құрылысы күрделірек болып келетін ұштықтар қарсыластың қандай қорғаныс жарағын қолданғанына қарай жасалған. Мұның өзі дала шеберлерінің қаруды тек тұрмыстық бұйым ретінде емес, нақты әскери міндетке бейімделген құрал ретінде жетілдіргенін аңғартады.

Садақ – дәлдік пен төзім мектебі

Садақ көшпенді жауынгердің негізгі қаруларының бірі болды. Ол алыстағы нысананы дәл көздеуге мүмкіндік беріп, соғыс ісінде ғана емес, аңшылықта да кеңінен қолданылды. Садақ тарту өнері бала жастан үйретілген. Дала өмірінде бұл жай ғана қару қолдану машығы емес, төзімділік пен қырағылықты, дене қимылының үйлесімін және атты еркін меңгеруді талап ететін кешенді өнер саналды.

Ат үстінде садақ ату жауынгерлік шеберліктің ең биік үлгілерінің бірі еді. Көшпенді нысанаға дәл тигізумен ғана шектелмей, шауып келе жатқан аттың үстінде тепе-теңдігін сақтап, оның жүрісін толық бақылауға тиіс болды. Сондықтан даладағы әскери дайындық халықтың күнделікті тұрмысынан ажыраған жоқ. Аңшылық, бәйге, ұлттық ойындар мен түрлі сайыстар жас ұрпақтың ептілігін шыңдап, болашақ ел қорғаушының бойында қажетті қасиеттерді біртіндеп қалыптастырды.

Жебе ұштары да атқаратын қызметіне қарай әртүрлі жасалған. Олардың бірі сауыт-сайманды тесіп өтуге бейімделсе, енді бірі қарсыласқа ауқымды әрі ауыр жарақат салуға арналған. Музей қорларында сақталған осындай ұсақ бөлшектердің өзі көшпенділердің қару-жарақ жүйесі қаншалықты мұқият ойластырылғанын аңғартады. Әрбір қару мен оның әр бөлшегінің ұрыс үстінде өзіндік міндеті, қолданылатын орны мен тәсілі болған.

Қылыш, сапы және айбалта

Жүзді қарулар дала жауынгерінің қару-жарақ жүйесінде айрықша орын алды. Музей экспозициясынан қанжар, сапы, қылыш пен семсердің әртүрлі үлгілерін көруге болады. Олардың көлемі, жүзінің пішіні мен сабының құрылысы қарудың қандай жағдайда және қандай ұрыс тәсілінде қолданылғанына қарай ерекшеленген.

Сапы – сабын қорғайтын көлденең бөлігі айқын жетілмеген, жүзі қысқа қару. Ол негізінен қоян-қолтық шайқаста кесу және шабу үшін қолданылған. Ал қылыш сабының тұсында жауынгердің қолын қорғайтын арнайы бөлігі болуымен ерекшеленді. Бұл қаруды нық ұстап, ұрыс кезінде сенімді әрі еркін қимылдауға мүмкіндік берген.

Қылыш жүзінің иілген пішіні де кездейсоқ таңдалмаған. Ол әсіресе ат үстіндегі шайқасқа қолайлы болды. Шауып келе жатқан жауынгердің екпінімен жасалған шаппа соққының қуатын арттырып, қарсыласты қозғалыс үстінде дәл әрі пәрменді түйреуге немесе шабуға мүмкіндік берді.

Айбалта – ерекше назар аударуға лайық жауынгерлік қарудың бірі. Сыртқы тұрпаты тұрмыста қолданылатын балтаға ұқсағанымен, оның жасалу мақсаты мүлде бөлек еді. Айбалтаның салмағы, тепе-теңдігі, сабының ұзындығы мен жүзінің пішіні ұрыс жағдайына бейімделіп жасалған. Шебер жауынгердің қолында ол, әсіресе қоян-қолтық айқаста, жойқын соққы беретін аса қуатты қаруға айналды.

Сауыт-сайман

Батырдың қару-жарағын қорғаныс жабдықтарынан бөліп қарау мүмкін емес. Сауыт жауынгердің сыртқы келбетін айқындайтын әрі ұрыс үстінде өмірін қорғайтын маңызды жарақтың бірі болды. Ол металды әртүрлі тәсілмен өңдеу арқылы жасалған. Соның кең тараған үлгілерінің бірі – кіреуке сауыт. Бір-біріне жалғанған ұсақ темір шығыршықтардан тоқылған кіреуке шабу мен кесу соққыларынан жақсы қорғаныс бергенімен, шаншып соғатын қаруға қарсы төзімділігі біршама төмен болған.

Қорғанысты күшейту үшін сауыттың кеуде тұсына шарайна бекітілген. Дененің ең осал бөлігін жабатын бұл металл тақталар жауынгердің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, оның дәулеті мен қоғамдағы мәртебесін де аңғартқан. Шарайна неғұрлым сапалы металдан жасалып, көркем безендірілсе, иесінің әлеуметтік орны да соғұрлым айқын көрінген.

