ALTAI FEST: Димаш Құдайбергеннің концертіне 50 мыңнан астам көрермен жиналды

ALTAI FEST: Димаш Құдайбергеннің концертіне 50 мыңнан астам көрермен жиналды

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған ауқымды мәдени шараға өңір тұрғындарымен қатар, еліміздің барлық аймағынан және шетелден келген 50 мыңнан астам көрермен қатысты. Фестивальдің қорытындысы Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделді. Түркі әлемінің мәдени мұрасын ұлықтауға арналған халықаралық іс-шара аясында тоғыз мемлекеттің өнерпаздары өнер көрсетіп, поэзия кештері, ақындар айтысы, ұлттық спорт ойындары мен бәйгелер ұйымдастырылды.

Биылғы фестиваль қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналды. Поэзия кешінде еліміздің әр өңірінен келген ақындар Алтайдың табиғаты мен рухын жырға қосса, айтыс алаңында 12 суырыпсалма ақын сөз сайысына түсті. Сондай-ақ жыр мүшәйрасына қатысқан 16 ақынға 500 мың теңгеден қаламақы табысталды.

Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары да ерекше ықпал етті. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері мәдени шара бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, қоғамдық тәртіпті сақтау және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Әсіресе Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өткен гала-концерт күні адамдар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік ағынын реттеу және азаматтарға жедел көмек көрсету жұмыстары күшейтілді. Полиция департаментінің мәліметінше, фестиваль барысында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып, іс-шара барысында құқық бұзушылықтарға жол берілмеген.

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі ұлттық мәдениет пен әдебиетті, дәстүрлі өнер мен түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын насихаттайтын маңызды халықаралық алаң ретінде биыл да өз мәресіне жоғары деңгейде жетті.

81
14.07.2026