
Түрікменстанның Аваза аймағында бірнеше сағатқа дипломатиялық рәсімдер екінші кезекке ысырылып, ұлттық тағам, музыка, қолөнер мен кино өнері алдыңғы орынға шықты. Бұл жолы елдерді таныстыру үшін ұзақ келіссөздер мен ресми мәлімдемелердің қажеті болмады. Әр халықтың мәдениеті мен болмысын ұлттық тағамдары, ою-өрнектері, дәстүрлі аспаптарының үні мен экрандағы оқиғалар танытты.
8 қазанда Түрікменстанның Аваза ұлттық туристік аймағында өткен халықаралық іс-шаралардың мәдени бағдарламасы өнердің бірнеше саласын тоғыстырды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттерінің басшыларымен бірге ұлттық тағамдар фестивалін тамашалады. Мұнда әр елге өзін ресми деректер мен көрсеткіштер арқылы емес, ұлттық мәдениеті мен дәстүрі арқылы таныстыруға мүмкіндік берілді.
Қазақстан бірнеше тақырыптық бөлімнен тұратын ұлттық павильонын ұсынды. Онда еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен бүгінгі жетістіктері қатар көрініс тапты. Өткен мен бүгінді сабақтастырған бұл көрме қазақ мәдениетінің тарихи тамырынан ажырамай, заман ағымына сай дамып келе жатқанын аңғартты.
Мұндай тәсіл дәстүрлі мәдениеттің табиғатын тереңірек тануға жол ашады. Өйткені ұлттық ас мәзірі тек тағам түрлерімен шектелмейді, қолөнер де сәндік бұйым жасаудан әлдеқайда кең ұғымды қамтиды. Сол сияқты музыка да концерттік нөмір ғана емес. Олардың әрқайсысында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүр, халықтың тұрмыс-тіршілігі, сұлулыққа деген талғамы, қонақжайлық пен татулық туралы түсінігі сақталған.

Дәм арқылы танылған мәдениет
Фестивальдің негізгі бөлігі ұлттық тағамдарға арналды. Қонақтарға дайын ас қана ұсынылып қоймай, аспаздар дәстүрлі тағамдардың қалай әзірленетінін де көрсетті.
Мұның өзіндік мәні бар. Ұлттық тағамның дайындалу жолы көбіне сол астың қалыптасқан ортасымен, отбасы тарихымен және тұрмыс салтымен тығыз байланысты. Ас әзірлеу тәсілі, жұмыстың реті, тағамды дастарқанға тарту әдебі – мұның бәрі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінің бір бөлігі.
Авазадағы фестиваль ұлттық тағамдарды дәл осы қырынан, яғни ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан материалдық емес мәдени мұра ретінде танытуға мүмкіндік берді.
Фестивальде Түрікменстан өзінің ұлттық дәстүрлерін кеңінен таныстырды. Елдің ұлттық павильонында бақша өнімдері мен жеміс-жидектер, нан-тоқаш өнімдері, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары және әйгілі түрікмен кілемдері қойылды. Сондай-ақ қонақтар жергілікті ұлттық тағамдардың әзірлену барысын тамашалады.
Ұлттық ас мәзірін таныстыру әдеби-сазды «Оғыздар» («Огузлар») қойылымымен жалғасты. Одан кейін қонақтарға фестиваль алаңында тігілген «Ak öý» атты ақ үйде дәстүрлі дәм ұсынылды.
Осылайша, ұлттық тағамдар көрмесі біртіндеп халықтардың мәдениеті мен тұрмыс-салтын жан-жақты танытатын тағылымды шараға ұласты.
Домбыра күмбірлеген сәт
Авазадағы мәдени бағдарлама музыка мен би өнеріне ұласты.
Субұрқақтар кешенінің аумағында ТМД елдері өнер шеберлерінің концерті өтті. Қазақстан атынан Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студент-домбырашылар ансамблі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнер көрсетті.
Бұл екі ұжымның бір сахнада өнер көрсетуінің өзіндік мәні бар. Домбыра – қазақтың музыкалық мәдениетін айшықтайтын, ұлттық өнеріміздің терең тамырын танытатын қасиетті аспап. Ал кәсіби сахналық би халықтың қимыл-қозғалыс мәнері мен көркемдік танымының бүгінгі өнерде қалай жаңғырып, дамып келе жатқанын көрсетеді.
