
Шұғыла Ешен 24 жасында көшеде жұрттың өзін танығанын да, бір киножобаның артынан екіншісі жалғасқанын да, өз есімінің Golden Globes-пен қатар аталғанын да көріп үлгерді. Әйтсе де актриса мұның бәрін сырт көз күткеннен әлдеқайда сабырмен қабылдайды.
«Мен өзімді әлі де жолдың ең басында жүргендей сезінемін», – дейді ол.
Шұғыланың Ташкентте алған марапаты туралы әңгімені де, бәлкім, дәл осы сөзден бастаған жөн болар.
Орталық Азия мен Кавказдың кино және телевизия өкілдерінің басын қосқан алғашқы Golden Globes Silk Road Tribute Gala кешінде қазақстандық актриса Beacon Award арнайы марапатына ие болды. Бұл сыйлық өңірдегі кино өнерінің жаңа буынын танытатын жас актерлерге беріледі. Шұғыла осы марапатты алған алғашқы қазақстандық атанды. Онымен бірге Beacon Award армян актері Самвел Тадевосянға да табысталды.
Ұйымдастырушылардың бұл шешімі Шұғыланың өзі үшін күтпеген жаңалық болды. Ол өңірдің жас таланттарының арасынан таңдау өзіне түскенін салтанатты рәсімге шамамен бір ай қалғанда білген.
Бүгінде оның есімі отандық жаңа киноның ең елеулі жобаларымен қатар жиі аталады. «Шекер. Соңғы мүмкіндік», «Қайтадан», «Ғашықпын саған», «Жеті қарақшы», әзірленіп жатқан «Жеті ата» – бұл тізім тез толығып келеді. Сырт көзге оның шығармашылық жолы шапшаң өрлегендей көрінгенімен, осы табысқа жеткенше актерге тән қалыпты жолдан өтті. Жылдар бойы оқыды, театр мектебінде шыңдалды, кастингтерге қатысты, шағын рөлдерді сомдады, кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдірді.
Шұғыла Астанада туып, Алматыда өсті. Ол актерлікке өнерлі әулеттің жолын жалғап келген жоқ: әкесі – журналист, анасы – экономист. Әуелі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы театр колледжінде, кейін академияның өзінде оқыды. Жалпы, Қуаныш Керімқұлов, Тұңғышбай Жаманқұлов және Дәрия Жүсіптің шеберханаларында жеті жыл бойы актерлік өнердің қыр-сырын меңгерді.
Актрисаның еске алуынша, әкесі қызының таңдауына сақтықпен қараған. Ол бұл мамандық иесінің жолы түрлі жағдайларға қаншалықты тәуелді болатынын түсінген. Ал анасы, керісінше, жүрек қалаған жолмен жүруге кеңес беріпті.
Кейін Шұғыла қателесуден қорықпауды отбасынан үйренгенін айтады.
Бұл қасиеті көп ұзамай-ақ кәдесіне асты.
Ол колледжде оқып жүрген кезінен-ақ кино кастингтеріне қатыса бастады. Он жеті жасында Олжас Нұрбайдың «Соққы» телехикаясындағы басты рөлге іріктелді. Бұл жоба жас актрисаның алғашқы елеулі жұмыстарының біріне айналып, кәсіби оқуын аяқтамай тұрып-ақ түсірілім алаңында тәжірибе жинауына мүмкіндік берді.
Осы кезде оның актерлік өмірінің тағы бір арнасы – театрдағы жолы да қатар өрістеп жатты.
Бүгінде Шұғыла Ешен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етеді. Оның сахнадағы алғашқы жұмыстарының бірі – Ақберен Елгезектің шығармасы бойынша қойылған «Болмаған балалық шақ» спектакліндегі Олежка есімді ұл баланың рөлі.
Кино мен театрды бір-біріне қарсы қоймау – оның берік ұстанымы.
Кинода ірі план арқылы кейіпкердің күйін болмашы қимылмен, көзқараспен, кідіріспен жеткізуге болады. Ал сахна образды өзге ауқымда сомдауды, бір рөлді қайта-қайта, әр кеште сәл өзгеше ойнап шығуды талап етеді. Жас актриса осы екі мектепте қатар шыңдалып жүр. Қазіргі жұмыс кестесіне қарағанда, әзірге екеуінің бірінен де қол үзбек емес.
Оның алғашқы үлкен кәсіби жетістігі халықаралық марапаттан бұрын келді.
«Шекер. Соңғы мүмкіндік» фильміндегі Диана рөлі үшін Шұғыла Қазақстан киносыншылары қауымдастығының «Екінші пландағы үздік актриса» аталымындағы сыйлығын алды. Театрдағы еңбегі үшін де «Altyn saqa» фестивалінде марапатталды: 2025 жылы «Үміт» аталымында жеңсе, бір жылдан кейін ұлттық классикадағы бейнесі үшін жүлде иеленді.
Beacon Award марапатына ол осы жетістіктерден кейін ие болды.