Жауынгерлік жарақтың тағы бір маңызды бөлігі – дулыға. Ол басты соққыдан қорғаумен қатар, айырым белгісі қызметін де атқарған. Дулығаның пішіні, әшекейі мен жекелеген бөлшектері ұрыс кезінде өз жауынгерін қарсыластан ажыратуға мүмкіндік берген. Қимыл-қозғалысы шапшаң, шайқас барысы сәт сайын өзгеріп отыратын атты әскер ұрысында мұндай белгілердің маңызы ерекше болды.

Қалқан қорғаныс құралдарының біршама қолжетімді түрі саналған. Оны көбіне берік ағаштан жасап, сыртын былғарымен қаптап, металл бөлшектермен күшейткен. Ұрыстың басым бөлігін ат үстінде өткізген көшпенді жауынгер үшін қалқан мен найза қару-жарақтың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болды. Қалқан соққыны тойтарса, найза қарсыласқа арақашықтықтан шабуыл жасауға мүмкіндік беріп, екеуі шайқас үстінде бірін-бірі толықтырып отырған.

Белдік

Қазақ дәстүрінде белдік киімді буып тұратын қарапайым бұйым ғана емес, адамның әлеуметтік мәртебесін, әл-ауқатын және айналысқан кәсібін аңғартатын маңызды белгі саналған. Әсіресе жауынгерлік мәдениетте белдіктің атқаратын қызметіне, жасалу үлгісі мен безендірілуіне қарай бірнеше түрі қалыптасты.

Кемер белдік – көбіне сырт киімнің сыртынан тағылатын жалпақ әрі сәнді белдік. Ол киімді жинақы ұстап тұрумен қатар, иесінің қоғамдағы орнын танытатын сән-салтанат бұйымы қызметін атқарған. Белдіктің жасалған материалына, өрнегі мен әшекейіне, металл қаптырмаларының сапасына қарап, оны таққан адамның дәулеті мен мәртебесін шамалауға болған.

Кісе белдік, керісінше, күнделікті қажеттілікке бейімделген қызметтік бұйым еді. Оны жауынгерлер мен аңшылар кеңінен пайдаланған. Белдікке түрлі ұсақ заттарды сақтайтын қалталар, қапшықтар мен арнайы ілгектер бекітілген. Онда сапарға, аңшылыққа немесе жорыққа қажетті шақпақ тас, оқ-дәрі, пышақ және басқа да керек-жарақтар сақталған. Осы тұрғыдан алғанда, кісе белдік үнемі жол үстінде жүретін адамның күнделікті жабдығының ажырамас бөлігі болды.

Ілияс Оразалиннің айтуынша, қазақ қоғамында адамның сыртқы келбетіне айрықша мән берілген. Киімнің пішіні мен матасы, белдіктің түрі, қару-жарақ пен әшекей бұйымдар иесі туралы үнсіз тіл қатқан. Олар адамның жасын, әлеуметтік мәртебесін, дәулетін, кәсібін және қоғамдағы орнын танытатын өзіндік мәдени нышандар жүйесін құраған.

Тарихты танытатын құндылық

Музей жәдігерлері қазақ батырларының қару-жарағын бір-бірінен бөлек тұрған көне бұйымдар ретінде емес, тұтас мәдени жүйенің құрамдас бөлігі ретінде тануға мүмкіндік береді. Олардың бойында ұсталық өнер мен жауынгерлік тәжірибе, әскери стратегия мен көркемдік талғам, қоғамдық мәртебе мен ұрпақ жадында сақталған тарихи мұра тоғысқан. Бұл жәдігерлер үнемі қозғалыста өмір сүріп, туған жерін қорғауды тіршілігінің ажырамас мұратына айналдырған дала халқының болмысынан сыр шертеді.

Әрбір шоқпар, найза, қылыш пен сауыт – өз дәуірінің үнсіз куәгері. Олар жауынгердің қуаты қолындағы қарумен ғана емес, өзін, атын, айналасындағы кеңістікті және ұрыс сәтін меңгеру шеберлігімен өлшенген кезеңді көз алдымызға әкеледі. Дала шайқасында күш пен ептілік, төзім мен қырағылық, дәлдік пен сабыр бір-бірінен ажырамаған.

Сондықтан мұндай тарихи жәдігерлердің құндылығы тек зерттеушілер мен тарихшылар үшін ғана маңызды емес. Олар бүгінгі көрерменге дала өркениетінің ішкі әлемін тереңірек танытып, ерлік, ар-намыс пен жауапкершілік ұғымдарының халқымыздың өмір салтымен қалай біте қайнасқанын ұғынуға жол ашады. Бұл мұралар – өткеннің сарқыншағы емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, елдік рух пен тарихи сананы жаңғыртатын қастерлі аманат.

214
05.06.2026