
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында XI–XIX ғасырлар аралығында еуропалық және араб картографтары жасаған 50-ден астам туындыны біріктірген Қазақстанның тарихи карталар галереясы жұмыс істейді.
Экспозиция бірнеше ғасыр бойы Ұлы дала аумағы туралы географиялық таным мен түсініктің қалай қалыптасқанын көрсетеді. Карталарда қазіргі Қазақстан жерінде орналасқан көне қалалардың, өзендердің, дала аймақтары мен басқа да географиялық нысандардың тарихи атаулары белгіленген.
Бұл материалдар қазақ мемлекеттілігінің тарихын, тарихи географияны және Орталық Азиядағы этносаяси үдерістерді зерттеуде маңызды дереккөз саналады. Экспозиция ерте кезеңдегі шартты сызбалардан XIX ғасырдағы неғұрлым дәл карталарға дейінгі картографияның даму жолын таныстырады.
Галерея тарихи жер-су атаулары мен картографиялық мұраны зерттеуге арналған ғылыми-ағартушылық алаң ретінде де қызмет етеді. Ашылған сәттен бері оны 2,5 мыңға жуық адам тамашалаған. Олардың қатарында ғалымдар, оқытушылар, студенттер, дипломатиялық корпус өкілдері, қоғам қайраткерлері, елорда тұрғындары мен қонақтары бар.
Жоба Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға бағытталған. Сондай-ақ келушілерге Ұлы дала бейнесінің әлемдік картографияда қалай қалыптасқанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.