Концертте қазақстандық өнерпаздар М. Е. Пятницкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс халық хорымен, Беларусьтің «Песняры» ансамблімен, «Хорошки» хореографиялық ұжымымен, түрікмен орындаушыларымен және Достастық елдерінің өзге де өнерпаздарымен бір сахнада бас қосты.
Осындай сәттерде мәдениеттер арасындағы байланыс сахна төрінде нақты көрініс табады. Түрлі елдердің музыкалық мектептері, фольклорлық дәстүрлері мен орындаушылық мәнерлері бір концертте тоғысып, әр халықтың өнердегі өзіндік қолтаңбасын танытады.
Қазақ тарихы кино тілімен өрілді
Авазадағы мәдени жүздесудің тағы бір маңызды бөлігі кино өнеріне арналды.
Мұнда ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында ұйымдастырылған «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты телевизиялық фильмдер байқауы қорытындыланды. Байқаудың басты тақырыбы ретінде жылқы бейнесінің таңдалуы кездейсоқ емес. Еуразия халықтарының көпшілігі үшін жылқы тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлігі ғана емес, тарихи сабақтастықтың, атқа міну мәдениетінің және еркіндік рухының нышаны саналады.
Байқауда Қазақстан атынан режиссер Темірбек Аманжолдың «Ева. Батыр қыз» фильмі ұсынылып, үшінші орынға ие болды.
Туындының басты кейіпкері – тағдыры ұлттық ат спортымен тығыз байланысты көкпаршы қыз Ева Жигалина. Режиссер үшін бұл фильм алғашқы шығармашылық жұмыс болды. Бір адамның өмір жолын арқау еткен автор бүгінгі қоғам үшін маңызды сауалдарға жауап іздейді: неліктен атқа міну дәстүрі ХХІ ғасырда да адамдарды баурап келеді және ұлттық мәдениет өткеннің ескерткішіне айналмай, қазіргі өмірмен қалай сабақтаса алады?
Осы тұрғыдан алғанда, «Ева. Батыр қыз» фильмі Авазадағы мәдени бағдарламаның негізгі мазмұнымен ерекше үндесті.
Өйткені ұлттық павильон да, домбыра үні де, дәстүрлі тағамдар мен кино туындылары да бір ақиқатты аңғартты – халықтың мәдени мұрасы бүгінгі өмірмен біте қайнасқанда ғана өз жалғасын табады.
Байқаудың бас жүлдесі ресейлік режиссер Роберт Францевтің «Ахалтеке сәйгүлігі – ұлт қазынасы» фильміне берілді. Бірінші орынды түрікмен режиссері Рахымберді Аннагулыевтың «Әке мұрасы» туындысы иеленді. Екінші орын әзербайжандық режиссер Мирсадық Ағазаденің «...Қарабақтың алтын аттары...» фильміне бұйырды.

Дипломатияның өзгеше тілі
Аваза бірнеше күн бойы маңызды саяси кездесулер өткен мекенге айналды. Алайда ресми келіссөздермен қатар мұнда өзгеше сипаттағы мәдени жүздесулер де ұйымдастырылды. Олардың ерекшелігі – халықтарды бір-біріне жақындататын өнер тіліне аудармашының да қажет еместігінде.
Әр мемлекет өзін ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары арқылы таныстырды. Дәстүрлі тағамдардың дәмі, музыканың әуені, бидің қимыл-қозғалысы, қолөнер шеберлерінің туындылары мен экрандағы оқиғалар әр халықтың тарихы мен дүниетанымынан сыр шертті.
Қазақстан бұл мәдени шарада ұлттық өнерінің сан қырын көрсете білді. Ұлттық павильондағы тарихи мұрадан бастап жас домбырашылардың өнеріне, кәсіби би ұжымының шеберлігі мен заманауи деректі киноға дейінгі туындылар еліміздің мәдени байлығы мен шығармашылық ізденістерін жан-жақты танытты.
Мұның бәрі дәстүрлі мәдениеттің өткен күннің естелігі ғана емес, бүгінгі өмірдің де ажырамас бөлігі екенін көрсетті. Ғасырлар қойнауынан жеткен әуендер, дала өркениетінің бейнелері мен ұрпақтар сабақтастығы қазіргі өнерден өз орнын тауып, Қазақстанды әлемге танытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып келеді.