
«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен MOST Holding Қазақстандағы креативті экономика, инновациялық кәсіпкерлік және стартап-экожүйені дамыту бағытында алғашқы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қордың Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов пен MOST Holding бас директоры Павел Коктышев қол қойды.
Ынтымақтастық аясында тараптар креативті индустриялар, технологиялық стартаптар және инновациялық жобаларды қолдау бойынша бірлескен білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар салалық іс-шаралар өткізу, сараптамалық өзара іс-қимылды дамыту және кәсіпкерлерді қолдау бағытында жұмыс жүргізіледі.
Бұл серіктестік отандық креативті жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттырып, олардың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.