«Астана Операда» Абайдың 180 жылдығына арналған концерт өтеді

«Астана Операда» Абайдың 180 жылдығына арналған концерт өтеді

Олардың алғашқысы 2 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда өтетін «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті болмақ.

Концерттің орындаушысы және идеялық шабыт берушісі Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов. Онымен бірге бұл музыкалық кеште халықаралық конкурстардың лауреаттары Нұрсұлтан Әнуарбек және Сара Садығұлова қатысады. Фортепиано партиясы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембірова.

Осы кеште К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында композитор Еркеғали Рахмадиевтің Абай Құнанбайұлының сөзіне жазылған романстарының циклі алғаш рет орындалады. Шахимардан Әбілов бұл жеті романстың қазақ классикалық романсы тарихындағы алғашқы вокалдық цикл екенін атап өтті.

«1981 жылы консерваторияда өзімнің концертімді дайындау кезінде мен Еркеғали Рахмадиевтің Абайдың әйгілі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңіне жазған романсын таптым, оны ол студенттік жылдары жазған екен. Бұл романс сол күйінде жарияланбай және орындалмай қалды. Оның әуені кең, дыбысы жоғары, ал вокалдық партия жоғарғы октаваларда қуатты тыныс алуды талап етеді. 1986 жылы мен оны алғаш рет Композиторлар одағының пленумында орындадым. Менің орындауымды естіген Еркеғали Рахмадиев оның шығармасына жаңа өмір сыйлағаным үшін маған алғысын білдірді. Осыдан шабыт алған ол менің дауысым үшін арнайы Абайдың өлеңдеріне тағы жеті романс жазды. Осылайша қазақ кәсіби музыкасы тарихындағы ұлы ақынның өлеңдеріне жазылған 7 романстан тұратын алғашқы вокалдық цикл жасалды», – деп әңгімеледі Шахимардан Әбілов.

Еркеғали Рахмадиевтің әйгілі романстар цикліне Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайранжұртым», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да...», «Сіз – қырғауыл жез қанат», «Қара қатын», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа...» өлеңдері енді.

Қазіргі уақытта опера әншісі Шахимардан Әбілов пен «Астана Опера» театрының музыкалық кеңесшісі Раушан Бескембірова осы жеті романсты екі моноцикл форматында көпшілікке ұсынуға дайындап жатыр. Сонымен қатар, бағдарламада Нағым Меңдіғалиевтің Абайдың сөзіне жазылған төрт романсы: «Мен сәлем жазамын», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан ариялар, сондай-ақ Сүлеймен Мұхамеджанов, Мансұр Сағатов және Евгений Брусиловский жазған ақынның өлеңдеріне жазылған әндер орындалады.

272
24.02.2025