Golden Globes ұйымы Шұғыланы Silk Road Tribute Gala лауреаттарының қатарында таныстырғанда, дәл осы еңбектеріне – театрдағы жұмысына, киносыншылардың ұлттық сыйлығына және толығып келе жатқан фильмографиясына арнайы тоқталғаны назар аударарлық. Оның халықаралық деңгейде танылуына бір ғана көпшілікке мәлім фильм емес, соңғы бірнеше жылда атқарған еңбегінің жиынтығы себеп болды.
Ал қалың көрерменге танылуына мүлде басқа туынды жол ашты.
Шұғыланың айтуынша, көшеде жұрт оны әсіресе Еңлік рөлін сомдаған «Ғашықпын саған» мелодрамасынан кейін жиі тани бастаған. Бір қызығы, осы көрермендердің күтпеген жерден едәуір бөлігін балалар құрапты. Кішкентай көрермендер актрисаның жанына келіп, тіпті фильмдегі әнді шырқап береді.
Ал «Қайтадан» картинасы көрермен арасында үлкен табысқа жеткенімен, актрисаның өзін жұртқа дәл осылай таныта алмады.
Осы айырмашылықтың өзі актерлік кәсіпте не боларын алдын ала болжау қиын екенін көрсетеді. Көп көрермен жинаған ауқымды жобаға қатысуың мүмкін, бірақ жұрттың сені бірден тануына күтпеген жерден мүлде басқа рөлің себеп болады.
Шұғыла әзірге өзі сомдаған кейіпкерлердің ешқайсысын сүйіктім деп атамайды.
Бірнеше елеулі рөлді сомдап үлгерген актрисадан мұны есту қызық. Алайда оның сөзінен көңілі қалғаны байқалмайды. Қайта, шығармашылық жолындағы ең басты кейіпкерін әлі кездестірмегендей әсер қалады.
Ол күрделі мінезді кейіпкерлерді сомдағысы келеді.
Тарихи кино, соғыс драмасы, комедия – Шұғыла бір ғана бағыттағы рөлдермен шектелгісі келмейді. Оны әсіресе болашақта басты кейіпкерге қарсы тұратын тұлғаның бейнесін сомдау мүмкіндігі қызықтырады. Ол рөл үшін сырт келбетін өзгертуге дайын әрі бұрынғы бейнелерінен мейлінше өзгеше кейіпкерлерді әдейі іздейді.
Оның қазіргі фильмографиясына көз салсаңыз, бұл тілегін түсіну оңай. Актриса аз ғана уақыт ішінде бүгінгі өмірді арқау еткен драмадан романтикалық киноға және жанрлық жобаларға ауысып үлгерді. Алдағы жылдары өзі сомдайтын рөлдердің ауқымы одан әрі кеңеюі мүмкін.
Оның жұмысы енді Қазақстан нарығымен де шектелмейді. Шұғыла Қырғызстанның бір жобасына түсіп, Өзбекстаннан ұсыныс алды әрі халықаралық кинода жұмыс істегісі келетінін ашық айтып жүр.
Сонымен қатар театрға да оралып отырады.
Қазір оның алдындағы жаңа міндеттердің бірі – Джульетта бейнесі. Ғабит Мүсірепов атындағы театрда «Ромео мен Джульетта» қазақ және ағылшын тілдерінде дайындалып жатқандықтан, актерлер классикалық мәтінмен жұмыс істеумен қатар, Шекспир тілінде сөйлеуге де машықтанып жүр.
Осы жолдың өзінде символдық мән бар секілді.
Бірнеше жыл бұрын ғана ол кастингтерге барып жүрген студент еді. Кейін алғашқы түсірілімдерге қатысты, театрға келді, ірі қазақстандық фильмдерге түсіп, кәсіби марапаттарға ие болды. Енді оның шығармашылық жолы Golden Globes секілді халықаралық алаңмен жалғасып, сахнадағы келесі міндеті әлем драматургиясының ең әйгілі әйел кейіпкерлерінің бірін сомдау болып отыр.
Әйтсе де Шұғыланың өзі қазіргі кезеңді шығармашылығының шыңы деп қабылдағысы келмейді.
Оның өнердегі жолының ең қызықты тұс та, бәлкім, осында шығар.
Golden Globes Beacon Award халықаралық кино индустриясы Орталық Азия мен Кавказ өнерпаздарының жаңа буыны деп қарайтын жас таланттарға арнайы арналған. Бұл марапат аяқталған шығармашылық жолдың қорытындысы үшін емес, қазірдің өзінде байқалған әлеует үшін беріледі.
Сондықтан Шұғыла Ешеннің жолындағы бұл марапат – нүкте емес, үтір.
Алда – жаңа фильмдер, жаңа елдер, Джульетта, әлі жазылмаған рөлдер мен актрисаның өзі әзірге тек армандап жүрген кейіпкерлер.
Ал қазіргі табысы ол үшін, бәлкім, ең маңызды жайтты растады: қазақстандық кино мен театрдың жас буыны тудырған хикаялар елден тыс жерде де барған сайын көбірек назар аудартып келеді.
Шұғыланың өз сөзіне сенсек, оның ең басты рөлдері шынымен де әлі алда.